Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Ұстаздың қадірі, мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» – деуі тегін болмаса керек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ұлттық білімнің сапасын арттыруда, орта білім беру саласына жаңа стандарттар енгізу бойынша нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Осы орайда, ұрпақ тәрбиесімен тікелей бетпе-бет келетін ұстаздар жайлы, олардың әлеуметтік әл-ауқаты, қоғамдағы мәртебелеріне қатысты кейбір проблемаларды алға тартпақ ниеттеміз.
Кәсіподақ органдары мен оған мүше ұйымдардың алға қойып отырған ең басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылғандықтан, білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатының нақты көрінісін жеткізуде бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Ал бұл дегеніміз, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың негізгі құралдарының бірі. Осы уақытқа дейін кәсіподақ жұмысы түрлі үлкен сынақты тәжірибеден өтіп, бүгінгі күні салиқалы да салмақты, берекелі де беделді қоғамдық ұйымға айналды. Билік пен қоғамның өзара уағдаластық үйлесімі әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылып келеді. Білім және ғылым министрлігімен Салалық кәсіподақ арасында байыпты өзара ықтымақтастық орын алды. Екіжақты қол қойылған 2015-2017 жылдарға арналған салалық келісімшарты да ұстаздардың мәселелерін шешуде оңтайлы септігін тигізеді деп сенеміз.
Елдегі экономикалық-қаржы дағдарысына қарамастан, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру қызметкерлерінің жалақылары 29 пайызға артуы, жыл сайын білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базаларының нығайтылуы, білім беру ұйымдарының жаңа заманауи технологиямен жабдықталуы, жас мамандарға жасалған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жүзеге асуы сынды нәтижелі жұмыстардың бәрі мемлекет тарапынан көрсетілген ірі қолдау. Дегенмен, атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға қарамастан, қоғамдағы ұстаздардың мәртебесі әлі де төмен. Бұған ұстаздарға қатысты кейбір шешілмеген мәселелердің түйткілдері себеп болып отыр. Мысалы, елімізде ұстаздың еңбекақысы қазақстандықтардың орташа жалақысымен салыстырғанда небәрі 75 пайызды құрайды. Әрине, қазіргі таңдағы дағдарыс жағдайында мемлекеттен білімге, соның ішінде педагогтар үшін қосымша жағдайлар мен кепілдіктер жасауға шығын көлемін көбейтуді талап етуге қолайлы уақыт емес екендігі түсінікті. Алайда, біз білім берудің жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты еңбек талаптары мен жүктемелерінің артуына орай, жалақыны әділетті түрде көбейту қажет деп ойлаймыз. Еңбекке ақы төлеудің бірыңғайланған жүйесінің бірнеше кемшілігі бар, соның бірі – педагогикалық еңбектің ерекшелігін ескеретін салалық тәсілдің болмауы. Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің қолданыстағы бірыңғайланған жүйесін алып тастау туралы неге ойланбасқа? Білім беру ұйымының қызметкерлері үшін салалық ерекшелікті ескеріп, штаттық-лауазымдық тәсілдерді көздейтін еңбекақы төлеудің салалық жүйесін әзірлеп және оны енгізу қажеттілігі туындауда. Жалақының мөлшері еңбектің саны мен сапасына тікелей тәуелді болуы тиіс. Жалақыны дифференциялау қажет. Педагог қызметкерлердің еңбегін материалдық ынталандыруға мүмкіндік жасау мақсатында материалдық көтермелеудің жеке қорын қарастырған жөн.
Әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша педагогтардың тек 60 пайызында ғана жеке баспана бар. Әлемнің экономикалық дамыған елдерінде білім беру ұйымының қызметкерлері әл-ауқаты жағынан орташа топқа жатса, қазақстандық педагогтар туралы олай деуге әлі ерте. Салалық кәсіподақ аталған мәселелерді өз назарынан тыс қалдырған емес және бұған қатысты сұрақтарды Үкімет, Парламент пен салалық министрлік алдында бірнеше рет көтерді. Сала қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту жөнінде педагогикалық кәсіптің абыройын арттыруға бағытталған ұсыныстар да айтылып келеді.
Жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс ретінде педагогикалық мамандықтарға миллиардтаған қаражат бөлінеді. 2015-2016 оқу жылында жалпы саны 32 168 гранттың 3 689-ы педагогикалық мамандыққа берілсе, биылғы 2016-2017 оқу жылына бөлінген 31 700 гранттың 5000-і аталған мамандықтарға тиесілі болды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, диплом алған жас педагогтардың саны елімізде жеткілікті. Дегенмен, олардың көпшілігі өздерінің мамандықтары бойынша қызмет атқаруға талпына қоймайды. Өйткені, жас ұстаздардың жалақысы небәрі 50 мың теңге шамасында. Мұндай төмен жалақыға жастардың барғысы келмейтіні белгілі. Сондай-ақ, педагог қызметіндегі гендерлік сәйкессіздіктің реттелмеуі де өз ықпалын тигізуде. Елімізде мұғалімдік қызметті атқаратындардың 86 пайызын әйелдер құрайды. Күрмеуі күрделі мәселелердің қатарына ұстаздардың қартаю үрдісін де қосу керек. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеулеріне сүйенсек республика бойынша мұғалімдердің саны 340 мыңнан астам екен. Ал оның ішіндегі 8000-ға жуығы зейнеткерлер көрінеді. 40 мыңнан астамы зейнет жасы алдындағы ұстаздар болса, жастардың үлесі небәрі үштен бір бөлігін құрайды.
Ұстаздар қауымы кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында әр 5 жыл сайын біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтеді. Алайда, бүгінгі ғылым мен техниканың даму үрдісінен қалыс қалмау үшін 5 жылдық мерзімді 2-3 жылдық мерзімге қысқартқан жөн деп санаймыз. Мұғалім кәсіби тұрғыдан өздерін ұдайы жетілдіріп отыруы тиіс. Педагог кадрларды сапалы даярлау мәселелеріне де жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Көп жағдайда мұғалімдер білім жетілдіру ісінде оқу үрдісіне керек құрал-жабдықтарды, оқу-әдістемелік әдебиеттерді, ғылыми-педагогикалық шығарылымдарды жеке қаражаттарына сатып алуға мәжбүр. Осындай шығындарды өтеуге мемлекет тарапынан компенсация тағайындалса нұр үстіне нұр болар еді.
Педагогтарды толғандыратын мәселелердің тағы бірі – ұстаздар жыл сайын демалысқа шығатын кезде жалақысының бір айлық көрсеткіші мөлшерінде тағайындалатын емдік жәрдемақының жеткіліксіздігі. Елдегі барлық шипажайлармен жеңілдетілген баға саясатын ұсыну бағытында келіссөздер жүргізумен қатар, салалық кәсіподақ ұйымы өз тарапынан қолдау көрсетіп, кәсіподақ бюджетінен мұғалімдердің сауықтыруына белгілі деңгейде көмек көрсетіп келеді. Мұндай көмекпен республикамыздың барлық мұғалімдерін қамтамасыз етуге кәсіподақ қауқарсыз. Осымен қоса, ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын ұстаздарға отын алу шығындары бойынша мемлекеттік биліктің жергілікті органдарымен материалдық өтемақы бөлу мүмкіндігі заң аясында анықталған. Бірақ бұл көмектің ең аз шегі анықталмаған. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда бұл әлеуметтік кепілдікті алып тастау мәселесі қарастырылып жатқаны педагогтардың әлеуметтік жағдайына қиындық тудыратыны сөзсіз.
Жоғарыда аталып кеткен түйіндер оңтайлы шешілмейтін болса, білім беру қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесінің көтеріліп, білім сапасы көңіл көншітетіндей деңгейге жетуі екіталай. Бұл мәселелерге Үкімет, кәсіподақ, жергілікті әкімшілік болып, тіпті қоғам болып бірге ат салыссақ, ұстаздар бар ынта-жігерімен бала оқытуға құлшынар еді.
Иә, ұстазға тән қасиеттің барлығы олардың бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны да анық. Бұл тұрғыдан келгенде ұстазда ұқыпты, білікті, жан-жақты заман азаматы болуы тиіс. Мұғалімнің ең негізгі миссиясы – оқушының өз-өзін тануға, дамытуға әрдайым ықпал жасау. Ұл-қыздың қоғамға, өз Отанына қызмет етуін санасына сіңіру болып табылады. Педагогикалық жаңашыл үрдіс пен идеялар қазақстандық мектептердің тынысын ашып, зердесін ұштайды. Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» дейді. Ендеше, елімізде білімге негізделген инновациялық-экономикалық жетістіктерді елдің даму стратегиясымен сабақтастыратын, әрі оны жүзеге асыруына үлкен үлес қосатын ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, мерейлі еңбектеріне сәттілік тілейміз.
Майра АМАНТАЕВА,
«Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Суретті түсірген: Орынбай БАЛМҰРАТ,