Үлкен лек келеді: жаңа толқын, жас толқын; қарымды, алымды, дарынды қазақ балалары, тәуелсіз елдің төл түлектері; олар біздей емес, әміршіл-әкімшіл жүйенің қыспағы мен қысымын көрген жоқ, барынша еркін, мейлінше өршіл кеуделері толған асқақ арман!
Қазақстан бойынша жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 410 мыңнан астам бала қабылданады. Бұл туралы «Биыл бірінші сыныпқа 410 мыңнан астам бала келеді деп отырмыз. Барлық облыстарда ақпараттық түсіндіру жұмыстары, мектептердің дайындығы бойынша мәліметтерді жинақтау аяқталуда. Бүгінде мектептер дайын. Сонымен қатар қазіргі кезде ұстаздарды, оқулықтарды даярлау шаралары жүріп жатыр» деп ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.
Осы 410 мыңнан астам баланың қаншасы қазақ мектебіне барады? Жұртшылық арасында, үлкен деңгейдегі шенеуніктер арасында «Қазақ мектебіндегі білім сапасы нашар» деген сыңаржақ пікір бар. Соның салдарынан талай ата-ана баласын орыс мектебіне жетелеп апарады. Сол қаншалықты қисынды?
Академик Асқар Жұмаділдаев бұл пікірді мүлдем жоққа шығарады.
– Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің министр қазақ балаларының білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Болашақпен» шетелге оқуға кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мектепте оқу методикасы қалыптасты. Қазақ тілінде бастауышқа, орта мектепке лайық жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім беруге жарамайтын болса, ол тілдің не керегі бар?! Министрлік өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек.
Елімізде білім берудің екі түрі бар: бастауыш пен орта мектеп және жоғары мектеп. Біздің Ата заңда жазылған. Әр ата-ана баласын мектепке беруге міндетті. Егер балаңызды оқытпай қойсаңыз, онда сіз заң шеңберінде жауапқа тартыласыз. Конституциямызда тағы бір бап бар. Кез келген қазақтың азаматы өз ана тілінде ақпарат алуға құқы бар, – деп академик шырыл қағады.
– Оқу – ақпарат алу деген сөз, білім беру деген – информацияның көкесі. Демек, бүгінгі министрлік біздің балаларымызды ақпарат алу құқығынан айырайын деп отыр. Бұл бүкіл бір халықтың адам құқығын бұзу деген нәрсе.
Қазақта математиктер бар. Жақсы ұстаздар көп. Қазір өзеніміз табиғи ағып келе жатыр. Біз неге оған бөгет қоямыз? Менің ойымша, министрлік ең болмаса бұған кедергі жасамауы керек, – дейді академик.
Ұлттық бірыңғай тест тапсырған оқушылардың 72 пайызы қазақша оқитындар. Назарбаев зияткерлік мектептері грантын иемденушілердің 70 пайызы қазақ мектептерінің түлектері. Демек, қазақ мектептерінің «білім сапасы нашар» деген сөздің айтылуының өзі орынсыз ғой.
Қай ата-ана болса да баласының бір емес, бірнеше тілді білгендігіне қарсы емес. Кез келген ата-ана бұған қуанбаса, ренжімейді. Бірақ соған қарамастан, Қазақстанда үштілді оқыту жүйесін енгізуге жалпақ жұрттың көбісі қарсы. Неге? Асқар Жұмаділдаев қатысқан алқалы жиында үштілділік білім беру жүйесіне наразы жұрттың 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хаты тапсырылды. Бұл ненің белгісі?
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Орыс мектептерінде оқитын 500 мың бала қазақша сөйлемейді. Сондықтан министрліктің алдындағы ең жоғары мақсат – 3-4 жылда сол 500 мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз деген мәселе. Олар қазақша сөйлеуі керек қой!» дейді. Дұрыс!
Таяуда Әзірбайжанда болдық. 35-тен төмен жастардың дені орысша сөйлемейді. Түркіменстанда да солай. Өзбекстан туралы әңгіме жоқ. Бәрі, негізінен, өз елдерінің мемлекеттік тілдерінде білім алып, көгеріп, көктеп жатыр. Қырғызстан мемлекеттік тілді менсінбейтіндерге айыппұл салуды қолға алды.
Жақсы. Бұл елдердің халық құрылымы біздегіден басқаша, көбі біртұтас; біздегідей түрлі этнос өкілдері көп емес, қоғамдық-саяси, мәдени өмірінің де ұрқы бөлек. Алайда Сағадиев айтып отырған 500 мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз дегенге бір ғана министрдің басы қатпауы тиіс қой. Ел болып, жұрт болып не істейміз? Не істей аламыз?
Сыр бойында диқаншылық қатты дамыған. Ақ күріштің атасы, Дала академигі, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыз күріштік жағасындағы қалың қамысқа от тиіп, өртене қалса не істеген десеңізші? Өрттің жолын кескен. Ол үшін лаулап, лапылдап жанып жатқан қамыстың алдынан өрт салып, жаңа тұтанған өртті дереу өшіріп тастаған. Сол арқылы ел ырысы саналатын егіндікті аман алып қалып отырған.
Бізге де тап осы әдісті қолдану қажет сияқты. Алдымыздан тағы бір он жылда тіл білмейтін тағы 500 мың бала шықпас үшін, үлгерсек – биыл, үлгермесек келесі жылы – мектепке баратын 410 мыңнан астам баланы қазақ мектептеріне беру ісін қолға алу керек. Бұл үшін қолға алынған білім реформасының бір тармағы – Қазақстандағы барлық бастауыш пен орта мектеп, жоғары мектеп атаулының бәрін «Мемлекеттік тілде білім беретін мекеме» дәрежесіне ауыстырған абзал. Қалған ағылшын және орыс тілін сол мектептерде тереңдетіп оқыту соншалықты қиын емес!