Home Ұлт діңі Ұлттық тәрбие  мұраты ұмыт болғаны қалай?   

Ұлттық тәрбие  мұраты ұмыт болғаны қалай?   

0
 “Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi”- деп әл- Фараби айтқандай, педагогика  ғылымы зерттейтiн негiзгi категорияларының бiрi- тәрбие. Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын- ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатуға бағдарлайды.. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың тәрбиелік құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзедi.Педагогикалық іс-әрекет мұрат-мақсатсыз ешқашан жүзеге асқан емес. Тәрбие адамның дамуына әрқашан мақсат көздеп, ықпал ету болып табылады. Адам қажеттiлiктi қанағаттандыру көзi болатын қоршаған ортаға тәуелдi бола отырып, оған белсендi түрде ықпал етедi, оны және өзiн мақсатты iс- әрекет процесiнде саналы түрде қайта құрады. Сондықтан да адамның саналы түрдегi белсендi iс-әрекетi оның жеке басын қалыптастырудың негiзi.Осы заңдылықты қазақ халқы ертеден түсінген. Бұл түсініктің басты өзгешелігі-қоршаған ортаны өзгертіп қайта құруға  мән беруден гөрі оған икемделіп тіршілдік етуді көбірек ойластырған. Алғашқы қауымдық құрылыстан біздің заманға шеру тартатын мәдениет дәстүрі сабақтастығын тиянақтап зерделесек, оның казіргі педагогика жетістіктерінің ілкі бастауында орны бар екендігіне көз жеткіземіз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы-өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.Тәрбие –жас үрпаққа білік пен дағды қалыптастыру процесі. Бұл арнайы ұйымдастырылған, басқарылатын және бақыланатын, соңғы нәтижесі қоғамға қажет және пайдалы «кісі» қалыптастыру болып табылатын тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара іс-әрекеті. «Баланы ұлша тәрбиелесең-ұл,құлша тәрбиелесең-құл болмақшы.» АБайтұрсынұлы. Жер бетіндегі әр ұлттың мақсаты –өз ұрпағының бойында адамдық қасиет, ұлттық рұх пен мәдениеттің күш – қуатын қалыптастыру, ұлттың болмысын, оның өмір сүру тәсілі мен тәжірибесін, тәрбие ықпалының жолы мен бағытын ұғындыру. Мағжан Жұмабаевтың: «Баланы тәрбиеші дәл өзіндей  қылып емес, келешек заманына лайық қылып шығаруы қажет,» – деген ойы тәрбиені келер күн талабымен  ұштастыруды ескерткен.Әзірет Әлі атамыз: «Баланы өзімдей  бол деп үйретпе,өзімдей болма деп үйрет»,деген екен.   
          Мақсат дегеніміз – бір нәрсеге ұмтылу, іске асыру және нәтижеге жету. Тәрбие мақсаты жастарды – өмірге әзірлеу мақсатымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының нәтижесін ерте болжау. М.М.Тілеужанов өзінің “Қазақ тағылымы”(1994) атты монографиясында тәрбиенің мақсаттарын атап көрсетті.Олар: ар – ождан тазалығын сақтау; ақыл – ойлы, парасатты болу; барлық әрекетінен, сөйлеген сөзінен, қарым-қатысынан, көзқарасынан ғибрат иісі аңқып тұру; ерте тұрып, кеш жату; аз сөйлеп, көп тыңдау; иманды, инабатты, қайырымды болу; жас ұрпаққа тәрбие беруден жалықпау; халық дәстүріне берік болу; оны жаңарту; әдет-ғұрыпта жоқ нәрселерден аулақ болу; сегіз қырлы, бір сырлы болу; халқының рухына кір салмау;ел берекесін сақтап, оның баюына үлес қосу. Сонымен дәстүрлі педагогикада жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі мақсаты “жан-жақты үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру” – деп жазды.М.Жұмабаев:  «Көркем денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынарлық болса, баланың дұрыс тәрбие алып шын адам болғандығы» деді.  Әулет мектебііндегі тәрбие ісі,ғалым Ш.Ахметовтың зерттеулерінде негізінен басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуге үйретуді көздеген,әке-шеше баласына «әдепті бол»дегенді басты міндет етіп қойған.Екіншіден, олар баланы қайрымды, иманды, мейрімді болуға тәрбиелеген.Үшіншіден,тіл алғыш,елгезек болуға баулыған. Төртіншіден,адал,шыншыл болуға үйреткен.Бесіншіден, өнегелі ұстаз бен көпті көрген карияның сөзін тыңдап, «ақпа құлақ болмай құйма құлақ бол» дегенді бойларына біртіндеп сіңіре білген.Алтыншыдан,үлкенді,ата-ананы сыйлап құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған. Жетіншіден,кісі айыбын бетіне баспай,біреуге орынсыз тіл тигізбейтін әдепті азамат бол,әсіресе қаріп-қасерлепрдің табиғи кемдігін(мұрны пұшық аяғы ақсақ т.б.)бетіне баспа деп үйреткен.Сегізіншіден,ел қорғаған батыр бол.Халық алдында қызмет ет,бар өнеріңді соған жұмса дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай,жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған.     
