Алаштың ақиық ақыны Мағжан ұстазға осылай баға беріпті.
Білім мен тәрбие құсқа қос қанат қалай керек болса адамға да солай керек.
Оны беретін кім? Әрине, ұстаз. Мұғалім.
1985 жылы туған жерім, ыстық мекенім – күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын ауылым, бұрынғы Целиноград облысы, Теңіз ауданы, қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы Сарыөзен кеңшарындағы онжылдық орта мектептің сегізінші класын бітірген соң, соғыс және еңбек ардагері, қарт әкем маған «енді оқуыңды қалаға барып жалғастырасың» деді. Менің болашағымнан бірдеңе күтті ме, ол жағын білмедім, көп сөзге жоқ еді. Бірақ менің алдымдағы балалар да сегізінші класқа дейін ауылда, қалғанын қалада оқыған болатын. Сол дәстүрді бұзбайын деген шығар…
Қалада әжеміз бар…
Осылайша мен Ақмоладағы, ол кезде Целиноград қаласы деп аталады, Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттадым. Алғашқыда ауылдан келген қара домалақ балаға бәрі қызық көрінді, ауылдағыдай шағын мектеп емес, кең, жарық, екі қабатты зәулім ғимарат. Жаңа орта, басқа ұстаздар…
Ауылдағыдай тыныш өмір емес, қаланың ию-қию тірлігі, адамдардың көптігі, машиналар, базар, бәрі де таңсық, мәз болып мен жүрмін.
Бір күні класс жетекшім шақырды. Бардым.
– Сен Тілеубек Ысқақов деген кісіні танисың ба? – деп сұрады.
– Әрине, – дедім.
Ол кісі менің ауылдағы ұстазым. Бізге әдебиеттен сабақ берген деп айтып жатырмын.
– Онда былай, сол ұстазың бізге хабарласып, менің шәкіртімді қайтарыңдар деп айғайлап жатыр. Даусы да зор екен. Сені қайтармасақ, өзі келіп алып кетемін деді. Қалай қарайсың? – деді.
Апырым-ай, ә, ол кісінің менде несі бар екен деп таң қалдым. Жақсылық жасағысы келсе адам деген басқаша жасамай ма екен?
Сөйтіп, менің өмірімде бірінші рет қорқыныш пайда болды. Иә, расында да келіп алып кетсе не істемекпін? Мына әдемі мектеп, жаңа орта, қызық қала, жаңа достарым, сосын… сосын әнебір әдемі қыз… бәрі қалатын болды-ау…
Келмесе екен, ауырып қалса екен, тіпті балалықпен иә, иә балалықпен… өліп қалса екен деп те тілейтін болдым…
Содан бері мен отыз жыл өтіпті, ағамыз әлі тірі жүр.
Жетпіске келді!
Сөйтсем, бір қарағанда түсі сұсты болып көрінетін, бір жағынан өзім қорқып, аяғымды алдында еппен басып жүретін ұстазымның мен туралы басқа бір ойы бар екен. Мен оны қайдан білейін? Сол кездің өзінде-ақ ол кісі мен туралы «әдебиет жағынан бірдеңе шықса, осы баладан шығады-ау» деп ойлап жүреді екен. Бірақ енді ол ойын маған айтпаған. Бірақ маңайындағыларға айтып жүріпті. Оған себеп болған мынадай оқиға болатын.
Бірде әдебиет сабағы өтіп жатқан. Түс болып қалған кез. Интернаттың балалары қарындары ашып, терезеге телміріп, қоңырауды асыға күтіп отырғандарын ішім сезеді. Бірақ мен өзім жақсы көретін сабақ болғаннан кейін асығып отырғаным жоқ. Бір көзім ағайда, бір көзім кітапта. Ағай сабақ түсіндіріп жатыр. Класта шыбынның ызыңы естілетін тыныштық. Басқа уақытта у-шу болып класты басына көтеріп отыратын біз осы ағамыздың сабағында тым-тырыс бола қалатынбыз. Өйткені қорқамыз. Ағамыз – қатал. Түсі де сұсты. Бірақ алдыңғы партада отырып алған менің ойым дәл қазір басқада. Өйткені кеше интернатта бастаған бір кітапты тауыса алмай сабаққа ала келіп, соны оқып отырмын. Бұл кітап Сәкен Сейфуллин туралы жазылған бір ғалымның монографиясы болатын. Бұл кезде мен бар болғаны 6 кластың баласымын.
