Home Жаңалық Бала бағы білім бе?

Бала бағы білім бе?

0

 Елімізде білім саласы қарқынды даму үстінде. Күнде БАҚ көз жүгіртсек білім саласына бір өзгеріс келгенін байқаймыз. Осыған орай, ата-анада баласының айлап, күндеп емес, сағаттап білім алуына көңіл бөлуі орынды. Қыруар қаржы аямай мектепалды неше түрлі оқу орталықтарына жібереміз. Бәсекелестік заманы. Менталды арифметика, ағылшын тілі, шахмат, сурет және т.б. үйірмелерінен аяқ алып жүре алмаймыз. Бастауыш, орта сыныптарда өзін жақсы бағалармен көрсеткен оқушы, уақыт өте келе жоғары сыныптарда үлгерімі төмендеп кетеді. Бұл ненің белгісі? Кеше тек «5» бағаға оқыған оқушыны қайда жоғалттық? Бұның құпиясы неде? Қандай сыр бар? Әр отбасын алаңдатар жайтты талдап көруге бел будық.

14192700_1770659183145740_5274247165067903428_nБаянғали Әлімжанов,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Ақын
Бұл қазір асты сызылып айтылатын мәселе екен! Өте орынды! Ең алдымен баланың балалық шағы болу керек. Құдайдың берген ең бір тәтті шағы. Ол қайтіп келмейді. Баланың миын ауыртып анда апарамыз, мында апарамыз. Ол тікелей оның жүйкесіне әсер етеді. Ата-ананың, ата-әженің бауырында мейіріміне шомылып өскен баланың психикасы, сана-сезімі дұрыс болады. Бәрі өз уақытымен болу керек. Сабағы, тамағы, демалысы, ұйқысы. Баланы дереу данышпан жасай саламыз дейміз. Неге? Қайда асығамыз? Оның балалық шағын неге бұзуымыз керек?! Аса көп асыққан, жанталасқан жақсы емес! «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Бұл баланың жан дүниесіне, сезіміне кері әсер етеді. Бала жақсы азамат болсын десек ең бастысы ана тілінде тәрбиеленіп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре білуіміз керек. Сонда ғана біз болашақта жақсы азамат тәрбиелеп шығамыз. Енді-енді миы жетіліп келе жатқан балаға түрлі үйірмелерді, әрнәрсені тықпалай бергеніміз дұрыс емес. Қазір қоғамдағы жантүршігерлік оқиғалар сол бала кезінде дұрыс тәрбие, мейірім, имандылықты көрмеген қатігез, жаны «ауру» адамның санасынан шығып жатыр. Баланың бойына ата-ана мейірімі, имандылық дарытпай, одан жақсы азамат шығу неғайбыл және соңында теріс жағдайларға ұрындырмасына кім кепілдік береді?!

Зарема Шаукенова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім және ғылым интеграциясы бойынша проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор
Қазір сондай заман туды. Біздің кезіміздегі 5 жасар баламен қазіргі 5 жасар баланы салыстыра алмаймыз. Қазір балалық шақтың формасыда өзгеріп кетті. Қазір жылдамдық уақыты болғандықтан баланы соған бейімдемесек ол қатарынан қалады. Қазіргі баланың сөйлеген сөзі ерекше. Бұрын сурет салу студияларында жәй қарандаш, түрлі-түсті бояумен болған. Қазір сол студиялар нешетүрлі құрал-жабдықтармен толтырған. Бәрі күрделі. Кезінде А.Сәрінжіпов БҒМ министрі болып тұрғанда «Біз әлемде жоқ мамандыққа баламызды оқытамыз» деп бір қалжыңдағанымыз есіме түсіп отыр. Қазір білім саласында жылдамдық өте күшті. Кім біледі ертең қандай мамандықтар шығатынын? Жылдан жылға білім бағдарламасы күрделі. Кеңес Үкіметі кезіндегі мектеп, білім мықты болды. Ол кездегі ұстаз баланың фундаментін мықты қалайтын. Сол заманда мұғалім патша, Құдай еді! Әр пәннен 1-ақ оқулық болған. Қазір не көп ақпаратта, оқулықта, кітапта өте көп. Мүмкін бала өзі оқығысы келер? Бірақ сонша ақпарат, кітап өзгеріс баланы жалықтырып жіберер?! Сабағына зауқы жоқ баланың ішіне үңіле білген дұрыс болар? Мүмкін өзі ұнатқан үйірмелеріне, жұмыстарымен айналысса, жағдай жасасақ бала оң жаққа өзгерері анық. Оның үстіне ата-ана баланы мектепке итере салады. Қазір мектепте жұмыс істеп жатқан ұстаздарға тірі күнінде ескерткіш қойып, құрметтесе артық болмас деп ойлаймын.