     Ал,ғалым Қ.Жарықбаев: «Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-эконмикалық жағдайларына,мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің артықша талап-тілектерін өмірге әкелді.Мәселен,бұлар,жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы,бір сырлы»делінетін қанатты нақыл сөздерімен қисындады.Осынау аталы сөздің мән-мағынасы мыналар еді.Көшпелі малшаруашылығын жете игеру; еңбексүйгіштік пен қиыншыдлыққа төзе білу,ел намысын қорғау,жаудан беті қайтпау,ата тегін жадында сақтау,сөз асылын  қастерлеу,тапқырлықпен алғырлық, ат құлағында ойнау,ата салтын бұзбау»жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың мәселін қайтармақ,көрші қақын жемеу, т.б.)» деген қорытынды жасаған.Ұлттық тәрбие мұратын анағұрлым терең қарастырған ғалым,С.Қалиев: «Халық педагогикасының негізгі мақсаты-өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып,келер ұрпақты еңбексүйгіштікке,өнерге баулу,жанұя,ауыл-аймақ,Отанның ар-намысын қорғай білетін,жаны жайсаң,арлы азамат тәрбиелеу болды» дей келе «сегіз қырлы,бір сырлы»,мінезі майда,ары таза, тәні сау,өнегелі-өнерлі,жан-жақты жетілген, «толық адам» тәрбиелеу дейді. Ал,Ә.Табылдиев: «Ер бала әке жолын қуып, «әкеден асып туып»,қатарынан қалмай,алдына қойған мақсаттарын абыроймен орындауға броышты;елін қорғау,еңбек ету,ата-анасын ардақтау,өнер үйрену,күш-жігерлі болу,айтқан сөзінде тұру әділетті болу,біреуге жалынышты кіріптар болмау,әйел адамды құрметтей білу,,жасық болмау, т.б. қасиеттерді бойына сіңіру…»деп жазады. Міне,бұлар қазақ ұлт өкілінің бойынан табылуға тиісті негізгі қасиеттер,ата-бабамыздың арман тілегі,тәрбиелеудің түпкі мақсаты. 