Оқудың қызығына түсіп кетіппін. Ақырын жаныма келген ағайды байқамай қалыппын.
Ағай ақырын менің жаныма келді де, оқып отырғаның не деп сұрады. Сасып қалдым. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Ағамыздың кейде қолына ұстаған таяқшамен бастан нұқып та қалатын кездері болады. Кітапты қолына ұстап әрі бері аударып, парақтап көрді де маған қайтарып берді. Сосын маған ерекше бір көзбен қарады. Жүзінің жылып кеткенін, бір ерекше нәрсенің жылт еткенін байқап қалдым.
Үндеген жоқ.
Кейіннен осы оқиға туралы ұстазым жүрген жерінде айта жүріпті. «Бар болғаны 6 кластың баласы. Оқып жүргені – монография. Монографияға 6 кластың баласы түгілі университеттің студенттерінің де тісі батпайды. Әй, бірдеңе шықса, осы баладан шығады» дейді екен сүйсініп.
Бір күні шақырып алып, қолыма «Абай жолын» ұстатқаны бар. Ап-ауыр екі кітап. Зілдей. Алғашқыда оқуын оқысам да түсіне қоймадым. Тілі де ауыр секілді. Енді алтыншы кластың баласының қауқары белгілі емес пе? Бірақ сонда да ақырына дейін оқып шыққаным есімде. Кейіннен «осы кітапты оқып шықшы» деп тағы да басқа кітаптарды әкеп беріп жүрді. Ақыры ақырын-ақырын ауылдағы шағын кітапхананың барлық кітаптарын оқып шықтым. Енді мен оқитын кітап қалмады.
Кейіннен бүкіл Теңіз ауданында бірінші болып Алматыдағы қазақ білімінің қара шаңырағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп кетіп, айды аспанға бір-ақ шығарғаным бар. Өйткені «қатардағы көп қойшының баласы, тамыр-танысы жоқ, ол бала қалай ғана КазГУ-ге түсіп кетті екен?» деп таң қалғандар көп болыпты. Менің бұл табысқа жетуіме аяулы ұстазым, кейін білдім, өзіме туыс ағам Тілеубек Сабырұлының сіңірген еңбегі зор еді…
Адам түгілі бір түйір дән де түскен жері құнарлы болса ғана өсіп, өнеді. Өнім береді. Ал адамның өмірінде туған жері, туып-өскен отбасы ерекше із қалдырады. Тілеубек аға өзінің нағашы апасы Шәрбан Алтыбайқызының есімін үнемі ілтипатпен еске алып жүреді. Апасы халық ауыз әдебиетіне жақын жан болса керек. Алғашқы ертегілерді, қисса, жырларды, аңыздарды сол кісінің аузынан естиді. Ал әкесі Сабыр ақсақал болса кітапты көп оқыған көзі ашық, көкірегі ояу азамат болыпты.
Міне, осындай ортадан шыққан Тілекеңнің әдебиет әлеміне қарай аяқ басуы заңды да еді. Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Қараегін жетіжылдық мектебін бітірген соң бала арманы оны Ақмоладағы педагогикалық училищеге алып келеді. Арман – ұстаз болу. Осы жерде Оспан Омаров, Рақым Қазыбаев, Назым Ахметжанқызы, Жұмағали Қыздарбеков сынды азаматтардың мейірімін көп көріп, ұлағатын молынан сезінеді.
