Қазір мұғалімдерге қатысты алуан түрлі әңгімелер айтылудай айтылып келеді. Әлеуметтік желілердегі небір сойқан көріністер жаныңды жаралайды. Мұғалім мен бала арасындағы текетірес тіпті өршіп бара жатқандай.
Ақиқатына келсек, мұғалім мәртебесіз болайын дей ме? Біз бұл мәселеде түпкі себебіне үңілмей, салдарын ғана дуылдата беретініміз өкінішті-ақ. Мұғалімнің алдымен мұңын естіп, тұрмысын түзеп алып барып, яғни әлеуметтік жағдайын жан-жақты қарастырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындасақ, ұстаз беделі артары сөзсіз. Несін жасырамыз, басты мәселе жалақының төмендігінен болып отыр. Содан келіп мұғалімдердің тұрмысы оңалмай, мұғалімдік қызметке тұрақтамау орын алуда. Мұны халық қалаулылары да, былайғы жұрт та айтып келеді. Кадр тұрақсыздығы неден деген сұрақтың статистикасын ұлттық деңгейде зерттеп-зерделей алдық па? Бұл да ойлануды қажет етеді. Мәселен, жас маман арман жетегінде мектепке барды делік, заң талабына сай берілетін жүктеме қазір 16 сағат көлемінде. Оған төленетін жалақы – 50 мың теңге. Қалалы жерде бала көп, артық сағат алуына болар. Ішкі көші-қонның салдарынан бала саны жыл сайын азайып бара жатқан ауылда 16 сағат та кейде арманға айналып тұр. Әлгі 50 мың теңгенің ішіне сыныпқа жетекшілік, дәптер тексеру де кіретінін еске сала кетелік. Мұндай жағдайда білім ұяларында кадр тұрақтай ма, мұғалім беделі арта ма? Екі құрбы химия пәні бойынша жоғары білім алған. Мектепке қол ұстасып барған. Бірінің жағдайы бар – пәтер жалдамайды, екіншісінде ондай мүмкіндік жоқ. Содан ол жоғары білімді ысырып қойып, қысқа курстан өтіп, сән-салонына жұмысқа тұрған. Ендігі жердегі еңбекақысы 150 мың мен 350 мың арасында екен. Тағы бір мәселе, мектепте қалған жас маман талпынып, екінші деңгейге көтерілгенде алатын ресми айлығы 60 мың теңгені ғана құрайды. Бұл айлықпен қымбатшылық қысып тұрған кезде алаңсыз өмір сүре ала ма? Соңғы жылдары түрлі реформалар мұғалімдерді сансыратумен келеді. Біріне төселіп келе жатқанда, екіншісі басталады. Сол реформаны бастар тұста білім орындарының базалық қуаты, мұғалімдердің дайындығы, бала қабілеті, техникалық құралдар ескеріле бермейтіні қынжылтады. Ондай кезде қағаздағы ақпараттың төрт құбыласы түгел, соған сенеді. Айталық, керемет мектептердегідей жағдай жасалмаса да, сөз жүзінде айтылып жатқан көп «жетістіктер» нәтижесі саралана бермейтіні де ақиқат. Мысалы, әр оқушыға жеке шкаф қойылады деген министрдің өткен жылғы уәдесі әлі күнге өз нәтижесін бере қоймады. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту дұрыс болғанмен, оған қажет маман мәселесі де көптің көкейіндегі күдік болып тұр. Бұған қоса, 2019 жылы жүзеге асырылады деген нөлінші сынып 2020 жылға ауыстырылып отыр. Министрдің тағы бір жақсы бастамасы мұғалімдерді ешкім орынсыз жұмысқа тартпау жөніндегі бұйрығы дер едік. Оны жергілікті жер, қаржы беріп отырғандар орындай ма? Әркім өз тірлігімен айналысып жатқан нарық заманында, мемлекет қаржыландырып отырған мұғалімдерден басқа жүгіретін «қолбала» табыла қояр ма екен? Мұндай кезде мұғалім өз құқығын қорғауға қанша жерден ұмтылғанымен, әкімдіктерге бағынатын директорлар ұстаздар жағына шығуы екіталай-ау.
Рас, білім берудің жаһандық үлгісінен қалуға болмайды. Барды місе тұтып отыра бермей, жоғын іздеген жұрт озатынын өмір көрсетіп отыр. Дегенмен еліміздің тірлік-тынысына қарай, оның бұрысы мен дұрысын тап басып енгізсек, ұтылмас едік. Көп нәрсе тұспалды істен болып жатқандай. Жаңа істі бастар алдында ауыл мен қала мектептерін тиісті мекемелер зерттесе, бар-жоғын түгендесе, ғылыми негізін қарастырса, қапы қалмасымыз анық. Қалай десек те оқу саласындағы түйткілдер ұлттық білімді ұйыққа батырмаса да, тұйыққа алып бармас па екен деген жайды халық қалаулылары мен зиялы қауым айтудай айтып келеді. Оқулықтардағы олқылықтар да біраз жұрттың жүйкесін жұқартуда. Осы жылдың басынан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша оқытып жатқан мұғалімдердің біліктілігіне қарай жалақыны 30-50 пайызға көтеру міндеттелген екен. Бұл да толық шешімін таппай отыр. Жаңа оқу жылынан бастап талапқа сай жүздеген мұғалім ұлттық біліктілік тестінен өтетін көрінеді. Онда 100 болады екен. Иә, мұндай сынақ керек. Бірақ жүз сұрақ мұғалімнің тағдырын шеше ала ма? Әлде әлгі 100 сұрақ мұғалім біліксіз, білімсіз екен деген сөздерге арқау болып шыға ма? Ұстаз білімін тест емес, шәкіртінің ой-өресімен өлшеуді де естен шығармағанымыз жөн.
Мұғалім беделі ұлт беделі десек, ұтылмас едік. Осыған жеткізбесек, ата-аналардан сөз естіген, бай-бағлан балаларының алдында именшектеген, қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген мұғалім абыройы биіктей қоймас. Әрине мұғалімдердің бәрі бірдей сайыпқыран дей алмаймыз, мұның да астарын зерделеу керек. Тағы бір ортаға салар ойымыз – ұрпақ үшін мұғалім беделі туралы заң қабылданса, онда ата-ана – бала – мұғалім, жоғары оқу орындарына кімдер қабылдана алады – бәрі сараланса артық болмас еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,