Әбдіуақап Қара,
Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы (Түркия)
Негізі қарсылығым жоқ. Ана тілі қазақшаға басымдық беріп, өзге екі тілді де үйретуге болады. Мұны дұрыс оқытса керемет. Ұлы ғалымдар солай жасынан білім алып, жарыққа шыққан. Ерте дәуірлерге бармай жақыннан бір мысал келтірсем. Атақты башқұрт ғалымы Зәки Уәлиді айтуға болады. Қаршадайынан әкесінен башқұрт және араб тілдерін, анасынан парсы тілі мен парсы өлеңдерін үйренген. 22 жасында “Түрік және татар тарихи” деген кітап жазған. 1912 жылы жас ғалымды Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан үйінде қонақ етіп кітабына жоғары баға берген. Балаға кішкене кезінен бастап білім, көп тіл үйретеміз десек, нәтиже көру үшін ұстанатын саясат ол баланың – ойыны. Міндетті түрде бала ойнағанға уақыт бөлу керек! Өйткені, кезінде ойнамаған бала есейгенде жасампаз, яғни өзіндік жоқтан бір нәрсе ойлап табушы бола алмайды. Бұл бүгінгі таңда ең қажет нәрсе. Кішкентай кезде, ойын мен білім қатар тұру міндетті. Оның үстіне ата-ана баласының келешекте қандай маман болғанын қаласа соған бейімдеу керек. Осы бастан ойлану қажет. Мәселен ата-ана баласының тарихшы немесе әдебиет саласының маман болғанын қаласа, қаршадайынан ертегі кітаптарға қызығушылығын оятып, оқыту керек. Тарих, мәдениетке қатысты орталарға 3-4 жастан апара беру керек. Қажы Құнанбай бала кезіннен Абайды билік, қазылық істеріне араластырып отырған. Ол өйтпесе хакім Абай шығар ма еді?! Мамандық таңдауда соңғы сөз балада болу міндетті! Адам өзін бақытты сезінген мамандықта сөз жоқ табысты болады!

Әйгерім Оспанова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Аймақтану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы
Негізі қазір орта білім беру саласы табыс көзіне айналдырғаны жасырын емес. Мен түсінбеймін. Келіңіз, балалық шағымызды еске алайықшы! Мектепке уақытымен барамыз, келіп сабаққа дайындаламыз. Таза ауада демаламыз, миымыз тынығатын бір сәт. Ал, қазір басқаша әр жерден оқу орталығынан аяқ алып жүре алмайсың. Керек десеңіз қараңғы, ылғал жертөледен (подвалдан) оқу орталықтары ашылған. Бір қызығы сол жаққа ағылып жатқан ата-ана! Үйге берген үй жұмысын жасайды, сол екен бар жасағандары. Басқа түк жоқ. Ол жерде ешқандай білім бермейді, алатын ақысы өте үлкен. Мен бүгінгі мақсатымызды түсінбеймін. Балаларды зорлықпен желкелеп оқытамыз. Бұл жаппай қоғамдық ауру секілді?! «Аналар апарады, мыналар апарады!», «Бәленшенің баласы ағылшын, түгеншенің баласы шахматты қатырып жатыр» деген әңгіме қашанда төңірегімізде жүреді. Мысалы, менталдық арифметика керек па өзі? Бұл жәй әшейін есте сақтау ғана. Мүмкін керек шығар? Бірақ 5-ші сыныпқа дейін керек емес. Мен балам 1-ші сыныпқа барғанда менталды арифметика, шахмат үйірмелеріне апарып көрдім. Соңына балам шаршай бастады. Оның үстіне білім бағдарламасы өте күрделі. Әрқашан бірнәрсе өзгеріп, алынып, қосылып жатады. Өзгерістен көз ашпайды. Бұдан балалар зардап шегіп жатады. Өте ауыр. Сол 1 сыныпта менталды арифметикаға апардым. Мұғалімдері екі жас жігіт. Қорытынды шықпады. Ең қорқыныштысы бұл жеке орталықтарда отырған педагог мамандар емес. Мысалы мен жоо мұғалімімін, ондай жерде сабақ бере алмаймын. Ондай жерде сабақ беру үшін жәй мұғалім болу аз, психолог, тәрбиеші және методиканы жақсы білу міндетті. Ол әлі сана сезімі дұрыс қалыптаспаған бүлдіршіндер емес пе? Әр жерден кім көрінген бұндай орталықтарды аша береді. Қазір білім саласы айтыс-тартыс, өзара бәсекелестік жарыс, саны бар сапасы жоқ уақытқа кез болды.

