Сөз басы.
Жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуға көшті. Бұл бағдарлама негізінде бес күндік оқу аптасы да бар. Яғни, биылдан бастап бірінші сыныптар бес күн ғана білім алады. Жаңа бағдарламаның тағы бір жаңалығы – биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер оқу жылын «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» бастады. Ұзақ жылдар бойы балаларды оқу мен жазуға үйреткен «Әліппе» неге қолданыстан шығып қалды?
Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақ әліппесін жазуды 1910 жылы қолға алған екен. «Әліппемен» бірге қазақ графикасын да жасауға кіріскен. Оның негізінде қазақтың мәдени дүниетанымында бар көп ғасырлық дәстүрлі, өзге түркі халықтарына ортақ, туыстық сипаты бар араб таңбаларын алған екен. Сол таңбаларды Алаш қайраткері қазақ фонетикасына икемдеген. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырады. Мұны кейінірек «Байтұрсынов жазуы» деп те атаған. Қазақтың ұлттық графикасының атасы деуіміз сондықтан. Ғалым қазақ графикасын түзген соң, осы жазуды үйрететін әліппені жазып шығады. Сол кезден бастап әрбір зиялы азамат халыққа қара танытып, сауат ашу үшін әліппе жазудан бастауды мақсат етті. Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шыққан екен. Ал 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрі жазылды.
Алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» өлеңін оқулықтың беташары ретінде пайдаланады. Кітаптың әріп үйрететін бірінші бетінің үстіңгі жағында Құран сөзі жазылып қойылған екен. Онда: «Биссмиллаһи-рахмани-рахим» деген жазу бар. Оқулықта қазақ әріптері төте жазу ретімен беріліп отырған. Әрбір әріптің төменгі жағына қысқа әрі нұсқа мәтіндер топтастырылған.
Бұл оқулықтан соң, 1926 жылы әліппе қайта басылып шықты. Бұл бұрынғы әліппенің жалғасы деп атауымызға да негіз бар. Кітап 14 жылдан соң қайта өңделіп, Қызылорда баспасынан жарық көреді. Ғалымдар 1926-1928 жылы шыққан оқулықтардың арасында еш айырма жоқ екенін айтады. 1926 жылғы нұсқада әр тақырыпқа керекті суреттер қоса беріліп отырған. Ұйымдастырушылар суреттердің сабақ оқытуда баланың ұғымына тез қонымды болатынын негізге алған екен.
Бұл – қазақ әліппесінің тарихы. Қазаққа бір ғасырға жуық азық болған әліппе биылдан бастап сауат ашу пәніне өзгерді. Мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңға жуық оқушы алғашқы оқу білім парағын «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» бастады. Қазақ баласы талай замандар бойы жинаған білімінің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы деп ерекше қадірлеген «Әліппфенің» соңғы парағы жабылды. Министрліктегілер «Сауат ашу» пәнінің «Әліппеден» айырмасы жоқ екенін, екеуінің де оқу мен жазуға үйрететінін айтады. Алайда 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған тұңғыш «Әліппе» оқулығының бір ғасырдан астам уақыттан соң атауының «Сауат ашу» боп өзгергенінің себебін түсіне алмай әлекпіз. Министрлік жаңартылған бағдарламаны сылтау етіп, қазақты байырғы құндылығынан айырғысы келе ме? Бізді алаңдататыны да осы. Бір ғасырлық тарихы бар құнды оқулық атауынан неге жеріндік? «Әліппе» атауының өзі жүрекке жылы, көңілге қонымды еді ғой. Жыл сайын 1-сынып оқушылары «Әліппемен» қоштасу өткізетін. Сонда биылдан бастап оқушылар «Сауат ашумен» қоштасу жасамақ па? Көңілде сауал көп. Бұған өзгелер не дейді?
