Толып жатқан тексерістер мен директордың жөнсіз тегеуріндеріне шыдамай, ашына көмек сұраған бір жас әріптесімізге мынандай жауап жаздым…
Түріктерде мынандай мәтел бар: “Сұлтандар келеді де кетеді. Ал Түркия қала береді”. Бізде бәрі керісінше: кезекті “сұлтан” (яғни, директор) “Түркияға” (яғни, мектепке) келеді де, оны өзінің пошымы бойынша өзгертіп тастайды, ойына келгенін жасайды, ешкіммен санаспайды да: «Қазаншының өз еркі…» дегендей…
Бүл дегеніңіз мынаны білдіретін шығар: 1) мектепте еш тұрақты әдет-ғұрып, дәстүрлердің жоқтығын білдіреді; 2) мектепте еш иық тірестірген ұжымның жоқ болып, ұстаз қауымының басы еш қосылмағанын көрсетеді.
“Көп түкірсе – көл”. Неліктен “Түркия” (мектеп ұжымы) жаңадан келген “сұлтанға” (директорға) төтеп тұра алмайды? Неге оны мектепте бұрыннан қалыптасқан мәдениетті (дәстүрлер, ел арасындағы қатынастар, т.б.). Ал егерде «сұлтан» «өзім білемге» салса, онда оны орнына қою керек! Мысалы, егер 20, 30, немесе тіпті 40-50 мұғалім өре түрегеліп, өз құқығын тайсалмай қорғаса, директор тұрмақ, тіпті аудан әкімін де орнынан жұлып тастауға болады ғой!..
Бұған қандай қарсы уәж бен сылтау айтасыздар? «Біздің дәтіміз оған шыдамайды, ондайға бара алмаймыз! Жігеріміз бен күшіміз жетпейді!» десеңіздер, онда осылай езіліп жүре беріңіздер! Әлде сіздерге бұл директорды басқа біреу жуасытып, мектептің бұрыннан ұстанатын тәртібіне бағындыруы керек пе? Ол жұмысты сіздерге ешкім де жасамайды! Өйткені бұның сіздерден басқа ешкімге де керегі жоқ! Оны не өзіңіз жасайсыз, не бұрынғыдай бұғып жүресіз. Директордың бетіне айта алмай, тек сыртынан ғана жамандап жүресіз. «Бұға берсең – сұға береді». Осыған дайын болыңыз!
Маған бір қатты ұнағаны мынау болды: ОҚО, Сайрам ауданының бір топ ұлты өзбек мектеп директорлары бірігіп, адвокат жалдап алған. Енді олар еш тексеруден, жоғары жақтың қоқан-лоқысынан еш қорықпайды.
Бәріміз де солай жасамаймыз ба? Әйтпесе, бәрімізді де, Төле бидің тәмсілінде келтірілетіндей, қосылмаған жебелер секілді бытырлатып біртіндеп сындырмай ма?
Бірлік – қазақ халқының ұлттық идеясы екендігі есімізде шығар?!. Сондықтан да бүгінгі күннің негізгі ұраны осы болар: “Бүкіл Қазақстанның ұстаздары, бірігіңдер!”
Менің ерекше қынжылатыным да осы: қоғамның көзі ашық, сауатты бөлігі үстаздар емес пе? Ендеше неліктен олар басын қоса алмайды? «Ет сасыса – тұз себем, тұз сасыса – не себем?» деген осы ма? Мұғалім қауымы басын бір мектеп ауқымында қоса алмаса – қалған қазақ не істемек? Бас қосып, тізе біріктірудің орнына бір-бірімізді даттап, бір жерімізге ши жүгіртіп, сырт көзге күлкі болып жүре береміз бе? «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос!» (Абай) екендігін ұмытқанымыз ба?..
Қазақтың қазіргі күйі қандай?
Күшің кеткен баяулап,
Жүрсің атсыз жаяулап,
Ит надандық желкеңде
Шабайын деп аңдып тұр,
Қылышын ұстап таяулап, – деп Мағжан 100 жыл бұрын жырлағандай, қаншама уақыт тағы да сол құрсаудан шыға алмай жүрер екенбіз?!.
“Пәленбай мектеп ұстаздары” деген қоғамдық бірлестік құрып, оны облыстық әділет бөлімінде тіркесек, сол арқылы заңдық тұлғаға неге айналмасқа? “Біреуімізге тиісіп көріңдер – бәріміз де өре түрегелеміз!” деген ескертпе жасап отырсақ, бізді қандай жау алар екен?!.
Демократиялық елдерде азаматтық қоғам орныққан. Ол дегеніңіз мемлекеттің әр азаматы осы секілді бірнеше қоғамдық бірлестіктердің мүшесі. Біреуіне тисіп қалсаң – бүкіл қоғамдастық аяғынан тік тұрып, айғай-шу көтереді, дабыл қағады. Содан кейін қысым көрсетушілердің жаман пиғылдары су сепкендей басылады: бір адамға тиіскен қалай, бүкіл қоғамға тиіскен қандай?..