Рас, шыны керек, талай ұстаздардың алдын біз де көрдік. Университте мүйізі қарағайдай, білімі телегей теңіз, атағы алты алашқа мәлім ұстаздар сабақ берді. Олардың алдын көру, дәрісін тыңдау дегеніңіздің өзі үлкен бақыт еді. Қазақ әдебиеті деген мұхиттай терең, Алатаудай асқақ. Шегі, шеті жоқ. Бірақ жамандағаным емес, заман ағымымен, бала-шаға қамымен жүргендерді де көрдік. Енді бес саусақ бірдей емес қой. Ішінде осыдан жиырма жыл бұрын жазған, әбден сарғайып кеткен қағаздарын сөмкесінен алып шығып, судыратып оқып беретіндері де болды. Қазір тіпті қиын заман туды. Екінің бірі оқитын болды. Біліммен емес, ақшамен. Ақшасын төлеп қойсаң болды, сабаққа да барудың қажеті жоқ жеке меншік оқу орындары көбейді. Екінің бірінің дипломы бар. Бір емес, екі-үш дипломы бар, базарда тәшкі сүйреп жүргендерді де көрдік. Білімнің қадірі азайып, дүкені барлар сөйлейтін болды.
Ал ол кезде басқа еді. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» еді.
Адамзат жаралғалы бері болған қан-қырғын соғыстардың бәрі тонаушылық мақсат көздеген. Адамның санасының төмендігінен, тәрбиесінің жоқтығынан, көршінің қолындағы малы мен барына деген ашкөздік адамзатты бүлдіріп келді. Тонап алсам, оңай байысам деген арам ой адамның қанын суша ағызды. Білім мен тәрбие құстың қос қанатындай егіз. Біреуі болмаса құс ұша алмайды. Тіпті, атақты ғұлама ұстаз Әбунасыр Әл-Фараби бірінші орынға тәрбиені қойған екен. «Тәрбиесіз алған білім – білім емес» деп санаған. Ал ол екеуін де беретін кім? Әрине, ұстаз. Мұғалім.
Ағамыздың алған марапаттары, көрген сый-сияпаттары бір басына жетерлік. Өзі айта бермейді. Оны 50, 60 жасқа толғанда журналистердің жазған мақалаларынан оқып, білдім де. Журналистер кейде өзі жазатын адам туралы толық біле де бермеуі мүмкін. Бастық тапсырды, газет бетін толтыру керек, мақала жазу керек. Сондықтан бейтаныс кейіпкерінің өмір жолына, алған марапаттары мен алғыс хаттарына көбірек тоқталып, жаттанды сөздермен мақаласын тәмәмдап жатады. Ал өзің кішкентай кезден білетін, өзіңе қатысы бар, біраз өмірі көз алдыңда өткен адам туралы жазу, ол енді басқа бір нәрсе! Сондықтан маған дейін жазылған біраз дүниелерді қайталай бермей, ағамыздың адамгершілік мұраттары, ұстаздық ұлағаттары, қоғамдық ой-көзқарастары туралы көбірек айтуға тырысайын.
Менің бір байқағаным, Тілекең тек әдебиетші ғана емес, тарихшы да, саясатқа да араласып қоятыны бар. Көзі көрген, өзі білген ақын-жазушылар туралы да сағаттап әңгіме айтып бере алады. Туған халқының тарихына да бей-жай қарай алмайды. Тіл мәселесінде де өзінің орнықты пікірін айтып жүрген жан. Осыдан елу жыл бұрын өзі білім алған Ақмоладағы педагогикалық училище туралы, оның ұстаздары мен сол кездегі қала өміріндегі қоғамдық-саяси өмір туралы да естелік айтып, қалам тербегені бар. Кейіннен 70 жылдардағы Қарағандының әдеби-мәдени өмірін де бір шолып шықты.
Менің аяулы ұстазым ел мен жер тағдыры, қоғам, ұрпақ тәлім-тәрбиесі туралы керек жерде өз пікірін айтудан еш тартынған емес. Қанында бар нәрсе. Әсіресе, әкімқаралардың екі аяғын бір етікке тыққандай қылады. Сондағысы елдің жайын ойлағандығы. Шындықты шырылдатып тұрып айтқанды кім жақтыра қойсын. Қарапайым қазақ оны түсіне бермейді. Осы-ақ қоймайды екен деп те ойлауы мүмкін. Бірақ ағам оған бола ешқашан аяғын тартқан емес. Ағамызды қарынның қамы емес, елдің жайы көбірек толғандырады. Елге белгілі тұлғалар, халыққа еңбек сіңірген азаматтар туралы ізденіп, айтып, жазып жүреді. Онысы газет-журнал беттеріне де шығып тұрады.
