Мұғалімдерді аттестациялаудың ақыры қайда апарады?
Соңғы екі күн мұғалімдердің «бас ауруына» айналды. Олар біліктілігін арттыру үшін арнайы тест тапсыруда. Яғни, аттестациядан өтуде. Мектеп бітіруші түлектің ҰБТ тапсыруы міндет болса, мұғалімге де біліктілік тестінен өту маңызды. Тестілеу бес жыл сайын жүргізіліп отырады.
UIB университетінің президенті Дархан Ахмед Заки біздің «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Ұстаздардың да «ҰБТ» тапсыруы қажет» деген ой айтқан еді. Ол: «Педагогикалық мамандықтарда оқып жатқандардың бәріне заңды тұрғыдан 3 жыл көлемінде ұстаз болып қызмет атқару міндеттелген. Осы талапты орындаған соң, қалаға келуді мақсат етері де анық. Қысқамерзімді біліктілікті арттыру курстары жыл бойы үздіксіз болып тұруы қажет. Елімізде 7500 мектеп, миллионға жуық ұстаз бар. Солар кезең-кезеңімен, 200-дей маманнан біліктілікті арттыру курсын оқитын болса, бес жылда бәрін қамтуға болады. Басқа жолы жоқ. Былтыр «Педагог. Кәсіби стандарт» жобасына қатыстым. Соның шеңберінде жақсы идеялар туындады. Яғни, ұлттық квалификациялық тест алу жоспарда бар. Бітірушілер де, сабақ берушілер де ҰБТ сияқты ұлттық деңгейде сынақ тапсырады. Сонда қай мектептің қай деңгейде, нешінші орында екені анықталады. Нәтижеге байланысты классификациялық дәрежесі өсіп отырады. Егер шалғай ауылда сабақ беретін ұстаз тесттен жоғары балл алса, оған жоғары категория беріледі. Сәйкесінше, жалақысы өседі» деген еді.
Ұлттық тестілеу орталығы біліктілікті тексеру – кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау үшін өткізілетін міндетті кезеңдердің бірі деп санайды. Ал мұғалімдер болса, бұл педагогтың категориясын көтереді әрі жалақының өсуіне сеп болады дейді. Яғни, ұстазды аттестациядан өткізудің пайдасы бар. Білікті маманға тест тапсыру қиын емес. Бастысы, өз саласын терең меңгерсе болғаны.
Әлеуметтік желіде біліктілік тестіне қатысты сын-пікірлер көп айтылуда. Оған мұғалімдердің өзі себепкер болып отыр. Қазір мұғалімдер арасында да смартфонға иек артатындар өте көп. Досынан, әріптесінен, ұжымдағы қызметкерлерден «көмек» сұраған мамандар да жетерлік. Демек, біліктілік тестін тапсыруға мұғалім дайын емес, не болмаса, білімі сай келмейді.
Сауалнама
– Ұлттық квалификациялық тест тапсыру қажет пе?
Гүлзира КАРИМОВА: Біліктілікті арттыру курстарына барудың зияны жоқ. Менің зейнеткерлікке шығуыма үш жыл бар екен. Ал тестілеудің уақыты – бес жыл. Соған қарамастан, күзде тест тапсырсам ба деген ойым бар.
Катжан КАДИРОВ: Мұғалімдерді ойыншық жасап алған секілді. Қай уақытта жұмыс істейді, қай уақытта сабақ береді?
Оразалы БАЙЗАҚОВ: Аттестацияның категорияға ешқандай қатысы жоқ. Бұл айлық жалақыға қосылады. Тест тапсырған мұғалімнің жалақысы өседі.
Назым ХАУЛЕНОВА: Тест тапсырған дұрыс. Бұл білімін тексеру үшін қажет.
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
«Мұғалім мәртебесі» ҚБ төрағасы:
Ұлттық біліктілік тестінен өте алмасаң, жалақың өспейді
–Педагогтардың арасында сұрақ туындап отырған жаңа форматтағы педагог қызметкерлерді аттестаттау несімен қиын болуы мүмкін? «Педагог қызметкерлер тесттен өте алмайтын білімсіз бе?» деген сұрақтардың туындауы орынды. Шынымен, қазіргі педагогтарымыз білімсіз бе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейікші. Педагог қызметкерлердің наразылығын туғызып отырған аттестацияның бұл түрі БжҒМ қашан талқылаудан өткізіп үлгерген? Педагог қызметкерлерді аттестаттау туралы ереже Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі №152 бұйрығымен жүзеге асады. Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 сәуірде №16838 болып тіркелген.
