Әріптесім Б. ылғи да тосын, күтпеген ойлар келтіреді. Ылғи да күмәнданып жүретін, сын тұрғысынан ойлайтын Б. үйреншікті жәйтке басқаша қарайды, мәселені басқа қырынан көреді. Осылайша елді ойланырады, толғандырады, тіпті әбіржітеді де, ренжітеді де…
Мұғалім қауымы туралы ол кісінің пікірі мынандай:
– Біздің еліміздің мұғалімінің бір ерекшелігі бар – өз жағдайының мүшкіл екендігін айту.
Мен кеудесін қағып, «Мен – ұстазбын! Мен дүниедегі ең сауапты кәсіппен айналысамын! Барлық адам – көсем де, ғұлама да, дана да, шебер де, басшы да – біздің қолымыздан шығады! Мен мұғалім болғаным үшін Аллаһқа рахмет айтамын, тағдырыма ризамын!» деп мақтанған мұғалімді көрген жоқпын десем де болады.
Керісінше, мұғалім өзін төменшіктегенді ұнатады, ылғи да көпшілік алдында наз мен мұңын шағады, кәсібінің қиындықтарын тізбектейді, екі көзден жас ытқытып «жылайды»: «Мұғалім деген бір бейбақ қой! Қоғамда алатын орнымыз төмен! Жалақымыз да мардымсыз! Біз мектепте тексерістен көз ашпаймыз! Қағаздың астында көміліп қалғанбыз! Басқа мамандық иелері жұмыстан шығып, қызметін ұмытса, біз болсақ үйге келгеннен кейін де жұмысты ұмытпаймыз: үйде де сабаққа дайындаламыз! «Нормальный» адамдар ұйқыға кеткенде, біз байғұс сабақ жоспарын жазамыз!»
Мұғалімдердің назы «Керемет кезде тусақ та, Керемет шақта тұрсақ та, Білдірмей іштен тынсақ та, – Біздің хал мүшкіл бұл шақта!» деп Мұқағали айтқанның ар жақ-бер жағында.
Тыңдап отырсаң, мұғалімдердің халі нашар екендігіне шын сенесің. «Расында да мына бейшаралардың жағдайы төмен екен ғой! Алда, байғұстар-ай, көрген күндеріңді басқа адамның басына бермей-ақ қойсын! Шынымен де бұлай итпектеп жүргенше, басқа жұмысқа неге ауысып кетпейді екен?!. Әй, енді үлкен кісілер балаларыма «Мұғалім бол!» деген бата бермесе екен!» деп тілейсің.
Ал мұғалімдер болса басқаларды осы ойға көндіргісі келетіндей: егер оларды аясаң, айтқанына қосылып, хал-ахуалдарының қиындығын айтсаңыз («Дұрыс айтасыздар! Қоғамда мұғалімнің алатын орны сын көтермейді. Оларға бәрі де төре! Рас айтады: бүгінде мұғалім – мемлекеттік қызметкерлердің құлы! Қызметтері шын қиын: бәріне де бүгінде мұғалім жауап береді!» деген секілді уәж келтіріп) – мұғалім соған риза болады, еміренеді.
Ал егерде «Мұның бәрі де бекер сөз! Ауылда мұғалімнен жоғары жалақы алатын ешкім жоқ! Кейбір мұғалімдер 150 000 теңге мөлшерінде жалақы алады!» деп, немесе «Сұлтанмахмұт кезінде «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп бекер айтпаған болар: мұндай жағдайға мүмкін мұғалімдердің өзі кінәлі шығар?! Егер мұғалім оқушыларына шын бедел болып, биік үлгі-өнеге бола білсе, онда оқушы да, ата-ана да мұғалімнің айтқанын екі етпейтін шығар? Бұған қоса неліктен мұғалімдер өз құқықтарын қорғамайды? Кез келген бастықтың айтқанымен неге жүреді? Кез келген тексерушінің алдына неліктен құрақтай жапырылып, құлайды?! Мүмкін кәсіби біліктілігінің төмендігінен болар? Оқушының да, ата-ананың да мұғалімге тіксінуі – мұғалімнің өзін жоғары тұрғыдан қоя білмеуінен!» деген дәлелдерді келтіріп, олардың айтқанына қарсы уәж айтып шықсаңыз, – мұғалімдер ренжиді.
