Home Ұлылар ұлағаты Оралхан БӨКЕЙ. «Атау кере» (Қауіпті будан). Кейіпкерлер пәлсапасы

Оралхан БӨКЕЙ. «Атау кере» (Қауіпті будан). Кейіпкерлер пәлсапасы

0

Дүниеде балдан тәтті әрі ауыр нәрсе жоқ.
Ерік

Дүниеде балдан да тәтті, балдан да қымбат нәрселер бар емес пе… Бал дегеніміз – араның боғы емес пе?
Бекзат

Ақша мен әйел ер-азаматқа ешқашанда артықтық жасаған емес.
Ерік

Бич! Иә, кез келген бичті жұмысқа бишіксіз-ақ салар күш – арақ-шарап.
Ерік

…Қоршауда жүрген маскүнемдер де, сол маскүнемдерді сырттай бақылап күзететіндер де қашып та, ешқайда ұзап та кете алмайтын айырмасы біреу – іште, екіншісі – сыртта.
Таған

Ара бағу – қолы білген адамға әуресі жоқ таза жұмыс: өздері жайылады өздері еңбектенеді, өзін ғана емес өзгені де асырайды, тек уағында тексеріп, дер кезінде балын жинап, ауру-сырқаудан сақтасаң, шаш-етектен байлыққа батырар берекелі шаруа.
Автор

Араның адамнан айырмасы болсайшы. Жиған байлығың да бал секілді. Күндердің күні малтығып өлесің.
Нюра-Нүрке

Араның байлығы адамдар үшін, ал біздікі… біздікі өзіміз үшін.
Айна

Бұл жалғанда ең сорлы нәрсе – өзіңді өзің тұтқындау, өзіңнен өзің қашып құтыла алмау, бұған дейінгі жиіркенішті әрі жаныңды жарылқай жаралайтын ойсыз қылыңтарың мен опасыз әрекеттеріңнен құлан-таза арыла алмау, немесе тазалықтың нарқын бағамдай отырып, рухыңа, болмысыңа, тіпті, тәңірім-ау, табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында сұңгілесіп жүру емес пе?
Айна

Өмір сүруді арадан үйренуіміз керек шығар…
Айна

«Табиғат ешқашанда өз құпиясын ашпайдыкетті». Алайда тым-тым ашып тастасақ, тағы пәле. Пәле болатын себебі – табиғат-ана абыройдан айрылады, содан соң ашуланады. Айталық жер бетінде табиғат апаты тым көбейіп кетті, түбі неге апарып соғарын кім білсін; бекерден-бекер мөңкитіндей не көрінді. Ашуланады ғой жарықтық…
Айна

Салынып ішетіндердің ептеп қана тататындардан жалғыз-ақ айырмашылығ бар, ағайын. Олар ешқашанда ертең де күн бар-ау деп ойламайды. Ақырзаман ойнайтындай барлығын бүгін сарқа ішіп тауысып тастағысы келеді.
Таған

…Жас шағында кісі қателікке көп ұрынады; тегінде, адамға ақыл қартайғанда керек-ау, алжымас үшін, алжаспас үшін…
Ерік

Бұ дүниеде бас жазғаннан рақат не бар…
Таған

…Егер мен секілді адамдар арақты қойса, онда біраз бастықтар тағын тапсырып, жан сақтай алмай қалар еді. Қазір… жетесіздер жетіскен заман, олар біз секілді шпейді, сауысқаннан сақ, түлкідей айлалы, қасқырдай қорқау. Егер ОЛАР ішсе, ақымақтығы ашылып қалады, сондықтан да өзінен гөрі ақылды әрі қауіпті басы істейтіндерді есебін тауып іштіріп жібереді. Мен СОЛАРДЫҢ құрбанымын.
Таған

Өз қателігін өзгеден көру қате.
Захар

Жат жұрттық ешқашанда жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады…
Нюра-Нүрке

Еркек пен әйел затының арасындағы мәңгілік қатынастың қалтарыс-жықпылын зерттеп түсіндірем деп әуре болу – бекершілік.
Автор

