Бүгін оқушылар сарайында осындай атпен өзгенің өмірін құтқарып қалған 20 батыр, ержүрек оқушы мараптатталды. Марапаттауға ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов өзі келіп ержүрек балалардың кеудесіне даңық медалін тақты…
Біразының ерлігі жайлы қысқаша айта кетейік…
БАҒДАТ ИМРАН – 10 жасар Имран ата-анасымен бірге Көкшетау қаласында тұрады. Ол өзінің жазғы демалысын ата-әжесінің қасында Кішкенекөл ауылында өткізеді. Осындай демалыс күндерінің бірінде барлық балалар суға шомылып, асыр салып ойнап жатқан уақытта, Имран көрші үйдің екі жасар баласы Айсұлтанның қақпағы ашық қалған құдыққа қарай жүгіріп бара жатқанын байқап қалады. Ол кезде біреуді көмекке шақырмақ түгілі, ойланып тұруға да уақыт жоқ болатын. Әрбір секунд маңызды еді. Имран еш кідірместен жылдам жүгіріп барып, соңғы секундтардағана баланы құдықтан әрі қарай итеріп жібереді. Бірақ, сол құдыққа өзі құлап, жарақат алады. Осылайша,ол сәбидің өмірін құтқарып қалды.
БАЙҒОЗЫ КӘМШАТ – 12 жасар батыр қыз өзінің 7 жасар және 10 айлық сіңлілерін өрттен құтқарып қалған. Өрт Ақтөбе облысы Нұрбұлақ ауылындағы үйде орын алған. Ол кезде әкелері жұмысқа, анасы үй шаруасымен кетіп, үйде тек балалар ғана қалған болатын. Кәмшат тез арада жалын шарпыған бөлменің терезесін сындырып, балаларды үйден алып шығады. Оның ержүректілігінің арқасында отбасында ешкім зардап шеккен жоқ.
НАЖМАДИНОВ НҰРСҰЛТАН – жасы – 12-де, Қандыағаш қаласынан. Көктемнің жайлы күндерінің бірі болатын. Нұрсұлтан үйге келе жатып көрші аулада біреудің көмек сұрап айқайлап жатқанын естиді. Оның сыныптасы мұздың үстінде ойнап жүріп, су толы терең орға түсіп кеткен екен. Нұрсұлтан жүгіріп барып, досын қолынан тартып, мұзды судан шығарып алады.
13-жасар АЛТАЙ ДЕМЕЖАН – Оңтүстік Қазақстан облысының Бағыс ауылынан. Ол канал жағасымен жүріп келе жатып, суға батып бара жатқан баланы байқап қалады. Осы кезде еш ойланбастан, жас батырымыз суға секіріп, бір жарым жастағы баланы жағаға алып шығады. Онымен қоймай, сәбиге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалады.
СҮЛЕЙМЕНОВ АРДАҚ пен КЕЛГЕНБАЕВ ЕРДӘУЛЕТ – Олар Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауылынан. Кішкентай бала жоғалды деген хабарлама түскеннен-ақ аудандық полиция бөлімі жедел топ құрған болатын.
Осы уақыт аралығындаАрдақ пен Ердәулет жоғалған баланы үйіне алып келеді. Оқушылар балық аулап жатқан кезде суға батып бара жатқан баланың көмек сұраған айқайын естиді. Ардақ пен Ердәулетқас қағым сәтте көмек қолын созып, баланы жағаға алып шығады.
ӘЛІБАЕВ НҰРМАН – Өзенде шомылып жүрген 6-сынып оқушысы Аружандықатты ағын алып бара жатқан сәт еді. Аружанның құрбылары тез арада Нұрманды көмекке шақырады. Нұрман суға түсіп, қызды ұстап алып шығуға тырысады. Алайда, осы уақытта Аружан суға терең батып кетеді. Бірақержүрек батырымыз бір қадам артқа шегінбестен, оған дейін жүзіп барып, Аружанды жағаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырады. Нұрманның осы батыл қадамы Аружанның өмірін құтқарып қалды.
Бүгін әркімді әспеттегенше осындай өзін емес өзгені ойлаған, бүгіннің батырын дәріптеп, ардақтап жатқан ішкі істер министрлігіне рахмет!
Үлгі ісімен де, білімімен де үлгі боларлық оқушыларымыз көөп болсын, – деген ізгі ниеттерін білдірді көрермендер.
Ұлымыз ұлағатты, қызымыз инабатты болсын!
Аятжан Ахметжан
Қазбілім ақпарат