Педагог қызметкерлердің арасында дау тудырып отырғаны, мұғалімдердің аттестаттаудан өтуі тура оқу жылының аяқталуы мен мемлекеттік емтихандардың өту уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Екіншіден, барлық аудандарда арнайы тест тапсыратын орталықтар бола тұра мұғалімдерді неге қалаларға жинап отыр? Олардың жол шығыны, жатақхана шығынын кім көтереді? Бұл жағдай БжҒМ аудандарда интернеттің өте нашар істейтінін және ол жерлерде «Цифрлы Қазақстан» жобасы іске аспағанын, орталықтарда арнайы тест тапсыратын орын болғанымен, компьютер паркінің ескіруі және жетіспеуін мойындауы деп білемін.
Тағы бір қорқыныш бар. Ол – БжҒМ ұлттық біліктілік тестіне арнайы дайындаған жинақтардың шығарылмауында. Мұғалімдер дайындалатын ақпарат өте көп. Оның үстіне жылдық тапсыратын есептер мен бақылаулар олардың жыл соңында дайындалуына мүмкіндік бермейді. 2017 жылғы мұғалімдердің аттестаттау тестінің нәтижесі бойынша – 14-17 қараша, қайта тестілеу 13-15 желтоқсан аралығында өткізілді. Республика бойынша тестілеу 5090 компьютердің қолдануымен 256 тест тапсыру орындарында өтті.
Педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуі Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен компьютерлік тестілеу әдісі арқылы онлайн режимде жүргізілді. Біліктілік тестілеуіне қатысуға өтініш бергендердің саны – 14056. Ал тестке қатысқандардың саны – 13723 адам.
Тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптар «Пәндік білім негіздері» бойынша – кемінде 70% (18-25 балл), «Педагогика және психология негіздері» және «Қазақстан Республикасының заңнамасын білу» пәндері бойынша – 50% (10-20 балл) болса, оң деп есептелді.
Шектік деңгейден өткен педагог қызметкерлердің саны – 6167 адам. Шектік деңгейден 7556 педагог қызметкер өте алмаған. Заңнама, педагогика пәні бойынша 20 сұрақтан 60 сұрақты қамтыған. Бұл өткен жылғы нәтиже, ар жағын өзіңіз ойлана беріңіз. Жаңа форматтағы тестілеу бойынша заңнама алынып тасталған, оқу пәнінің мазмұны 70 сұрақ, педагогика оқу әдістемесінен 30 сұрақ болады. Тестілеудің жалпы уақыты – 200 минут, жаратылыстану пәндері бойынша 230 минут беріледі.
Тестілеу нәтижесі бойынша «Педагог модератор» – 50%, «Педагог сарапшы» – 60%, «Педагог зерттеуші» – 70%, «Педагог шебер» – 80% алуы тиіс. Тестілеуден өте алмаған педагогтар жылына бір рет қана тест тапсыра алады. Тестілеуден оң нәтиже көрсеткен педагогтар аттестаттаудың екінші кезеңіне өтеді. Ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесі бір жылға ғана жарамды.
«Педагог модератор», «Педагог сарапшы», «Педагог зерттеуші», «Педагог шебер» біліктілік санатынан өткен кезде және ұлттық біліктілік тестілеуден қайта өткеннен кейін ғана біліктілік санаты сақталады. Расталмаған болса, бір жылға ұзарады. Расталмаған жағдайда, біліктілік санаты тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде «педагог» біліктілік санатына дейін төмендетіледі.
Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен педагогтар екінші сатыдағы портфолио және қаулымен белгіленген нұсқада арнайы комиссия қарауынан өтеді. Егер комиссия ол санатқа сәйкес емес десе, оның дәрежесі бір санатқа төмендетіледі. Комиссия отырысына кем дегенде 2/3 мүшелері қатысса, аттестаттау комиссиясының шешімі қабылданған болып есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Жаңа форматтағы ұлттық біліктілік тестілеудің тест нәтижесі «әділ» өткенмен, жетістіктердің «бизнесіне» тосқауыл бола алмайды. Мұғалімдер аттестациядан өту үшін екі рет сабылады деген сөз. Бұрын тестілеуді тек мерзімінен бұрын өткен ұстаздар ғана тапсыратын.
Педагогтардың тестіден өту-өтпеуі – БжҒМ жауапкершілігіне тікелей байланысты. Қазір жаңартылған мазмұндағы білімге көшуге байланысты сұрақтар да күрделене түсті, көбейді. Ағылшын ғалымдарының аттары, әдіс-тәсілдері, олардың «ғибратты» сөздері тестіде кездесуі мүмкін. Яғни, біліктілік санаттарды алу да оңайға түспесі анық.
Тағы бір айта кететін мәселе – бағалау түрі де өзгерді. Осыған орай мұғалімдерді де аттестаттаудан тест түрінде емес, нақты дискрипторлармен құрылған жиынтық бағалау форматымен өткізген дұрыстау секілді.