Сонда қалай болғаны: мұғалімдер өздерін төмендетіп, жерге тұқыртқанды жақсы көре ме? Елдің алдында өздерін кемшін көрсеткісі келе ме? Онысы не? Неліктен олай? Мұғалімдер осы арқылы қандай мақсат тұтады, не үшін қиыншылықтарын айтып, «жылай» береді? Әлде «Жылай берсе – соқыр көзден де жас шығады» деген қағиданы ұстана ма? Олардың бұлай айтқанынан қоғамда да мектеп пен мұғалімдер туралы жағымсыз пікір қалыптасты емес пе?
Осындай ойларды Б. жиі айтады.
Бастапқыда мен мұндай әңгімені жақтырмай қабылдаушы едім. «Өтірігі жоқ нәрсе ғой: мұғалімнің қоғамда алатын орны төмен! Бұл – ақиқат! Бүгінде мұғалім болу оңай емес! Елдің барлығы да мұғалімге міндетсінеді, тіксінеді! Қағаз астында қалған, тексерістен көз ашпайтын мұғалімдерде не қауқар, не үміт бар дейсіз?!» деп. Менің көзімше мұғалімдер өз тауқыметтерін айта бастаса, мен оларға түсіністікпен қарап, олардың сөздеріне үн қосып, келісетінмін. «Кез келген қоғамның деңгейі оның мұғалімдерге деген көзқарасымен өлшенетін шығар? Біздің қоғам мектеп пен мұғалімді әспеттемесе – қоғамымыздың даму бағыты қалай болар екен?» деп іштей қынжылатынмын ..
Бірде Б. екеуміз бір мектептің (қай жерде екендігін айтпай-ақ қояйын: бәрібір емес пе қандай мектеп екендігі?) ұжымымен кездестік. Біз ұстаздарға өзгерістерді мектепке енгізудің қарқыны баяулау екендігі туралы айтып едік, бір жасы үлкендеу мұғалима былай деді: «Тексерістерден көз аша алмай келеміз!». Екінші дәл сол секілді апай да мынандай уәж келтірді: «Қағаздың астында қалдық!»
Мен ол кісілерді аяп тұрмын («Алда байғұстар-ай, ә! Сау-тамтықтарыңыз қалмаған екен ғой! Сіздердің күндеріңіз қиын екендігін білемін!» деп), ал Б. Болса бірінші апайға сұрақ қойды:
– Ол қандай тексерістер?
– Күні кеше ғана мектепке өрт сөндірушілер келіп кетті ғой! Олардың келетінін үш күн бұрын естігенмін! Үш күн жұмыс жасамадық, сол комиссияның келуін күттік!..
– Өрт сөндірушілер тура сіздің сабақтарыңызға кірді ме?
– Е, жоға! Кірген жоқ!
– Онда олар сізден бір қағаздарды талап еткен шығар?
– Жоқ, менен ештеңе сұраған жоқ…
– Сіз өрт сөндірушілерді көрдіңіз бе өзіңіз?
– Көрген жоқпын.! Олар тек директордың кабинетіне кіріп, басқаға назар аудармапты деп тағы естідім..
– Егерде өрт сөндірушілер тек директорға жолығып, сізбен шаруасы болмаса, сіздің сабақтарыңызға кірмесе, сізден ештеңе талап етпесе, онда қалай олар сізге өзгерістерді жүзеге асыруға бөгет болады?
Әлгі апай үндемей қалды.
