Соңғы кездері биліктің қолға алғанәрбір қадамы халық назарында. Әсіресе, білім беру саласының бүгінгі жағдайынаалаңдаушылық білдіретіндер аз емес. Себебі білім саласы біржақты көзқарасты қажет етпейді. Саладағы бірқайнауы ішіндегі реформалар халықарасында ашықтан–ашық айтылып жүр. Осы ретте, саланың жан–жарасынбілетін, биліктің алдына білімдегі бастымәселелерді бүкпесіз баяндап жүргенұстаз Аятжан Ахметжанмен сұхбатқұрдық.
– Аятжан аға, білім беру саласы талай реформалардың көзін көріп, түрленген саланың бірі. Әлі де сол бағытта келеді. Талай министр осы саладан ысырылды. Қалай ойлайсыз, реформаның нәтижелілігі министрге байланысты ма?
– Қарапайым тілмен айтайын. Реформаны үйге жасайтын жөндеу жұмыстары деп қарайық. Егер сіздің қолыңызда қандай да бір материал болмаса, жұмысыңыз жүрмейді. Білімдегі реформалар да осылай. Материалдық база дұрыс болмай, қолға алынған реформа жемісін бермейді. Әрине, білім саласы осы күнге дейін бірнеше реформалардан өтті. Нәтижесі министрге байланысты деп ашығынан айтуға болады. Министр өз командасын жасақтайды. Сол білім саласын алға жетелейтін мамандардың білігі мен білімі саланың дамуына әсер етеді. Әзірге нақты бір нәтиже турасында айтуға ерте.
– ҚР Білім және ғылым министрлігін басқаруға Ерлан Сағадиев келгелі бері жаңартылған білім беру моделіне қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылды. Ең арғысы, әлеуметтік желілер арқылы министрді жекпе-жекке шақырып, видеосауалнама жолдаған жағдайды көз көрді. Бұл елдегі білім беру саласының беделіне көлеңке түсірмей ме?
– Әрине, көлеңке түсіреді. Бұл жерде екі жағдайды ескеру керек. Алғашқысы, үштілділік бағдарламасының толыққанды түсіндірілмеуі. Екіншіден, құжаттағы ақылға сыймайтын жобалардың болуы. Осы екі жағдай қоғам қайшылығын туғызды. Онсыз да беделі нашарлап кеткен білім саласының беделіне көлеңке түсіргені жасырын емес.
– Сіз айтқан мәселе өз алдына, қазіргі жұрт білім беру бағыты десе, саладағы басы ашық сұрақтарды төтесінен қояды. Өзіңіз де талай ретбасты тақырыптарды мінбелерден көтеріп жүрген ұстазсыз. Бүгінде білімберу саласындағы реформаларды ретке келтірудің жүйелі жолы бар ма?
– Тәуелсіздік жылдардан бері 14 министр ауысып үлгеріпті. Бірақ, әрбір министрдің өз тұсында аяқтамай кеткен жұмыстары бар. Аяқсыз қалған жұмыстардың салдарынан біздегі білім саласы толыққанды былыққа батты. Әркім саланы өзінше сүйреді. Мұның шешімін табу керек. Біздегі әлсіздік – жүйенің жоқтығы. Кез келген уақытта соғыста жеңіске жету үшін мықты әскер мен техника керек. Бұл да осыған әкеліп тұр. Білім саласын жақсартамыз десек, орта білім болсын, жоғары оқу орны болсын, бірінші ұстаздардың сапасы туралы ойлану керек. Екінші, материалдық шарт жағдайын жақсарту қажет. Қаншама супержобаларды алып келсек те, мықты мұғалім мен материалдық база болмай ісіміз кері кетеді. Мәселен, шалғай жатқан ауылдардағы мектептерді алайық. Осы мектептерде ағылшын тілінен мұғалім таппай отырғанда үштілділікті енгізу әумесерліктен шыққан дүние. Бұл тек мектеп деңгейінде ғана емес. Жоғары оқу орнында да ахуалдың оңып тұрғаны шамалы. Мен өзім химикпін, талай мектептер мен университеттердің жұмысына қанықпын. Қазақстандық университеттердің зертханалық жағдайы ХХІ ғасырды көтермейді. Осыны біле тұра, алдымызға үлкен міндеттерді қою құр бекершілік.