        Қазақ тәлім-тәрбиелік үрдісі бойынша,бірінші мүшелде ұлт өкілі қалыптасудың негізі қаланып,екінші мүшелде ол нығайып бекіп,адамның қалған ғұмырында дамып жетіледі деп есептеледі.Бірінші мүшелдің екінші жартысында бала қауымы ұл мен қыз болып екіге дараланып оларды тәрбиелеу мақсаты мен құралдарында, амал-тәсілдерінде айырмашылық пайда болады. Түрік дәуірінде: «Бек ұл,пәк қыз» тәрбиелеу мақсаты қойылса,оғуз дәуірінде «иманды ұл,ибалы қыз»,ғұн,сақ дәуірінде «батыр ұл,батыл қыз» немесе «Ер жігіт,батыр қыз» тәрбиелеу мақсаттары басқа тәрбиеден басымдылық алған.Анығырақ айтқанда дәуір талабы,тәрбие мақсаттарын айқындап отырған.Осы негізде тәрбиелеу қазақ ілімінде: «Жұртыңды сақтап қалғың келсе ұлыңды дұрыстап тәрбиеле, ұлтыңды сақтап қалғың келсе қызыңды дұрыстап тәрбиле» деген қатаң қағида қалыптасқан. «Ұлын тәрбиелей алмаған құл етеді,қызын тәрбиелей алмаған күң етеді» деп ерекше ескерткен.Ел іргесін жаудан сақтап қалатын: «сұңғақ бойлы,терең ойлы,қырандай алғыр,көсем жігіт,ел басқара алатын шешен жігіт,еліне қорған болатын алаберен өнерлі ұл» тәрбиелеп өсіру сол дәуірлерде басты мұрат болған.
     Байырғы қазақ елінің асқақ адамгершілік мұраттарына иек артқан болашақ ұрпақтың тәлім тәрбиесі мен үлгі өнегесінің ең шарықтау шыңы-жеке бастың таза да,ұятты болуы екендігі тар мағынасында баршаға белгілі.Ата-бабамыз ар тазалығын бәрінен де биік қойған. Сондықтан да,қасиетті халқымыз адамгершілік хақындағы асқаралы асыл түйсігін «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген нақылмен жеткізген. Ұлға отыз үйден,қызға қырық үйден тыйым сала білген бабаларымыз:«құлықты ұл,қылықты қыз», «өнерлі ұл, шебер қыз», «айдарлы ұл,тұлымды қыз», «айбарлы   ұл,ақылды қыз»,« «ісмер ұл,істі қыз», «шешен жігіт,ақын қыз» «ер жігіт,есті қыз», «ақылды жігіт,арлы қыз», «намысты ұл,өрелі қыз», «өрелі жігіт, өнерлі қыз», «аяулы азамат, асыл жар», « Қазақ жігіт,Қазақ қыз» қатарлы тәрбиелеу мақсаттарын алдарына қойып, өте нәтижелі тәрбиелеп келгендігіне тарих куә.Олардың бойындағы адамдық асыл қасиеттер мен өнер үлгісі тасқа қашалып,ағашқа ойылып, қағазға хатталып жазылған.Күллі шығармашылық еңбектерге арқау болып бүгінге жеткен.Қазақтың осындай аты аңызға,ісі өнеге айналып,өнері қазақ даласының ауасына сіңісіп,жеріне жұғысқан ұл мен қыздарын мың-мыңдап атауға болады.Мейлі олар аз болсын,көп болсын ең бастысы,кісілік қасиеттері ортақ болған.Міне осы қасиеттерді жиынтықтап: «Жігіт сегіз қырлы бір сырлы болсын» деген.Қазақ атамыз әлеуметтік-экономикалық және тарихи географиялық жағдайларға сәйкес қазақ халқының жас ұрпақ тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктерді де мұқият ескерген.Осыған сәйкес ұлттық тәрбие мұраттары мен тәрбие мақсатында дәуір талабына сай белгілі дәрежеде өзгерістер болып отырған.Ал,тәрбиенің түпкілікті іргетасында,дінінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Жалпы алғанда,ол:өмірге қажетті,маңызды білік дағдыларды игерту, денсаулығын шынықтыру,еңбекке баулу, табиғатты,туған жерін,өскен ортасын сүюге тәрбиелеу еді.Қазақ тәрбие ілімінде «Қазақ жігіт,Қазақ қыз» деген ұғым ең қастерлі,ең дәрежелі ардақты,аруақты рәміз.бұл атаққа дақ түсірмей, даңқын зорайтып  өнеге көрсеткен қазақ ұл,қыздарыныың аты тарихта,жүректе мәңгі сақталған.