Гүлзина ӘБЕНҚЫЗЫ,
жоғары санаттағы бастауыш сынып мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
− Бүгінге дейін білім ордаларының табалдырығын аттаған кез келген оқушының алғашқы танығаны «Әліппе» болды. Сол себепті де «Әліппенің» әр адамға ыстық көрінетіні жасырын емес. Десек те, жаңартылған оқу бағдарламасына, жаңа мазмұнға сәйкес «Сауат ашу» «Әліппені» алмастырып отыр. Бұған дейін сауат ашуды пән есебінде жүргізіп келсек, биылдан бастап оқулық атауы ретінде енгізілді. Бүгінде балалардың мектепке даярлығы түрлі деңгейде. Әртүрлі мектепке дайындау орталықтары мен жеке даярлайтын оқытушылардың (репититор) қаптап кетуі белгілі деңгейде білім жүйесіне өз кедергісін келтіруде. Білім ошағына қызу дайындықпен келген бала үшін әліппе тым жеңіл. Жалпы «Әліппені» қолына ұстаған кез келген бала ондағы мәтінді оқып, тақпағын жаттауға еш қиналмайды. Себебі, «Әліппеде» барлық сөз, сөйлем буын-буынға бөлініп беріледі. Оның үстіне, бұл оқулық жаттанды оқуға үйретеді.
Сауат ашудың жаңалығы мен өзгешелігі көп. Жаңа оқу жылынан бастап білім жүйесіне енгізілген кітапты көрген ата-аналар бұл оқулық 1-сынып оқушысы үшін аса ауыр деуі әбден мүмкін. Себебі, «Сауат ашуда» бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналады да, сол уақытта баланы өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырмалар беріледі. Яғни, баланы жаттанды білімге бағыттау емес, бір дүниені үйренуге өзінше талпыну, іздену, керекті білімді игеруге өзі күш салып барып қабылдауға баулиды. Тағы бір ерекшелігі − сауат ашу тыңдалым, жазылым, оқылым және айтылым сынды деңгейлерден тұрады. «Әліппенің» кезінде балалар:
− Сенің атың кім?
− Менің есімім Әдия.
− Сенің жасың нешеде?
− Мен жеті жастамын, − дейтін қарапайым диалогты үшінші сыныпқа жеткенде құрып үйренетін. Себебі, бұл кітап әріпке байланысты әңгіме мәтіндер беріледі де, балалар оны толық түсіне алмағандықтан, мәтінді жаттап алады. Ал сауат ашуда бір әріпті үйрену жаңағы аталған төрт деңгей бойынша жан-жақты қарастырылған. Қарапайым диалогты оқушылар тыңдалым арқылы бірінші сыныпта-ақ меңгеруіне мүмкіндік береді.
Бұл оқулықтың «Әліппені» алмастырғаны жөнінде түрлі пікірлер бар. Десек те, мәселенің мән-жайын екі жақты қарастыру керек. Ата-ана ретінде біршама қиын болуы мүмкін. Бірақ маман ретінде сауат ашудың әлдеқайда тиімді деп айтуға болады. Жалпы бұл оқулықтың беталысы, алдына қойып отырған мақсаты жаман емес.
Ғани БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,
Edtech.kz халықаралық білім орталығының директоры:
– Бұл сұрақтың жауабын идеяның негізгі авторларының бергені дұрыс болар еді. Оларға елдің ғана емес, талай білікті мамандардың да қояр сұрақтары көп. Енгізіп отырған бағдарламаларының мықтылығына сенімділіктері күшті болса, қорықпай елдің алдына шыққандары дұрыс. Ең өкініштісі, олардың айтар дәйектері, керісінше сұрақты одан әрі көбейтуге алып келе ме деп қауіптенемін. Мәселен, «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» қоштасатынымыз, ол бер жағы ғана. Әрине, сөздің парқын түсінетін адам үшін мұның өзі жеткілікті екенін білемін. Кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеуді «БҰТ» деп қысқартып министрліктің елді бір шулатқаны естен кетпесе керек. Атауда тұрған не бар дейсіз, ол ештеңе емес. Мені шошытатыны, су жаңа бағдарламаның қарапайым елге беймәлім тұстары. Өрімталдай қазақ баласының білімін ағылшын мен орыс тілдері арқылы өсіреміз деу педагогика ғылымында болмаған құбылыс. Баланың жан-жақты дамуына тікелей ықпал беретін оқушының ең сүйікті еңбек пен сурет пәндерін біріктіріп, «Көркем еңбек» ету себебі тағы да ойландырады. «Әліппе» атауын ауыстырып, оны біріктірумен шектелген болса, бірсәрі, елді көкейін мазалаған осындай сауалдар өте көп.