– Мұғалім білімін көтеру, материалдық базаны жақсарту жолында билікқыруар қаржы қарап жатыр емес пе? Сонда қаржының қайтарымынқайдан іздейміз?
– Рас, қарап жатыр. Ұстаздың білім деңгейін көтеруде мұғалімдерді қайта даярлау курстары деген дүние бар. Мақсат – жаңартылған білім беру мазмұнына бейімдеу делік. Ұстаз біліктілігі дегенді қысқа курстармен шеше алмаймыз. Бір айтатыным, түпкі тамырды ойлауымыз керек. “Бүгін ұстаздыққа кім барып жатыр? Кімдерді біз ұстаздыққа тарта алып жатырмыз?” деген сауалдарға жауап іздеу керек. Егер ұстаздық жолға көлденең көк атты бара беретін болса, мектепке келген ұстаздың бәрін қайта оқытуға мәжбүр боламыз.
– “Мұғалiм интеллигенция болған дәуiр кеттi. Мұғалiм қазiр интеллигенция емес” деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Бұл сөзіңіз болашақ мұғалім мамандығын таңдайтын жастардың қанатын кеспей ме?
– Кешегі дәуірде аталы сөзді ақсақалдар жастарға “мұғалім бол” деп бата беретін заман еді. Қазір “мұғалім бол” деген бата емес, қарғыс ретінде естіледі. Бұл менің емес, ел аузында айтылып жүрген әңгіме. Мұғалімдікті аңсап баратын жастар кемде-кем. Жастардың мұғалімдікке бару-бармауы менің сөзіме қарап тұрған жоқ, оның себебін білімдегі былықтардан іздеу керек. Қандай жолмен болса да, жастарды мұғалімдікке тартудың жобаларын қарастыру қажет.
– Мәселен, нақты бір ұсыныстарыңыз бар ма?
– Қарапайым дүние, педагогикалық бағытты таңдайтын студенттерге ерекше басымдық беру керек. Өзге салада білім алатын студенттерге қарағанда мұғалім болатын жастардың шәкіртақысын жоғары қойып, тегін жатақханамен қамтамасыз етуді қолға алсақ. Ол біреулерге қызық емес болуы мүмкін, кейбір балалар үшін бұл жеңілдіктер біраз мәселенің басын қайырады. Егер артық шәкіртақы төлейтін болсақ, мұғалімдік қызметке бар деп міндеттей аламыз. Несін жасырайық, қазір мұғалімдікке түсіп, жақсы оқығандар басқа мамандықтарға кетіп қалады. Мектепке ең соңында жұмыс таппағандары ғана барады. Біз өйткені оларды міндеттей алмаймыз. Өзіңізге белгілі, ауыл квотасымен барған жастардың ауылда жұмыс істеуіне жолдама беріледі. Педагогикалық бағыттағы маман иелеріне де осындай үлгі болуы шарт.
– Ұстаз дегеннен шығады, көбіне-көп ұстаздар қауымы ойын ашық айтып, азаматтық позициясын айқын таныта бермейді. Ашып айтатындары аз. Бұл мұғалімдерді қоғам алдында тек тапсырма орындаушы ретінде көрсетіп қойған жоқ па?
– Жалпы, қоғам самарқау болған кезде мұғалімдерден аса бір белсенділік күту керек емес. Қоғамдағы кез келген салада қызмет ететін азамат ойын ашық айта алатын, тек мұғалімдер жасырынып қалатын болса, онда мұғалімнің беделіне нұқсан келеді деп айтар едім. Өзіне сенімді емес адам көлеңкесінен қорқып өмір сүреді. Білім саласындағы жемқорлық мұғалімдерді көлеңкесінен қорқытып тастады. Өйткені мұғалімдер айлыққа жан бағып жүргендіктен жұмысынан айырылып қалғысы келмейді. Айлығын басқа саладан шеше алатын байшыкеш адамдар қорықпайтын шығар, ал қалт-құлт етіп жүрген мұғалімдер олай жасай алмайды.