Қуат Әуесбай,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі
Жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі
Бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде бала тәрбиесі өте күрделі, күрмеулі мәселе болып отырғаны рас. Заман ағымына ілесеміз деп кейде ата-аналар бала тәрбиесіне келгенде асыра сілтеп жататынын да байқап жатамыз. Осы күні балаға қаршадайынан менталды арифметиканы оқыту сәнге айналды. Қазіргі тілмен айтсақ, тренд болып тұр. Әрине, ешкім де баласын жаман болсын демейді, білсін, үйренсін, көштен қалмасын, ерте жастан ілім-білімге құштар, есепке жүйрік болсын дейді. Ниет дұрыс, жалпы. Бірақ меніңше, ойын баласының жүйкесіне шамадан тыс салмақ салуға болмайды. Байқасаңыз, мектепке алты жас пен жеті жасында барған балада көп айырмашылық болады. Алтыдағы баланың ойыны қанбаған, еркелігі тыйылмаған болады көбіне. Зейіні бар, зерек бала болуы да мүмкін, бірақ физикалық тұрғыдан бәрібір ерте жастан мектепке баруға әзір болмай тұрады. Сол сияқты менталды арифметика, ағылшын тілі секілді курстарға 8-9 жасынан кейін барса да меңгеріп алады ғой деген ойдамын. Сосын, бір таныстарым бар, баласын таңертең мектепке, түсте арифметикаға, одан кейін, ағылшынға, кешкісін каратэге немесе жүзуге апарып жатады. Ата-анасы жұмыста болғанда бала бос отырып қалып, жаман әдеттерді бойына сіңіріп алмасын дегендері болар. Десек те, бала құлтемір емес қой, шаршайды, қажиды, осы жағын да ойласақ екен. Өз басым, үш бала тәрбиелеп отырмын. Үлкенім екінші сыныпқа барады. Өнерге, сурет салуға, биге икемі барын байқаймын. Оған күштеп менталды арифметиканы оқытқым келмейді. Ал ағылшын тілін балабақшадан бастап үйреніп келе жатыр. Оған қанағаттанбай, тағы да қосымша курсқа беріп, таңып тұрып оқытуға қарсымын. Әр нәрсе өз уақытымен, өз жөнімен болуы керек деп ойлаймын.