Бұл жалғанда жаныңда арыстай азаматың жатып, жалғызсырағаннан жаман не бар екен?
Айна

Тоғайдағы торғайда да ашу бар.
Айна

Мен ойлаймын: ғашықтықта тұрлау жоқ, шек жоқ, сондықтан да мәңгілік. Ерік

Еңбектің де емдік қасиеті бар.
Нюра-Нүрке

Мұмырау су ішіп ауырғаннан, суық тиіп ауырған сауап…
Нюра-Нүрке

Адамның көз жасы – жанының нөсері, сіркіреп-сіркіреп алса, арты айығады, көңілі көгереді.
Нюра-Нүрке

Ел азарда ер-азаматы – атақ қуғыш, тақ құмар, қыз-келіншегі дүние қуғыш бақ құмар келеді. Ал «бақ дегенің – тойға келген қыз емес пе, байлық деген – қолға ұстаған мұз емес пе, бала – артта қалған із емес пе» деп, бұрынғылар бекер айтпаған.
Нюра-Нүрке

…Құсалықпен өткен жыдарды жоқтап жылағаннан көз жасың таусылмайды екен.
Нюра-Нүрке

Осы қазақтардың қызық мінезі бар. Бойында күш-қуаты, таланты барлар үдірейіп үлкен адамдарға жоламайды; ал әлжуаз, алаяқтары алдыңды босатпай жылпостанады. Әне, сондықтан да олар аман қалады, өседі.
Шолақ қол

…Қоян жүрек еркекшоралардың қолынан еркекше өлу де келмейді.
Шолақ қол

Шындық үшін қандай қиындыққа шыдауға болар, егер сол шындық бар болса…
Қандауыр

Үміт – ол да бір сағым, немесе көлеңке іспеттес, күн шыққанда ғана пайда болады, ал басыңды қасіреттің бұлты шалса, іздеп таба алмайды екенсің, жоғалады.
Қандауыр

Істеп жүрген жерінен тістеп жүретін қазақтың ежелгі әдеті.
Шолақ қол

Биліктегіге де біліктілік керек…
Нюра-Нүрке

Кінәні өзгеге арта салу – пәледен құтылудың ең оңай жолы.
Ерік

Үндемегеннің бәрінде үйде бәле бар деу қате.
Ерік

Ақымақтың аты – ақымақ., етегіне салған бір уыс бидайды төгіп-шашып алады, немесе ап деп асап қояды; ол бидайды үнемдеп, егіп, баптап күтіп – мол өнім алуды білмейді, немесе ерінеді.
Ерік

…Жер бетінде керексіз адамдар қаншама көп. Неге біз осы адамзатты тазартпаймыз, а, нене? Жер – ол алып үй, баспанамыз, олай болса қағып-сілкіп, желдетіп, шаң-тозаңнан арылтып, дімкестіктен, арам пиғыл, теріс көзқарас, дүниеқоңыз ниет-пиғылдардан айықтырса ғой.
Таған

Атом бомбасынан құтылу үшін ең әуелі сол қаруды жасайтындарды, яңни көп білетін данышпандықтың ініне су құю керек.
Ерік

Табиғат жаратқан алқам-салқам болмайды, ол – әмісе әдемі, әмісе сүймейді, әрі шыншыл, әрі ақылды, сондықтан да адамдар секілді қателеспейді. Табиғат – мәңгілік тірі, өтірік айтпауды, алдап-арбамауды табиғаттан үйрену керек, өйткен ОНЫҢ (табиғаттың) жүрегі таза. Табиғат бізді алдаған емес, тек өзімізді өзіміз ғана қан қақсатамыз, қан жоса қыламыз. Табиғат қате жібермейді, егер «ақымақты» дүниеге келтірсе, онда ол ақымақтың да бір нәрсеге қажеті болғаны; Табиғатта АДАМНАН басқа артық нәрсе жоқ, тек БІЗДЕР ғана жаратушының гармониялық берік байланыстағы тізбегіне кіре алмаймыз…
Таған