Бұған қоса біздің тамаша одақтастарымыз бар емес пе? Ата-ана қауымы мен оқушылар! Неліктен олардың да басын қоспаймыз? Неліктен олармен үш «ССС»-ке негізделінген қарым-қатынас (Сенім+Сыйласымдық+Сүйіспеншілік/немесе Симпатия/) құру арқылы оларды өзіміздің жақтастарымызға айналдырмасқа?!. Біреу бізге қысым жасағанда бізді жақтау үшін ата-ана қауымы да тік тұрса – бізге кім азуын батыра алады? Естеріңізде ғой, өткен жылы Ақтау қаласының әкімі бір мектептің қыр соңынан түсіп, директорын орнынан тайдырғысы келгенде, ата-аналар директорды жақтап көтерілгенде, әкімнің өзі орынан айрылып қалғаны?..
«Аңқау елге арамза молда». «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Аузымызды буып, үндемей жүре берсек, қарсылық көрсетпесек – күнде таяқтың астында боламыз.
Берік есімді әріптесім армия күндерін есіне түсіре былай деп еді:
«Армияда көнгіш, жуас жігіттер бір немесе кейде тіпті екі жыл басқа солдаттарға қолбала болады: соларға қызмет жасайды, солардың жұмысын жасайды, соларға тәуелді болады. Кез келген солдат оларды жұмсап отырады, өйткені олар айтқанды екі етпейді («бір сигарета тауып кел» деп жіберсе, олар екі-үш темекі алып келеді), қарсы тұрмайды, көнбіс келеді.
Ал қарсы шығатын, өз құқығын қорғайтын жігіттерге ешкім тиіспейді десек те болады. Рас, олардың бірінші рет мінез көрсеткенде – таяқ жеуі әбден мүмкін және де олар алғашқы алты ай қиындықты көп көреді. Алайда одан соң олар секілді айтқанды жасамайтын, тіл алмайтын, қырсық-қыңырлармен жасы үлкендер тіпті де байланысқысы келмейді: қалған армия уақытын бұл жігіттер еш қысым көрмей өткереді».
Мектепте де солай шығар? Алматы қаласының бір мектебінде қазақ ауысымының мұғалімдері маған өкпе-назын айтып еді: «Бізді қатты тексереді! Зор талаптар қояды! Ал орыс ауысымын тіпті де тексермейді! Тексерушілер оларға келіп, бір қағаздарды сұраса – олар құжаттар жазылған диск ұсынады да: «Осында сіздер сұрағанның бәрі де бар!» дейді. Комиссия сонымен қанағаттанады. Ал бізді асты-үстіне дейін тексереді: «Ананы әкел! Мынаны әкел!» деп. Бүгін «Мынауың дұрыс емес!», ал түзетіп жасағаның ертеңіне дұрыс болмай жатады. Бүгін құжаттар салынған папкалар қызыл түсті болуы керек деп шешсе, ертеңіне комиссияның басқа мүшесі папкалардың жасыл түсті болуы керек деп, кеше ғана жасағанымызды жоққа шығарады».
Бұған не дейсің? Бірінің алқымынан алып, қылқындырып, бір-бірінің бір жеріне ши жүгіртіп жатқан қазақ деймін. Өзімізді өзіміз жейміз, өйткені қалғандарға дауыс көтеруге дәтіміз жетпейді!..
Сондықтан да, құрметті мұғалімдер, кез келген заңсыз қысымға қарсыласу керек, өз құқығымызды қорғау қажет! Ал қарсыласудың ең тиімді екі жолы бар: сұрақ қою және түсіндіру. Сізге тізе батыруға тиеттенген адамға сұрақтар қойып, оның ниетін біліңіз:
– Неліктен менен мұны сұрап отырсыз?
– Бұның қандай заңдық негізі бар?
– Кімнің және қандай нөмірлі бұйрық?
– Мен неліктен бұлай жасауым керек?
– Неге бұлай деп шештіңіз?
– Мен мұны жасамасам – не болады? Неліктен олай?, т.б.
Жамбыл облысынан Дидар есімді бір әріптесіміз былай деп еді: «Мен заңдарды жақсы білемін. Қит етсе, заңдарға сілтеме жасап отырамын. Сондықтан да тексерушілер маған жақындай қоймайды «Мынау заңқой! Пәлесінен аулақ!» деп. Олар заң мен өз құқығын білейтіндерге қатты шүйлігеді. Маған тиіспейді».
Екіншіден, тексерушілерге жасағанымызды түсіндіруіміз керек. Ақталып емес, сылтау айтып емес. «Мен бұлай жасағанымның себебі мынада…» деп бастап, әрі қарай өз түсінігіміз бен көзқарасымызға, әдістемеміз бен ұстанған педагогикалық қағидаттарға сілтеме жасап, өзіміздің жұмысымызды дәлелдеуіміз керек.
Мүмкін армиядағыдай бір-екі рет таяқ жейтін шығарсыз, алайда кейінірек тексерушілердің сізге тиісуі екіталай.
Есемізді ешкімге жібермеуіміз керек!
Қалың елім, қалың кара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер, алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, – деп Мағжан айтқандай, өз елін аямаған, оған жақсылық тілеудің орнына оны қыспаққа алған ақымақтармен осылай ғана қарсы іс жасауымыз керек деп ойлаймын…
Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.