13 желтоқсан Ұлттық академиялық кітапханада Таңжарықтану ғылымының негізін салған белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы және фолклоршы Оразанбай Егеубаевтің Бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармаларын зерттеуге өмірін арнаған Оразанбай Егеубаев елімізге қазақ фолклорының жинаушы һәм зерттеушісі ретінде де жақсы таныс. Азат рухтың алдаспанындай болған Таңжарық ақынның ел арасындағы мұрасын жинап-теріп, тұңғыш толық жинағын шығарған да ғалым Оразанбай Егеубаев болатын. Кейіннен жарық көрген барлық жинақтар осы академиялық жинақтың негізінде құрастырылып жүр.
Сонымен бірге Оразанбай Егеубаев жазушы ретінде де бірнеше романдар мен хикаяттардың авторы. Оның прозалық шығармалары да оқырманды бейжай қалдырмай, ерекше толғандырған сәтті туындылар қатарына жатады. Ғалымның бұл бес томдығы әке аманатына адал ұрпағы Айдын Оразанбайұлы мен Айнұр Оразанбайқызының мұрындық болуымен және Оразанбай Егеубаевтің досы, жазушы Сәли Сәдуақасұлының құрастыруымен оқырманға қауышып отыр.
Саналы ғұмырын қазақ мәдениеті мен әдебиетін зерттеу мен насихаттауға арнаған қажырлы ғалымның шығармаларының оқырман көппен қауышуы ұлт мәдениеті үшін сүйіншілі жаңалық.
Ербол Алшынбай
kazbilim.kz