Тау мылқау деп кім айтты, жүрегі, тілі бар, тек естір құлақ керек; ал құлағы мен көзі барлардың да есітмейтіні, көрмейтіні толып жатыр. Д.ниені алатайдай бүлдіретін де солар. Құлағы бар – керең, жанары бар – соқырлар… сондықтан да жан дүлейлігінен сақтасын…
Таған

Қорқыныш екі аяқты, жұмыр басты пенденің асыл қасиеттерінің бірі шығар. Неге екені белгісіз, кейінгі дәуір ұрпағы осы табиғи қасиеттен жұрдай болып, бірыңғай міз бақпас «батырлар» көбейіп кеткен секілді…
Таған

Шамы жоқ адам – намысы жоқ адам.
Шал

Жеңу үшін, жең түріп төбелесе беру шарт емес…
Таған

Үндемеу жағынан қазақтар алдына жан салмайды. Іш құса болған жұрт жұдырығын жұрағатына жұмсайды, бірін-бірі бауыздап жатқан ағайынға айдаладан қызыға қарап тұрған озады түбінде… Ең сорлылығымыз сол – жауды сырттан іздейміз, өз ішімізде жүргенін ескермейміз.
Шал

Ұлттың азуын ұлынан көруге болмайды ғой.
Таған

Сен ойлама. Әрекет жаса. Адам баласын құртатын сол – ой.
Шал

Адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық…
Таған

Болмыстың болар-болмас тірлігіне алданып, арпалысып өте шығар адам өмірінен аянышты не бар бұл жалғанда.
Таған

Ұлтты жақсы көру дегеніміз – тек жақсылығын ғана көру емес. Ұлттың рухани түлеуі мен өсуі үшін, оның жетістіктеріне таңдай қаға тамсану, ұдайы табыну ғана ма? Кемшіліктерін де көріп, қайтып қайталанбауы үшін күресу емес пе…
Таған

Дүниедегі ең киелі нәрсе – әйелге берген ант!
Таған

Дүниедегі ең азап та сол – біздіңше, өзіңді өзің құл ретінде пайдалану. Ал оның қаншалықты пайдалы іс екенін сана сарабына салмаудан озған жетесіздік жоғы және рас.
Автор

Жалғыздық – күштілік! Амал не, адамдардың әмісе бақыты, әрі соры да сол… сол… сол… – күні ертең алдында не күтіп тұрғандығын білмей білімитіні еді…
Автор

Өмір – ол да бір апиын іспетті еркіңнен айырып, есірік күй кешіретін. Иабиғаттың ең аұылды да саналы түлегі болып есептелетін Адам, ең бір аңқау да ақымағы еді. БІЗДІҢ ақымақтығымызды жаратқанның басқа-басқа мүшелері – жанды, жансыз күн-күн, жыл-жыл, ғасыр-ғасыр сайын көзге шұқып көрсетіп жатса, жанкешті айқас пен айға шабар арынымыздан арылған емеспіз.
Таған

Тарихты терең білген сайын денсаулықтан айрыласың.
Таған

Еркектер-ай, есер қылықтарың ғой әйел затын зәтте қылатын…
Нюра-Нүрке

Адамның жаны – сірне. Тағдыр табанына салып, уақыттың оты қанша шыжғырғанмен, майын ерітіп тауыса алмайды екен.
Таған

Жақсылық қарызға жасалмайды…
Таған

Атаңның атына кір келтірмеуден артық не бар бұл жалғанда.
Нюра-Нүрке

НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..
Итжандымыз, басқа қаңқ еткізіп теуіп жіберсе де, қыңсылаған күйі «иеміздің» етегіне оралып, аяғын жалаймыз.
Айна

Адамның қателігі – кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде.
Айна

Дүниедегі ең қиын нәрсе – шын сүйген адамыңнан қалған көңіл; ол – шыққан жан, кешірімі мен кеңдігі болмайды екен.
Айна

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version