Мен де ойланып қалдым. «Сонда қалай болғаны? Бұл апай «Тексерушілер келе жатыр! Ойбай, бәле болды: негізгі жұмысымызға кедергі жасайтын болды! Енді не істейміз! Енді не істейміз!» деп байбаламға салынып, үш күн «Комиссия! Комиссия!» деп сары уайымға салынып, ештеңе жасамай отырғаны ма? Алайда ол комиссияның бұл апайдың сабағына еш қатысы жоқ қой?.. Тексеріс – жұмыс жасамағандықтың себебі ме, әлде жұмыс жасамаудың сылтауы ма?»
Б. енді екінші апаймен әңгімелесті.
– Сіз соңғы қағазды қашан дайындадыңыз?
Апай сәл ойланып қалды да:
– Кеше, – деді.
– Ол қандай қағаз еді?
– Сабақ жоспарлары…
– Алайда сабақ жоспарларын жазу сіздердің негізгі міндетеріңіздің бірі ғой! Оны қағаз санатына қоспаңыздар!.. Басқа қандай қағаз жаздыңыз?
Апай енді қатты ойланып қалды. Б. біраз күтіп еді, мұғалім тарапынан жауап ала алмады…
Осы жәйттер мені де қатты ойландырды… Мен мектепте еш тексеріс болмайды және де мұғалімдер еш қағаз жазбайды деп айта алмаймын. Олар бар, болады да. Алайда кейбір мұғалімдердің айтуы бойынша, мектеп уақыты тек солармен өтетін тәрізді…
Неліктен көп мұғалімдер өз кәсібінің тек келеңсіз жақтарын келтіруге әуестеніп кеткен? Жараға жабысқан шыбын секілді мектептің тек жағымсыз жақтарына ғана назар аударумен шектеледі? Мұғалім жұмысының жақсы да қуанышты сәттерінің болмағаны ма? Мұғалім кәсібін тек жолы болмаған, еш сәттілік пен табыс көрмегендер, бақытсыздар ғана таңдай ма?
Неліктен егерде мұғалімді оның қызметіне жағымды әрі тиімді өзгеріс енгізетін бір игі жұмысқа тартсаң, ол бұл жұмысты жасаудың амалдары туралы әңгіме-дүкен құрмайды, тек сылтау айтып, ақталады: «Басқа көлденең жұмысымыз бастан асады: сайлау бар, ел аралау бар, комиссияға дайындалуымыз керек, қағаз жазуымыз қажет!» деп?
Неліктен мектеп пен мұғалім жұмысына арналған сайттарды ашсаң, – мұнда негізінен негатив пікірлерді оқисың: «Мектепте бәрі де жаман, нашар! Ойбай, аттан! Мұғалімдерді қырып жатыр, жойып жатыр! Тексеріс, қағаз, жиналыс! Жөнсіз талаптар! Бәрі де байғұс мұғалімге қожа! Мұғалімнің жұмысын жөнсіз көбейтіп жатыр! Құтқарыңдар!»?
Неліктен???
Мүмкін мұндай мұғалімдер пессимист шығар өмірдің жарқын сәттерін байқамайтын? Мүмкін бұл мұғалімдер өз кәсібін жеткілікті деңгейде жақтыра алмайтын, сүймейтін шығар? Онда неліктен бүйтіп құса болып жүргенше, бұл жұмысты тастап, жанына жағатын басқа жұмысқа ауыспайды?!.
Мүмкін мұғалім өз жұмысына жаңалық енгізуге еш қабілеті жетпейтінін сезіп, әу дегеннен бастап оларды болдырудың әдіс-тәсілдерін қарастырмай, жалма-жан олардан қалайша бас таруға болатындығын, оларды болдырмаудың амалдарын іздестіре ме?..
Осындай ойлардың соңғы кезде мені мазалап жүргені…
Сіздер қалай ойлайсыздар?..
Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Сенікі де дұрыс!!!