Ахметжан Аятжан
Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры-бас редакторы,
Химия ғылымдарының магистрі, ақын
Біз көп мәселеде шоумен болып кеттік. Біреу бірнәрсе істесе оның дұрыс, бұрыстығын анықтамай бізде қоса жүгіре жөнелеміз. Бізде қатты бәсекелестік, жарыс өршіп тұр. Ешкімнен қалмаймыз! Баланың тағдырын бәсекеге салмау керек қой. Баланың өз өмірі, бәсекесі өзінде. Осы бәсекелестік баланы тығырыққа тірейді. Мысалы, біз Биологияны 6 сынып, Физиканы 7 сынып, Химияны 8 сыныпқа қоямыз. Неге бәрін бір сыныпқа қоя салмаймыз? Кезінде бұның бәрін мұғалімдер, ғалымдар қиындық дәрежесін зерттеген. Қай сыныпқа қандай дәреже келеді деп кезінде нақтыланған. Ойдан алып қоя салған дүние емес. Қоғамның даму заңдылығына сүйеніп баланы көшеге шыға сала, «оқысада оқиды, оқымасада оқиды» деген сөз баланы тығырық пен шаршауға апарып соғады. Ана жаққа, мына жаққа тықпалап баланы өздігенен ойлау, сабақ оқу қабілетін айырамыз. Ал, өздіген болатын дүниені қайта табу мүмкін емес. Қашан көрсеңде әке-шешесінің айтқанымен жүретін, олардың сөзінсіз қимылдамайтын робот, мешел болып қалатыны анық. Ол қашанғы бір ритммен шапқылай береді? Ия, баланы қатал тәрбиелеу қажет. Талап болу керек. Бірақ қатал екенмін деп өміріне бәсекелестікпен ойыңа келгенді жасауға болмайды. Мысалы қазір бала арасында суицид деген белең алып тұр. Бұлда ата-анасының кезінде әлпешетеп, 11 сыныпқа келгенде нәтижесі төмен болып қалғанда бірден қысымға алады. Оны көтере алмаған бала өзіне қол салуға барады.

Ақжол Әбілов,
актер, кинорежиссер
Баланың үлкейгенде білім саласына зауқы болмайды. Негізі білімге кішкентай кезінен баулыған дұрыс болар. Кішкентай кезінде білім алған бала кейін 45-50 жасқа дейін сақталады. Бастауышта оқыған білімі ешқашан ұмытылмайды. Ол өмірлік азығы. Баланы бастауышта жалпы енді мектепке баратын кезде методика дұрыс болу керек. Ешқашан оған миын шұқып, ұрып-соғып үйретуге болмайды. Баланы марапаттай білу керек. Әр жеткен дәрежесіне марапаттап, қолпаштап отыру қажет. Бұл жерде еврей халқының бала тәрбиесі қандай жақсы. Ұрысып, жекігеннен басқа кей ата-ана білімге баланың қызығушылығын оятып, мәнін түсіндіре білмейді. Артынан Сіз көтеріп отырған өзекті мәселе туындайды! Баланың тәрбиесі мен біліміне көп назар аударатын мұғалімге бітпейтін тексеріс, қағазбастылығы кедергі келтіреді. Мұғалімді тек қана балаға беру керек, қағазбен басқа адамадар айналыссын! Сонда ғана бала мен мұғалімнің арасында алтын көпір пайда болады. Мектеп бітіргенде ортақ жақсы нәтиже пайда болады. Баланың сабаққа дұрыс бет бұрмауы ата-ананың кінәсінен деп ойлаймын. Неге? Өйткені кез келген адам жұмысына тиянақты қарайды. Кешікпейді, басшылықтың айтқанын екі етпейді. Сондықтан ол жалақы алып отыр. Ал, бала оның өмірлік, болашақтағы алатын жалақысы емес па? Сондай жауапкершілікпен қарағанда бала сабағы дұрыс болар деп ойлаймын. Бала адамның болашақтағы салымы, капиталы екені рас.

Айғаным Дәмен,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 3-курс студенті
Негізі мен баланы сүйрелеп «өйт», «бүйт» дегенге қарсымын. Мен әжемнің тәрбиесінде өскен баламын. Әжемнің әрқашан мейірімділік, имандылық туралы сөздерін талай естідім. Сол әжемнің мейіріміне бөлене жүріп, ренжітпеуге тырысып менде сабағымды барынша жақсы оқуға тырыстым. Оқитын бала ешнәрсеге қарамайды. Сыныпта ата-аналары сүйрелеген балалар болды. Басында олар жақсы оқып, жоғары сыныптарда сабақтарының төмендеп кеткенін талай көрдік. Бір байқағаным жүйкесі шаршаған, әбден мезі болған бала ешнәрсеге қарамайды, қызықпайды екен. Ал оқимын деген оқушы өзі ізденеді, оқиды. Мектепті және колледжді жақсы бағамен тәмәмдадым. Қазір Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде мемлекеттік грант иегерімін. Тестке жақсы дайындалып өз күшіммен оқуға түстім. Айтайын дегенім әжем қашанда «Алла адамның санасына берсін!» деген сөзі есімнен шыққан емес.