– Мұғалімдер мәселесі айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен, нақты қалқан болар жүйелі бағдарламаны әлі де көре алмай келеміз. Есіңізде болса, министр “мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға жегілмейді” деп айтып еді. Алайда, бұл проблеманы министр шеше алмайтындығын қадап айттыңыз. Мұғалім кімге сенім артуы керек?
– Мұғалімдер – екі кеменің басын ұстаған жандар. Шынын айту керек, егер мұғалімнің шын беделін қорғағымыз келсе, мұғалім құқы мен беделі туралы заң қабылдайық. Заң қабылданса, қосымша жұмыстардан құтқара аламыз. Жергілікті әкімшілікке барып, заңдық норманың бұзылғандығын алға тарта аласың. Ешқандай құжаттық норма болмай тұрып, “мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа жекпендер” деген сөзді министр айтты не, мен айттым не, бәрібір сөз. Мен үшін Сағадиев министр шығар, бірақ облыс әкімі үшін ол ешкім емес. Сол үшін міндетті түрде заңдық норма, ресми құжаттың болғаны дұрыс. Ресми құжатсыз ол айтылған сөз ғана.
– Тек қағаз жүзінде, сөз ретінде қала беретін болса, білімнің болашағын қалай бағалауға болады?
– Дәл осындай дүниелер ғой бізді құртып тынатын. Ерлан Сағадиев мырзаға дейін де министрлер айтпады дейсіз бе? Осыған дейін де ешқандай құжаттық негізі жоқ уәделерді үйіп төкті. Сондықтан болар, бұл күндері ресми билікке қарапайым халық сеніңкіремейді. Үйреніп қалған. Егер бұл жолы заң бекімесе, келесі министр тоқсан құбылтып айтса да, ешкім сенбейді. Себебі сөз бен істің арасында алшақтық басым.
– Министр демекші, бірнеше уақыт бұрын бас педагог Ерлан Кенжеғалиұлымен блогер ретінде кездесіп, сауал жолдаған екенсіз. Министр алдында нендей мәселелерді қозғай алдыңыз.
– Министрмен екі мәрте кездестім. Екі бағытта әңгіме өрбіттік. Бірі – тілдік статус мәселесі. Ал, екіншісі, мұғалімдердің құқығын қорғау туралы заң қабылдау турасында. Екінші рет кездескен сәтте министрдің кейбір көз жетпейтін дүниелеріне көз жеткіздік. Жиында мұғалімдердің артық жұмысқа жегілетіні өте көп айтылды, жоғарыдағы министрдің ауызынан шығып жатқан уәде соның жемісі болса керек. Бірақ, өкінішке орай, біздің елде “сен жақсы, мен жақсы” деген шығарып салу жағы басымырақ. Мен осы салаға келгелі, өзім қандай жағдайға тап болсам да, ашық айтудан қашқан азамат емеспін. Ол азаматтық парызым. Ол үшін қызметтен кетермін, бірақ ол мәселені шешудің жолы емес.
– Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға қарсы азаматтың бірісіз. Сонда бұл мүмкін емес нәрсе ме?