Бірде газет ақтарып отырып, бір мақалаға көзім түсті. Былайғы жұрт көбінесе газеттің не жазғанына қарап, кім жазғанына назар аудара бермейді. Ал журналист қауымы міндетті түрде бұл мақаланы кім жазғандығына көз жүгіртіп өтеді. Сөйтіп, бара-бара кең байтақ еліміздің қай жерінде кім бар, ол не жазып жүр, қабілет-қарымы қалай, деңгейі қандай екендігін біліп, санасына сақтай береді.
Мақала «Қырандай желге қарсы қаңтарда ұшқан» деп аталады екен. Елең еттім. Тақырып керемет. Бір елге белгілі ғалым адам жазған болар деп мақаланың аяқ жағына көз жүгіртсем «Тілеубек Ысқақов» деп тұр. Менің аяулы ұстазым. Ағам. Қалай оқымайсың. Бір демде оқып шықтым. Оқып шықтым да үлкен ойға қалдым…
«Бірде қолыма «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» (Астана. 2005 жыл) деген кітап түсті. Құрастырып, түсініктерін жазған – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзебекұлы екен. Ғалым-ініміз: «Осы жұрт Хайретдин Болғанбаевты біле ме екен?» деп сұрақты төтесінен қойыпты. Шынымды айтайын мен білмейді екем. Кітапты бір-ақ демде оқып шықтым. Оқып шықтым да қайыра оқи бастадым. Алаш арыстарының рухымен сырласа бастадым. Құдайым-ау! «Тұла бойы қан сасиды» деген мақаласынан кейін қалайша тірі қалған? Қандай батылдық! Рухани өрлік пен ерлік! Кезінде басмашыларды адам бейнесіндегі жыртқыштан бір кем көрдік пе? Олар ұлт-азаттық қозғалысының ерлері екенін білдірмеді біздерге, білдірмеді. Жыртқыштар, екі аяқты хайуандар аналар екен ғой. Міне, Кеңестік империяның үгіт-насихатының пәрмендігі»,- дейді ағамыз.
«Ұлт зиялысы кім деген сұраққа Хайретдин Болғанбаевтар дер едім. Шығармаларын оқи отырып, осыған көзім жетті. Әттең, артында іздеушілері болмаған, әйтпесе Мағжан өлең арнаған, қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен шаңырақ көтеруінің басында болған, сол үшін тер төгіп күрескен, аяулы арысымыздың суреті төрден орын алуы керек еді. Қорғалжындықтар оны ұмытып кеткен секілді»,- деп қынжылады ағамыз.
Бұл кісі туралы бұрын –соңды оқымағаныма өкініп те отырмын,- дейді.
Әрине, ағамыз ол кісі туралы бұрын жазылған болса оқитын еді. Қызыл империя оған мұрсат берді ме? Алаш ардақтылары туралы жазу түгілі атын атауға тыйым салып келген жоқ па? Тек Тәуелсіздік таңы атып, халқымыз бостандыққа қол жеткізгеннен кейін ғана арғы-бергі тарихын түгендей бастады. Сол кезде ғана арыстарымыздың қандай жандар болғанын, біліп, түсіндік.
Ағамыз бұрын-соңды өзі сабақ берген шәкірттерін де ешқашан ұмытпайды. Олар туралы сұрап, біліп, тіпті кейбіреулері туралы мақала да жазып жүреді. Тағдырына алаңдайды, тағдыр тәлкегіне ұшыраса өкініш білдіреді, титтей болса да табысқа жетсе қуанышын жасыра алмайды.
Мысалы, жуырда Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінен «Ғани мінер ақбоз ат» атты мақаланы көзім шалып қалды. Оған «Жүректегі бейне» деп айдар тағылуының өзі көп нәрседен хабар берсе керек.
«Ғани марқұм есіме түскен сайын, неге екенін қайдам, Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат» деген әңгімесі ойға оралады. Әңгімеде талабы зор, дарынды Тортай үлкен қалаға барып, оқу оқи алмай, ауылда қалып қояды. Жазушыда осыған қынжылыс бар», – дейді зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің озық қызметкері Тілеубек Ысқақов.