Ұлжалғас АҒЫБАЕВА,
ұстаз:
− «Сауат ашу» деген ұғым сонау ХІХ ғасырда халықтың басым бөлігі әріп танымайтын, балалар балабақша түгілі мектепке бармаған заматта қолданылды және сол кезеңнің сипатына мән-мағынасы жағынан толық сай. Ыбырай Алтынсариннің халық сауатын ашып, балалардың білім алу жолында күрескен тұсы да сол заман. Ал бүгінде әр қазақтың баласы балабақшадан сауатын ашып келіп жатқан тұста мұндай ұғымды оқулық ретінде мектеп бағдарламасына енгізу қаншалықты дұрыс? «Әліппенің» тарихы тым тереңде. «Әліппе» қолданысқа енгізілген кезеңнен бастап, осы кітаппен әріп таныған оқушылардан қаншама қазақ зиялысы шықты. Ахмет Байтұрсыновтың мұрасы деп бағалап келген қадірлі кітаптың атауын ауыстыру арқылы не ұтамыз? Бәлкім, осы жобаға жауапты тұлғалар мәселенің мән-жайын оқулық мазмұнының өзгешелігімен түсіндірер. Десек те, егемендігін алған уақыттан бері сауатты әрі сапалы білім алуына мейлінше жағдай жасалып келе жатқан мемлекет жастарының «сауатын ашу» қажет емес. Әр қазақ баласы «Әліппемен-ақ» әріп танып, білімін жетілдіруге қауқарлы.
Бағдат БАТЫҚҰЛЫ,
«Балабек» журналының бас редакторы:
− Бір есептен, ең алғашқы оқулықтың жүйеге келтіріліп жатқанына қуануға да болар еді. Себебі, соңғы жылдары әр баспа өзінше «Әліппе» шығарып жүрді. Ұстаздар қауымы «Атамұраның» оқулығын дұрыс қабылдайды. Ал «Сауат ашу» оқулығы сол баспадан шығып отыр. Сапасы да жақсы, жеңіл, ұғынықты деген пікірлерді естідім. Бұған қуануға болады. Дегенмен министрліктің оқулықтың атауын былайша өзгерткені көңілге кірбің ұялатады. Өйткені «Әліппе» қазақы түсінікте қастерлі атауға айналып кетті. «Әліппеге» арналып талай ән-жыр, тақпақ жазылды. Осының бәрі бір сәтте керексіз болып қалғаны ма? Қынжыласың, әрине! «Әліппемен қоштасу» деген әдемі дәстүріміз бар еді. Біз қазір жаңару дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әр салаға, соның ішініде ағарту саласына да реформа қажет. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді ұмытуға болмас. Реформаның жөні осы екен деп, ұлттық құндылықтардан бас тартуға болмайды. Ал «Әліппе» деген атаудың өзі менің түсінігімде – ұлттық құндылық. Қалай дегенде, бұл асығыстау, шалағайлау шешім деп ойлаймын.
Сөз соңы.
Министр о баста «1988 жылдан бастап, ЭЫДҰ елдері бірінен соң бірі мектептерде жаңартылған білім беруге көше бастады. Бұл үдеріс 90-жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды өлшеудің бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол – PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі кейбір мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап, барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшуге төрт жыл жобаланып отыр» деген болатын. Жаңартылған жүйеге «Әліппе» оқулығы енбей қалған сыңайлы. Мың ғасыр бойы балаларға білім беруге азық болған «Әліппеден» неге жерінгенімізді ұқпадық. «Әліппемен» де жаңа стандартты енгізуге болар еді. Ғасырда, яғни білім ғасырында адамзат баласы тек біліммен ғана биіктерді бағындыра алады. Сол биікте Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» де қатар тұруы заңдылық еді ғой…
Гүл БЕКЗАТ,
Асыл ТҰМАР
“Айқын” газеті
«ӘЛІППЕ» ДЕГЕН СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
«Жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуға көшті. …Жаңа бағдарламаның жаңалығы – биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер оқу жылын «Әліппемен» емес, «Сауат ашумен» бастады. Ұзақ жылдар бойы балаларды оқу мен жазуға үйреткен «Әліппе» неге қолданыстан шығып қалды?» (13.09.2016 жылы «Ұлт Кз» газетінде (http://ult.kz/post/alippe-atauynan-nege-zheridik) «ӘЛІППЕ» АТАУЫНАН НЕГЕ ЖЕРІДІК?» деген атпен жарық көрген).
