Бүгін Қазақстандағы Қытай елшілігінің ұйымдастыруымен «Цияңсу тану» мәдениет аптасы басталды. Бұл шара екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай және EXPO-2017 Халықаралық көрмесі аясында өткізіліп отыр. Мәдени шара барысында Ұлттық музыка ансамблінің, Цзянсу қыздар ұлттық аспаптар оркестрінің және Цзянсу өлкесінің танымал өнерпаздарының қатысуымен концерттер қойылып, ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылмақ. Ал біз өз кезегімізде бүгінгі шараның басты кейіпкерлері қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып қайттық.
«Мен өз туындыларымды өнер және кәсіп көзі ретінде бағалаймын. Бұл өнер маған атамнан және әкемнен мұраға қалған. Сондықтан өмір есігін мүсінші болып аштым десем артық айтпаймын. Бүгінде жеке шеберхана ашып, еліміздің әр өңірінен жинап шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Асқабақ мүсінінің ең басты ерекшелігі туындыларымыз ғасырдан-ғасырға жетіп, мың жылға жуық еш бүлінбей тұра береді. Ол үшін де сапалы, піскен асқабақтарды таңдай білу өте маңызды. Асқабақты безендіру кезінде мен Қытай халық аңыздарын негізге алып, оған жаңа заманға сай өз қиялымды қосып жасап шығарамын. Ал қазақ халқына бұл жолы «Жер Ана» атты туындымды сыйға тартпақпын. Бәріміз бір Жер шарында өмір сүргендіктен, ешқандай ұлтқа, дінге, дәстүрге бөлмей ортақ тұрағымызға айналған Жерді Анаға балап, баласын бауырына басқан ыстық құшағын суреттедім. Сіздердің EXPO-2017 көрмесінің символы ретіндегі «Болашақ энергиясы» шары менің ойымды құптап, бар әлемнің халқын өзіне шақырып тұрғандай әсер берді. Болашақта Қазақстанға тағы да келуді жоспарлап қойдым. Өйткені, сіздерден үйренерім көп екеніне аз уақыттың ішінде көзім жетті».
Аталған шара барысында 2013 жылдан басталған ҚХР-ның «Бір жол, бір белдеу» саясатының дұрыс жолға қойылып, қарқынды дамып жатқанына біз де көз жеткіздік. Екі елдің мәдени қарым-қатынасының алдағы уақытта жалғасын тауып, бұдан әрі өркендей беретініне сеніміміз мол!
Меруерт Алтай
KAZBILIM.KZ