«Менің шәкіртім Ғани да ауылда қалып қойды. Алысқа шыға алмады. Жасынан денсалығы көтермеді. Әйтпесе әжептеуір сазгерлік қабілеті бар еді. Кезінде көмек қолын соза алмағаныма өкінемін. Әттең, Ғани ақбоз атын қаңтара алмады»,- деп өкініш білдіреді.
Міне, менің ұстазым, ағам осындай адам!
Әттең, менің ұстазым да ауылда жүріп қалды, ғылым қуып, ірі шаһарларға барғанда ғалым немесе әдебиет әлеміндегі ірі тұлғалардың бірі, тіпті қоғамдық-саяси тұлға болатыны да сөзсіз еді…
Қазақ әрқашан да ер балаға көбірек көңіл бөліп, қыз соның тасасында қалып қоя береді ғой. Бірақ ер-азаматтың ертеңгі бағы да, соры да сол қыз бала болатындығы жасырын емес. Ырысты Жағыпарқызы ағамыздың құдай қосқан қосағы, жары құдды бір Тілекең үшін жаралғандай. Бір көргенде момындау, сабырлы, салмақты көрінетін Ырысты апа керек болса тау да қопарады. Бар өмірін еріне арнап, барлық ыстық-суығына төзді. Ал біздің ағамызда, құдайға шүкір, мінез деген баршылық.
Талай шолақ белсенділерді өз орнына қойғаны бар. Тіпті, иә, тіпті халық мүддесі үшін республикаға белгілі ер-азаматтарды да сынап жіберуден тайынбайды.
Желтоқсан, Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты деректерді жинап жүреді, өз пікірін білдірді де, болашақта әділдіктің орнайтынына сенеді.
Ағамыз зейнет жасына шықса да қол қусырып үйде отыра алмады. Астанадағы №68 мектептің директоры, алашшыл азамат Шәріпхан Қажытайұлының шақыруымен білім ордасына қайта оралды. 2013 жылы ашылған «Алаш жолы» танымдық алаңы арқылы ел мен жерге қатысты талай шаруалардың басын қайырды. «Ақжол» партиясы мұрындық болған қоғамдық-саяси шараларға да қатысты. Соның арқасында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалімен марапатталды.
Ал жеңгеміз болса бала тәрбиелеп жүріп, жұмысын да ұмытқан емес. Жан жары «қартайғанда» білім қуып, Қарағанды асқанда да үш баланы жетектеп, соңына ерді. Бұнысы енді маған кейде кешегі Алаш арыстарының жер аударылғанда жан жарларының соңдарынан еріп, итжеккенге бірге барғандарын еске салады. Сосын тағы да екеуін тауып берді. Бірде бар, бірде жоқ студенттің ашқұрсақ өміріне қарамай ағамыздың ұрпағын көбейтуге бар күшін салған жеңгеміздің бұл тірлігі енді ерлік! Сол балалар да бүгіндері ер жетіп, ата-анасына немере сүйдіріп отыр. Тәубә! Бұған жетпегендер де қаншама!
Жетпіс деген аз жас емес әрине. «Біз ана жақтың есігін қағып тұрған адамдармыз» деп өзі айтқандай, бірақ көп те емес дер едім. Алла тағала о баста өз пендесіне 120 жас берген екен. Адал, таза, иманды адамдар осынша жыл өмір сүруі керек болыпты. Бірақ адам деген пенде емес пе…. қу тірлікте күйеді, сүйеді, бірдеңені бүлдіреді, адалдықпен қатар арамдық та жүреді. Бақай есеп тағы бар. Қазір біреуді мақтасақ та есеппен мақтайтын болды жұрт. Содан құдайдың кесіп-пішіп берген жасын адам өз қолымен азайтып келеді. Бірақ менің ақкөңіл, адал ұстазым, ел десе елең ете қалар абзал азамат, ұстаз, тұлға Тілеубек Ысқақов ағам ұзақ өмір сүріп, 100 жасауға лайық адам екеніне көзім анық жетеді….
Тұрсынбек Әлиұлы
Астана