Міне оқырман, біраз мамандардың пікірін білдік. Негізі «мектеп» сөзінің мағынасына үңілейік. «Мектеп» сөзі грек тілінен аударғанда «бос уақыт, бос уақытты өткізу» деген мағынаны білдіреді екен. Сократтың шәкірті, Аристотельдің ұстазы болған ежелгі грек философы Платон бос уақытында өзінің білімі мен тәжірибесімен бөліскен. Өзара әңгімелесу, сырласумен білім берген. Ешқандай зорлық, міндеттеу жоқ. Білім алушы өзін емін-еркін сезінген.
Әлемде Нобель сыйлығының иегері болғандардың басым көпшілігі еврей ұлтынан екен. Еврей ұлтының баласына қарауы, тәрбие беруінің өзгешелігі бәрімізге аян. Балаға кемшілігін өзіне байқатпай жәй ғана «Сен жамансың» демей «Сен сияқты жақсы бала қалайша мұндайға барды?» деп сұрақ қояды екен. Өздері қателік жасаған ата-ана балаға үлгі бола алмайды, яғни ата-ананың отбасындағы жауапкершілігі басты мақсат. Ата-ана арасындағы бір-біріне деген сыйластық. Ата-ана болуға талпыну, яғни Израильде ата-ана тәрбиесіне қатысты арнайы курстар бар. Мұндай курстар көптеген еврей мектептерінде орын алған. Онда бала тәрбиесі жөнінде арнайы сабақ жүреді. Уақытты тиімді пайдалану, яғни еврей балалары ешқашан бала күнінен бастап, аулада әңгіме айтып ешкіммен отырмайды. Олар үшін әрдайым бір іспен айналысу, бос уақыты болмау қалыпты жағдай болып саналады. К. Маркс, Г.Гейне, Б.Диллан, М.Дуглас, С.Сталлоне, Э.Тейлор және т.б. сынды белгілі әр салада өзіндік орын алғандар еврей ұлтының өкілдері. Бірде белгілі математик ғалым А.Жұмәділдаев: «Менің ойымша, Советтік дәуір кезінде жаратылыстану ғы¬лымдарын оқыту жүйесі өте жоғары бол¬ды. Ше¬телдің біраз еліндегі бізден кеткен еврейлер мені шақырып, «Асқар, мына баланы оқытшы, шетел мектептерінің оқуы оқу емес екен, сен баяғы Советтік оқулық¬тармен оқытып, сол есептерді шығартшы», – дей¬ді. Міне, атағы жер жарған ғалымның сөзі. Кеңес дәуірімен қазіргі білім саласы жер мен көктей. 30-шы жылдардың басында отау құрған, арғы тегі татар, бірақ қазақыланып кеткен Мүнира апаймен көңіл қосқан Әбен аға Айтхожиннің кіндігінен 6 ғалым шығуы бүгінгі күні таңғаларлық және үлгі боларлық жайт. Олар 2 академия президенті, 3 академик, 4 ғылым докторы еді. Бірдей бір саладан шыққан ғалымдар Айтхожиндар тарих беттерінде қалары анық. Бірақ бұл Кеңес дәуірінде алғаш мектеп табалдырығын аттаған ғалымдар еді.
Ия, мектепте дұрыс білім алмаған, бірақ кейін атақтары жер жарған И.Ньютон, Бетховен, А.Эйнштейн, В.Маяковский, А.С.Пушкин, Восток», «Восход» алпауыт әуе кемелерін ойлап тапқан С.Королев мектепте өте нашар оқыған болса, А.Чехов гимназияда екі рет сыныптан қалған екен. Әрине, қатарынан қалмасын, елдің алды болсын деп шырылдаған ата-ана сезімі бала үшін құдіретті! Бірақ ең бастысы қоғамда қазіргі жан түршігерлік жағдайлар, сол өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың санасынан ада болса деген ой санамыздан кеткен емес. Дей келе «Әр отбасы өзінше бір мемлекет» демекші мемлекет болашағының жарқын өмірі басшысының ұстанған салиқалы саясатына байланысты болар?! Одан қала бере уақыттың еншісінде болары анық.

Сәния СҮЛЕЙМЕН,
Астана қаласы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version