– Мүмкін емес. Толық кесіп айта аламын. Мен басқаны айтпай-ақ қояйын. Астанадағы мектептердің жағдайын 100 пайызға білемін. Елордадағы 95 мектептің ішінде химия пәнін қазақ тілінде толық беретін 20 мұғалім, ағылшын тілінде 5 маман шықса, әрең шығады. Қалған 70 мектептің мұғалімдері әне-міне зейнеткерлікке жақындап отыр, қалғандары “кіріп-шығып” жүрген мұғалімдер. Әрине, бұл сөзіме әріптестерім ренжімесін. Алайда, айтпасқа амал жоқ. Осындай жағдайда отырып, «ағылшын тілінде жүргізіледі» деп талап қою күлкі шақыратын дүние. Дәл қазіргі жағдайда химия пәнін ағылшын тілінде жетік білетін маман мектепке бармайды. Онсыз да шет тілін білетін химиялық технология мамандарына сұранып тұр. Әлі де ескі әсірешілдіктен арыла алмай келеміз. Мұғалімдерге 3 ай ішінде ағылшын тілін үйретіп шығатын болсақ, оқушыларды 11 жыл оқытудың керегі не? Бұл әлгі түйенің мұрнын жұдырықпен тесу деген сөзді еске түсіреді.
– Елбасы жыл басында министрлерді сынап алады. Биылғы Жолдауда Президент қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын жоюды тапсырды. Министрлік мәселелерді аз уақыт ішінде қалай шешіп үлгереді? Ауыл мектептеріне алаңдаушылық әлі де бар ғой…
– Сұмдық есептер бар. Сала мамандарымен кездесу кезінде де неше түрлі есептерді байқадым. “Біздің облыста үштілділікке 50 мектеп дайын” деген есептерді көзіміз көрді. Бірақ та, есепте көрсетілген жұмыстардың нақтысын білу үшін көптеген мектептерге барып, мұғалімдермен сұхбаттастым. Олай емес. Тек есеп. Шала-пұла жұмыстардың қорытындысына келгенде, билік Елбасының алдында үздік деген бірнеше мектептерді көрсетіп, тапсырманың орындалғанын баяндай салады. Мұнымен мәселе шешілмейді.
– Енді сынақ мәселесіне оралайық. Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты да жақындап қалды. 13 жыл бойы айналымда болған тестілеудің биыл форматы өзгерді. Тиімділігі бар деп санайсыз ба?
– Жаңа форматқа көшуді толық қолдаймын. Себебі тестіні жаңартпасақ болмай кетті. 13 жыл бір жобаны ұстап отырдық. Арзан сенсация қуатын журналистер Ұлттық тест кезінде шу шығаруы мүмкін. Ілік іздеп жүретін журналистердің барын білеміз.
Ұстаз ретінде айтатыным, министрлік жаңа мазмұнда бір ғана кемшілік жіберді. Ол материалдардың тапшылығы. Ұлттық тестілеу орталығы жаңа форматқа сәйкес материалдарды жарыққа шығарған жоқ. Оқушылар жекеленген дүниелерге жүгіріп кетті. Материалдың уақытында шықпауын сәл де болса кешеуілдетті.
– Аятжан аға, өзіңіз республикалық “Қазбілім” орталығының директорысыз, жақында бірнеше кітабыңызды оқырманға ұсындыңыз. Жаңа авторлық сайтыңызды да ашып үлгердіңіз. Әдетте, ұстаздар шығармашылықпен айналысуға уақыт таппай жатады. Жан-жақты болудың арнайы жоспары бар ма?
– Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзі ойыма оралып отыр. “Біреу жұмыс жасаймын десем көршім жаман дейді, біреу жұмыс істеймін десем шартты жағдайым жоқ деп айтады, бірақ түрмеден жайсыз, түрмеден қолайсыз орын жоқ. Онда да жұмыс істеуге болады. Неше томды түрмеде де жаздық қой” деген. Оның қасында түрмеде жүрген жоқпыз, еркіндіктеміз. Сылтау айтуға қақылы емеспіз.
“Сен не тындырдың?” дегенге жауап беруіміз қажет, қоғамда құрғақ сөйлеп жүрсек, азаматтығымыз емес, айуандығымыз басымырақ болып кетеді. Табысқа жетпейтін адам кез келген уақытта өзін ақтайтын сылтау табады. Сылтаудан арылатын кезең келді.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
Қызылорда облысы “ұстаз мәтребесі” газеті