Жігіт деген сөздің шығу тегі біздің ойымызша: түріктің:иг-ер-жигер, жігер, игдірілген-жігерлен-дірілген-тәрбие-ленген-бозбала болу керек.Бозбала-боз-да-ғым-боз-оқ-тан шыққан.Бір кезде жігіт деудің орнына ер деген сөз қолданылған.Ер-жігіт тіркесі кәзірде қолданыста бар. Ал жігіттің сегіз қыры нені көрсетеді?.«Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол»-деп уағыздайтын халқымыз жаныған жағы жетіле беретін көп қырлы  алмас тәрізді қазақ жігітін қиялында бейнелеп, арманында қазақ азаматының сұлбасын сызып кескіндеген. Сол,азаматтың-ұлт өкілінің,адамгершілік асыл қасиеттері де сегіз қырлы болсын деген.Бұл қасиеттерді дана, ғұлама, шешен, би аталарымыз ауызша да, жазбаша да бізге жеткізе білген.   Абай бабамыз: «талап еңбек,терең ой,қанағат,рахым ойлап қой»десе,Шәкерім атамыз: «таза ақыл,ақ жүрек, адал еңбекті» атаған.Саққұлақ би: «адам басшысы-ақыл, жетекшісі-талап,жолаушысы-мінез,сынаушысы-халық» депті. Халық арасында «алты асқар» деген ұғым бар Олар: ақыл,білім, жомарттық, әділдік,шыншылдық,кеңпейіл.Адамның жеті серігі деген ұғымда: шолғыншысы-ат, қорғаушысы-аруақ десе,үш қуаты ретінде-тіл,ақыл,жүрек аталған.Ал,адамның үш тоқтамы ретінде;ақыл-арқан,өй-өріс,адам-қазық деп көрсеткен. 
          Міне,осылар мен басқа дәйекті ескере отырып, жігіттің сегіз қырын; нұрлы ақыл,жібек мінез, тұнық иман,адал еңбек,терең ой,қаһарман қайрат,өршіл талап, өшпес өнер-деп тұжырымдаймыз. 
      Қазақтар қолмен,аспаппен,сайманмен,қарумен ғана емес,ақыл-оймен атқарылатын күллі еңбекті де өшпес өнер деп түсінген.Мәселен,малды мүшелеп сойып,кәделеп жіліктеу де,қолмен шымши орап тоқу да,жас ұрпақты асырап- бағып тәрбиелеу де,құс салып саят құру да,ат баптап бәйгеге қосу да,хаттап кітап жазу да,т.с.с. бәрін өнерге санаған.Сондықтан да, «жігітке жетпіс өнер де аз» деген.Ал,бір сырлы деген не?    
       Қазақ үғымында,жұмыр жерде және басқа әлемде (астыңғы,үстіңгі)адам тектес жануарлар(кісі киік,малғұн-мақұлық,басқа әлем қонақтары,қор қыздары т.б.), албасты, ібіліс,жын-пері,шайтан-елес, тым көп.Бұлардың бірсыпырасында, адамдарда болуға тиісті барлық қасиет, іс-әрекет бар.Біршамасында тек рух жоқ.Ал,қалғандарында рух болған-ымен жүрек жоқ.Басқаша айтқанда, жүрексіз рухтар, жын-шайтан,елес түрінде кезіп жүр.     Қазақ ғұламалары:-рухтың мекені-жүрек,хабаршысы-ұят,қанаты-ой екенін,ал, рухани жетілудің, адамгер-шіліктің мәні-Махаббат пен Парасатты,шығармашылық ерікті дамыту екендігін айтып кеткен.Таза ақылдың тамыры да,ар-ұяттың ұясы да,намыс пен жігердің бастауы да -осы Жүрек.Жүрек-рухтың қамалы.Егер адамның жансарайын жайып салып,ашып көретін мүмкіндік болса,Жүрек сыры- бірден көзге түсер,алтын сандық асылы- Рух  танылар еді.Ол берік қорған ішінде таза да,табиғи қалпында сақталады.Қазақ жігітінің бір сыры-осы рух.Рух-кісінің бәрінде бар,бірақ,дәрежесі әрқилы. Рух-жүрекке қонақтамаса,қорғанын таппаса,елеске айналып кетеді. Немесе жанмен бірге бейіште сая табуы керек.      «Қазақ қызы» үшін осы сегіз қасиетке қоса әсемдік пен ибалықтың болуы шарт.Қыздың қимасы ары пен ибасы деп қазақ бекер айтпаған.Қыз баланың өмірде алатын орнының,жаратылысының ерекшелігіне байланысты тәрбие мақсатында да өзгешелік бар.Қыз бала өзінің әдептілігімен,ізеттілігімен,сезімтал сергектігімен жаныңды жадыратады.