Бұған «Айқын» газетінің тілшілері: «Қазақ баласы талай замандар бойы жи¬на¬ған білімінің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы деп ерекше қадірлеген «Әліппенің» соңғы парағы жабылды. Министр¬ліктегілер «Сауат ашу» пәнінің «Әліппеден» айырмасы жоқ екенін, екеуінің де оқу мен жазуға үйрететінін айтады. Алайда 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы құрас-тырған тұңғыш «Әліппе» оқулы¬ғының бір ғасырдан астам уақыт¬тан соң атауының «Сауат ашу» боп өзгергенінің себебін түсіне алмай әлекпіз. Министрлік жаңартылған бағдарламаны сылтау етіп, қазақты байырғы құндылығынан айыр¬ғысы келе ме? Бізді алаңдататыны да осы. Бір ғасырлық тарихы бар құнды оқулық атауынан неге жеріндік? «Әліппе» атауының өзі жүрекке жылы, көңілге қонымды еді ғой. Жыл сайын 1-сынып оқушылары «Әліппемен» қоштасу өткізетін. Сонда биылдан бастап оқушылар «Сауат ашумен» қош¬тасу жасамақ па? Көңілде сауал көп. Бұған өзгелер не дейді?» деген сауал тастапты.
Қойылған сауалды өте орынды деп есептеп, өз зерттеулерімнің қорытындысын Сіздермен бөліскенді жөн көрдім. Әліппе – қазақтың төл сөзі, «Алып би» деген сөзден шыққан. Дәлел ме? Тыңдап көріңіз?
«Әліппе – сауат ашу оқулығы. Араб әліпбиінің алиф және би деген екі әрпінен құралған. 19 – 20 ғасырларда әліппелер араб және орыс әліпбиімен жазылды. А.Байтұрсыновтың oқу құралы (1912), Жаңа Әліпбиі (1926) өз заманына лайық әліппе жасаудың озық үлгісі болды.
Сауат ашу Қазақстанда сан ғасыр бойы араб әліпбиі арқылы жүргізілді. 19 — 20 ғасырларда оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан).
Бұл қазақ әліппесі жайлы бүгінгі тіл мамандарының (ғалымдарының) ортақ тұжырымы. Ешқандай бас қатырып ойланып жатпастан Әліппені Арабтың Алиф би деген екі әрібінен құралады дей салған. Ал, шындығында Әліппе Арабтың сөзі емес, оның шығу тегі таза қазақ сөзі. Себебі, Атам Қазақтың рулық шежіресі және Сопылық ілімі (тарихат) арабтардың қазақтан тарайтынын, және олар ертеде өздерін Тәзіке деп атағанын көрсетеді. Шежіре дерегі бойынша Тәзіке Қаз Адайдың бірінші немересі. Әліппенің негізгі атауы Алып би, яғни Алып және би деген екі біріккен сөзден тұрады. Алып (Алып таулар, Алып адамдар, Алып құстар, Алып айдаһарлар, Алып пілдер, Алып мамонттар), Қас би, Уақас би (Уа, Қас би), Бас би, Тау би, Күн би (ежелгі үйсіндер билеушісін Күн би деп атаған) деген ұғымдардың қатарына жатады. Алып қазақта ру аты, Тобыштан тарайды. Еуропа жеріндегі Алып (Альпі) тауы деп жүргеніміз осы атамыздың атындағы тау. Азия құрылығының солтүстік бөлігін жарып өтетін өзеннің аты Об. Об өзені бастауын Қар теңізінен (Карское море) алып, оның осы теңізге қосылар жері Об еріні (Обская губа) деп аталса, осы Об ерініне жалғасып жатқан тағы бір ерін, Таз еріні деп аталады. Осы өзен Сібір мен Ханты-Мансийск (Хан мен Ман) жеріне келгенде Ертіс деп аталады. Одан Тобыш (Тобыл) қаласынан өткенде бір саласы Тобыл атанып қазіргі қазақ даласындағы Қостанай қаласын қақ жарып ағады. Ресей жақ бөлігіндегі Об өзенінің жағасында Маңғыстаудағы Шерқала тауымен аттас Шерқала деген қала бар.
Түсініктеме: Тобыл – түбірі Об. Әр бір сөзде, яғни ұғым да, атау да «сөз түбірі» болады. Сөз түбірінің де түбірі бар, ол өз түбі. Сөздің түбірінде, яғни өз түбінде сол сөздің Атасы сақталады. Қазір біз оны Аталық тектен безіп, жаттың ықпалымен «авторлық құқық» деп атап жүрміз.