Қыздар жүрген жер көрікті де көңілді, күміс күлкі,әсем ән,асыл нәзік сезім дегендердің бәрі де соларға тән нәрсе.Сондықтан халқымыз қыз баланы ежел-ден-ақ ерекше ардақтап,мәпелеп өсіріп келеді,осы негізде мынандай тәрбие дәстүрі қалыптасқан. Қызды жас кезінен көздің қарашығындай сақтап, әлпештеп,мәпелеп өсіру, оның ақылды да әдепті болуына жан салу,ар –намысын қорғауға келгенде маңына жан жуытпайтын қаһарлы да,қалша етіп шыңдау, балқыған, толқыған,еліктегіш шағында қызға қырық үйден тыйым салуы,қызды ерекше эстетикалық шеберлік пен нәзіктік тілейтін еңбекке (кесте,өрнек,т.б.)баулу,әсем киініп, көркем сөз,ән күй секілді өнермен тәрбиелеу,әсемдіктің ортасында малшындырып(әшекей тағу,асыл металл ілуден қазақ қыздары үнді қыздарынан кем түспеген)тұрмыс кештіру қазақтың қыз тәрбиесінде ерекше мақсаты болғандығын көрсетеді. Қыз бала әулетте ерекше бағаланады.Ол ең әуелі өріс кеңітер ұрпақ,ауылдың сәні,шаңырақтың шаттығы қадірлі қонақ.Дүниеге қыз келіп,ата-анасы:«Ырыс алды-қыз»-деп қуанған.Қыз атауы, менімше түрік сөзінен қалған.Көне түрікше:куз-күз-қүй-күйкен тіркестері көз-өріс,шырақ немесе қиз-қиқын,қыз-қырқын болып түрленген.Баланы:құт-қу-кү-хү-күй–хэд деп атаған. Қазақтар қыз- ды күні бүгінгі дейін өріс, шырақ, көзімнің қарасы деп теңей айтады.Саян түріктері қызды-күйкін деседі. Көріп отырғанымыздай тәрбиелеу қазақ ілімінде айқын мақсат,сенімді мұрат,жеткілікті үлгі-өнеге болғандықтан әркез тұрақты ұлт өкілі-қазақ азаматы қалыптасып отырған.Мұраттар мен мақсатты жұрт жаппай толық түсініп, барлығы бірдей мойындап,жүрегіне жеткізіп қабылдаған. Сондықтан да, аталған мұраттар мен мақсаттар қазақтардың сүйегіне сіңіп,қанына жұғысып, рухына араласып кеткен.Осы негізде бір текті,бір тілді,бір ділді, бір дінді ала-құласыз халық қалыптасқан.Осы ортаға тап келген шарана да шайқалып,бөгде де бөленіп,ұлт өкілі болып өңделетін.Бұл жағынан тәлім-тәрбие ісі бір ізді, тұрақты болып,нәтижесі тамаша табысқа жеткен.Қазақ тәрбие ілімінің мұрат мақсатының еркшелігі: қысқа да нұсқа, тәрбиелеуші де,тәрбиеленуші толық түсініп ұғынарлық болған.Мысалы; «өмірге есті де,епті ата-ана дайындау, немесе аяулы азамат,асыл жар тәрбиелеу» т.б. Мұраты, барлық адамдарға ортақ,ұзақ уақыт ұстануға, басшылық етіп, бағыт-бағдар болдыруға  тұрарлық терең мазмұнға құрылады.Мақсат-әр жастағы, әр жыныстағы адамдардың ерекшелігін ескерген, тәрбиелеу амал-тәсілдерін таңдап алуға тікелей көмектесетін айқын болады.Мысалы; «бек ұл,пәк кыз», «иманды ұл, ибалы қыз» т.с.с.Ұлттық тәрбиелік мақсаттар ұғымды болумен қатар бұлтарыссыз сенімді келеді. Имандылық тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата – ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам»,- депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне -өзі талап қоя білуге тәрбиелеу-имандылықтың басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап сіңіру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды. Қазақ ұрпақ тәрбиесінің мазмұнын тым ерте кезден терең пайымдап,өте нақты мақсат қойып,мұрат тұтқан.Айталық:Қазақ қатты айтсаса да,жақсы айтатын халық. « Әкемін деп қайтесің,тіліңді ұлың алмаса, адаммын деп қайтесің, жүректе жылу болмаса. Ақылды ұрпақ өсірсең алып шығар құлдықтан, ақылсыз ұрпақ өсірсең, булыққаның булыққан!»     
     Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 01 маусымдағы № 348 бұйрығымен бекітілген, «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері»-атты құжатта: «Патриот, білімді, дені сау, жауапты және жігерлі, инновациялық экономика жағдайында табысты қызмет ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, қазақ халқының жалпы -адамзаттық құндылықтар мен мәдениетті бойына сіңірген, толерантты, дүниежүзіне танымал және мәртебелі-2020 жылғы қазақстандық жастар осындай болады.» Сенесіз бе?    
         Ата заң,Азаматтық кодекс,білім заңы сияқты,тәрбиелеудің бүгінгі мұрат, мақсатын айқындаған құқықтық құжаттардағы аталмыш мәселелер мазмұны тәрбиелеушіге де,тәрбиеленушіге де түсіндіріліп-насихатталмаған,көпшілігі олар туралы мүлде білмейді. Тәлім-тәрбие беру ұлттық қағидалар мен мұрат-мақсаттар ұмыт қалып,тәрбиелудің ұлттық құралдары жеткілікті пайдаланылымай,ұлттық тәрбиелеу жолдары тәрбиелеушілер(ата-ана,ұстаз,мұғалім, тәрбиеші,т.б.)-ге айқын болмағандықтан,оның қолдану аясы тарылып кеткен.Жібек мінез,биязы әдеп игеру  адамның жекебастық еркі саналып,  кім қандай әдеп-мінез игеруіне еркіндік берілген.Сондықтан, жасұрпақ, өздері білмейтін,түсінбейтін қазақи әдеп,жібек мінезде не шаруасы болсын,онан-мұнан көргеніне еліктеп бетімен кеткен.Мысалы,имандылық дінге қатысты делініп,ырым-тыйымдар көне наным-сенімі саналып, «оларды этнопедагогикаға сәйкестіріп,ғылымиға келтіріп пайдалану қажет» деген орашолақ ойлар пайда болған.Әулет педагогикасы-Қазақстан педагогика ғылымының шеңберінің сыртында қалып,          кезінде «Бала тәрбие-сін ересектерден бастау керек»-деген А.Байтұрсынов ескертпесі ескерусіз қалған. Я.А.Каменскийдің өзі «Ұлы дидактикадан» бұрын ана мектебі туралы жазған еді. Тәрбиелеуді «тәрбие туралы білім берумен» алмастырып,көркем әдеп,жібек мінез игерту машығы мен дағдысы-өз жайында далада қалған.Мұның бәрі,халқымызда бұрын-соңды болмаған,нелер сорақы қылықтар мен әдепсіздерді әдейі дайындағандай көргенсіздерді көбейтіп жіберген. «Құлықты ұл,қылықты қыз», «бек ұл,пәк қыз» немесе «иманды ұл,ибалы қыз» десең,ондай қыз -ұлдар кәзір  «музейде жоқ»дейтін болдық. Мұның бәрі Қазақстан Республикасында жас ұрпақты тәрбиелеу мақсат-мұратын жаңа идеямен қаруландырып,тәрбиелеу ерекше қағидатын негіздеп,жаңа белеске көтеру керек болып тұр.        
 
                                          Қобдабай Қабдыразақұлы(ғалым-жазушы)   

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version