Шындықтың аты шындық, ақиқаттың аты ақиқат, одан ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды. Мына көрші орыстардың бізің Алып биімізді Азбука (сөз түбірі Аз және Ұқ), яғни Қаз Бұқа деп тұп-тура өз атымен дәлдеп тұрып атайды. Бұқаның сөз түбірі Ұқ (Үк), бұл Нұқ пайғамбардың «азан шақырылып» қойылған есімі. Енді осының үстіне Бұқа мен өгіздің синоним және Бұқаның бірінші буынының Бу (Су) екенін қосыңыз. Ақиқаттан қашып құтылудың жалғыз жолы, анадан жаңа туған, немесе соған жақын кезіңдегідей мәңгі бақи «сәби» күйіңде қалу.
Қазақ – Алшын (Кіші жұз, Бекарыс) – 12 Ата Байұлы – Адай – Тобыш – Ораздың ұрпағы Алып Ер Тобыш (парсы жазба деректерінде Афрасияб, «авесталық» есімі «Франграсиан», кейбір деректерде Алып ер Тоба, Алып ер Тона, Алып ер Тоңа, Алып ер Тонға, Алып ер Тұнға) жайлы Махмуд Қашқари деректі бірнеше тарихи новеллалардан тұратын «Түркі үстеулерінің сөздігі» деген белгілі еңбегінде төмендегідей дерек береді. «Қазойынның төңірегінде Афрасиябтың қызы Қаз Фаранқыз аң аулаған Құм бекініс бар. Афрасияб Мары қаласын тұрғызған. Қазіргі Жарыкент қаласының түбінде Дизраин немесе Мыс қамалының қалдықтары сақталған. М. Қашқаридің айтуынша Қаз Фаранқыздың жұбайы Сияуыш осында өлтірілген». (Қазақстан тарихы 1 том. 65 бет). Cонау Еуропа жеріндегі Альпі (Алып) тауы осында аты аталған Алып атамыздың аты. Жарыкент – Жарылардың қаласы. Жары руы Қаз Адайдың кенже немересі Мұңалдан тарайды. Топономикалық айғақтамасы қазіргі Ақтөбе облысы аймағындағы Мұңалжары (орысша Мугаджар делініп жүр) тауы. Бұл әлем билеушісі Шыңғыс қаған шыққан рудың аты.
Ал «Би» деген сөздің мағынасына келсек, Қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей көп ішінен нелер дарынды, айтқыш, сұңғыла әңгімешілер, ақындар, әнші-күйшілер, шешендер шыққан. Ондай өнерлі адамдар білгендерін ел ішіне жария етіп, зердесіне ұялатқан. Бүкіл қазақ баласы түйіні табылған бір ауыз сөзге тоқтаған.
Шешендер сөзі, билер пікірі айтылған жерінде тез жатталып, үлгі-өнеге күйінде халық жадында сақталып қалған. Жалпы тілімізде би, шешен сөздері әлдеқашан бірігіп, біртұтас ұғым беріп, кірігіп кеткен. Алайда, би болу үшін бір ғана сөз шеберлігі жеткілікті болып шықпайды. Би болу үшін ең алдымен елдің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ділі мен дінін, ел басынан бұрын-соңды болып өткен оқиғаларды, тарихта болған, өткен қайраткерлерді (артына өшпейтін іс пен із қалдырып, ұрпаққа үлгі болған пайғамбарлар мен әулиелерді, даналар мен данышпандарды, хандар мен қағандарды, өздерінен бұрын өткен билер мен шешендерді), тіпті бәрі-бәрін, яғни жақсысын да, жағымсызын да біліп, танып, жүйелеп отыруы бірден-бір қажеттілік болған.
Тарих тағлымы: Аталарымыз екі сөйлемеген. Мақал: «Ердің екі сөйлегені өлгені». Батыс пен орыс мәдениетін басшылыққа алған қазіргі орыс тілді қазақ бұл қағиданы мойындамайды. Олар үнемі екі сөйлеуді әдетке айналдырғандықтан, олардың сөзіне қазір ешкім сенбейді. Қазіргі орыс тілді биліктің, абыройдан жұрдай болып жүргендерінің басты себебі осы.
Халықтың дүниеге келіп, тілі шыққаннан бері қарай жасап, жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, сақталып келе жатқан телегей-теңіз әдеби, рухани мұрасы өз сабақтастығын үзбей бүгінгі күнге жетті. Атам заманнан бері, яғни Аталарымыздың тілі шыққаннан бері осы кәрі Қас бидің (Каспий) жағасындағы кәрі Манқыстауды мекендеп отырған қазақ елінен нелер айтқыш, тапқыр, көріпкел, суырып салма білгіштер шыққан. Олардың әр ой-тұжырымдарының өн бойында қазақ елінің шынайы тарихы: олардың ерлігі мен еңбегі, ақылы мен арманы, тұрмысы мен салты, дәстүрі мен ғұрпы, ділі мен діні бейнелі көрініс береді. Олардың қатарына: желмаясымен жерұйық іздеп, жер шарын жеті айналған Маңғыстаулық Асан би, Қас би, Уақас би, «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» делінетін Манның тікелей ұрпағы Майқы би мен келешекті болжаған, көріпкел әулие Мөңке билер (моласы Маңғыстаудың қырында), Аяз би (артына «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген ұлағатты сөз қалдырған), Едіге би, Саққұлақ би, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Әжібай, Сейіт, Бала би, Ермембет, Иса, Мәтжан, Алшын т.б. билерді айтуға болады. Атам қазақтың «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген батасы, «тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні» болмақ.
Қазіргі біздің Әліппені арабқа теліп жүргеніміз, Би болмақ түгілі, би түсетін үй де бола алмай жүргенімізді көрсетеді.
Би сөзінен төмендегідей мағыналары бар сөздер жасалған: би, билік, билік айту (төрелік айту), билеуші (лауазым, билік иесі), би-болыс, би билеу (адам көңіл-күйінің шарықтау шыңы), бибі (Айша бибі), бике, бикеш, бидай (астық біткеннің төресі, наннаң атасы), биік, биіктеу, биіктету, бие (құлынды бие), бида (тізгін), бипаз, бипыл (би білімі), биыл, биязы, биялай т.т. Өздеріңіз көріп отырғандай, би деген сөз түбірінен жасалған сөздер тек қана «ең жоғарғы» деген ұғым береді.
«Бұл күндегі Адайдың
Қонысы еді иеленген
Маңғыстау, Жаңғақ, Алақыр
Жоғары менен төменнен
Сарыарқа сала өзеннен
Тәңірдің берген халқы едік
Керегін тауып кенелген.
Байқасақ, нелер шыққан жоқ
Қалың Адай көлемнен?
Шежіре-шешен би шықты
Кеңес айтқан тереңнен» (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы. 1996. 157 бет).
«Әлеуметтер, құлақ сал,
Мына бір шолақ, дүннеде –
«Би өлмейді» дер едім;
Жұртты аузына қаратқан,
Алдынан топты таратқан;
Адасқан болса, жөндеген,
Төресін бұра бермеген,
Адамды ала көрмеген;
Аруағыңа болайын,
Қаз дауысты Қазыбек,
Төле би мен Әйтеке –
Солардан да – өткен бұл дүние… (Қашаған «Бес ғасыр жырлайды» Алматы-1989. 121 бет).
Қазақ халқының дана билері туралы Балқы Базар жырау былайша толғаған:
Тәңірісі артық жаратқан,
Аузына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан.
Баласын жақын көрмеген,
Төресін бұра бермеген.
Олардың айтқан сөзіне,
Тұла бойың шымырлап.
Сай-сүйегің тебіренген.
Көкірегінде білімнің
Көзі қайнап бұлақтай,
Қанаға сыймай кернеген.
Әруағыңа болайын,
Ертеңгі атқан орыстың,
Зеңбірегіндей еңіреген.
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке, Алшын, би Кебек,
Өтетілеу, Сарытай,
Тампыш Мұрат, Кетебай.
Бір пендеге тұрарлық,
Оларға берген абырой.
Өлшеулі демі біткен күн,
Солардан да өткен сұм заман» (Х.Маданов «Кіші жүздің шежіресі» Алматы, 1994. 128 бет).
Сөз қадірін аса жоғары бағалап, бір ауыз сөзге тоқтаған мәрт халық ұлан-ғайыр ата қоныстарының қақ ортасында орналасқан теңізді Қас би (Қаз би), тасқа салған таңбасын тіл, билер сөзінің қағазға түскен таңбасын Алып би деп атамай басқаша атауы мүмкін де емес қой!
Алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың өзі құрастырған оқулығын ӘЛІППЕ, яғни АЛЫП БИ деп атаған себебі осы болатын.
Бұл атауда “авторлық құқық” толық сақталған. Ал, мына орыс тілді министрлік ұсынған “Сауат ашу” деген атау қазақты өз тарихынан ажыратып, авторлық құқығынан айырып тұр.