Білім реформасында біз күтпеген талай өзгерістер орын алып жатқанын ескерсек, тесттің құрамында қандай сауалдар болатыны министрлікке аян. Оқу жылының аяғындағы есеп пен тоқсандық бақылау, мемлекеттік емтихандарға мұғалімдердің де емтиханын әкеліп тіреп қоюы жауапкершіліктің жоқтығы дейміз бе, әлде ұстаздарды мазақ ету дейміз бе, патша көңілдеріңіз білсін.
Оқушыны оқыту өз алдына, өздері оқушы болып курстан-курсқа дала кезіп оқып жатқан ұстаздардың жай-күйі өздеріңізге аян. Тест тапсыру, «бәленбай мың мұғалім өтініш білдірді» деп санын шапалақтап есеп беріп жатқан БжҒМ мыңдаған мұғалімнің кезекті аттестация үшін тестке бара жатқанын қайдан білсін. Бұл тесттен ұстаздардың сүрінбей өтуін тілейміз, алайда оның астарында ақша үнемдеу жатқаны айтпаса да түсінікті. 2018 жаңа жылдан бергі ағылшын тілі сертификаттары бар мұғалімдерге ақшасын төлемей отырғанда, басқасына сену қиын. Уақыт – төреші.
Аятжан АХМЕТЖАН,
Республикалық QAZBILIM орталығының директоры:
САПАЛЫ КАДР ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫ
–Мұғалімдерді аттестациялаудан өткізу – кәсіби біліктілікті тексерудің ең дұрыс формасы. Еліміздегі білім сапасы жоғары бұрынғы қазақ-түрік лицейі, қазіргі Білім-инновация лицейлерінде мұғалімдерді аттестациялау бұрыннан қалыптасқан. Соның арқасында, бұл мектептер білікті де білімді мұғалімдерді ғана іріктеп алады. Осылайша, сапалы кадр қалыптасады. Сондықтан да бұл дүние бізге керек. Мұғалімнің екі бағыты: пәндік және әдістемелік білімдері сараланады. Тест стандартты білім деңгейін тексереді. Жоғары білімдік не олимпиадалық білім деңгейі емес. Мектепте жұмыс істеп жүрген мұғалім тесттен қиналмайды. Біздегі тағы бір жеңілдік – оны тапсыру еркіндігінде. Тест тапсырып, өз біліктілігін көрсеткен ұстаз жалақысына қосымша ақша қосылады. Бұл – өте орынды. Кез келген уақытта білікті де білімді маманның жалақысы жоғары болуы керек. Бәсекелестік болмаса, білім саласы дамымайды. Жасыратыны жоқ, мектепте кітапханашы болып жүріп, сырттай мұғалімдікті оқып алған мұғалімдер де бар. Өмірін білімге арнаған мұғалімнің жалақысы мен кеше ғана кітапханашы болған мұғалімнің жалақысы бірдей болмауы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде мұндай тестілеу бізге қажет.
Тестілеуде назар аудартқан мәселе – дипломында екі пән болса, екеуінен де тест тапсырту орындаушылардың қателігі. Себебі, кез келген категория бір пәнге ғана беріледі. Дипломында «Математика және физика» деп тұрса да, мұғалім бір пәнді ғана тапсырып, категорияны сол бойынша алады. Осы мәселелер заңды нормамен жетілдірілу керек. Мектепте екі пәннен сабақ беріп жүрген мұғалім әр пәннен жеке-жеке тапсыруы қажет.
Ұйымдастыру жағында көңіліме қаяу түсірген бір мәселе бар. Телеграмм, уатсап мессенджерлерінде көмек сұраған әріптестеріміз жетерлік. Бұл – тестілеу әділетсіз өтіп жатқанын көрсетсе керек. Ұйымдастырудағы кемшіліктер жүре келе түзеледі деп сенемін.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,
«Географиядан республикалық атаулы мектеп» жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Мұғалім білімді болмай, оқушы білімді болмайды
–Мұғалімдерді аттестациядан өткізу – олардың білімдерін жетілдіруге, жалақысын көбейтуге ықпал ететін дүние. Жастарға ашылған жол. Қазір реформалардың көбейгені соншалық, жақсы жаңалықтарға тосынмен қарайтын болдық. Аттестациядан өту – құптарлық дүние. Мұғалім білімді болмай, оқушы білімді болмайды. Мұғалім әрдайым білімін жетілдіріп, бүгінгі заман талабына жауап беру керек.
Тестілеуді оқу жылы аяқталған кезде емес, дайындалуға уақыт беріп, күзге қарай өткізген қолайлы болады деп ойлаймын. Себебі, бір мұғалім жоғары оқу орнын кеше бітірсе, біреуі 20 жыл бұрын бітірді. Теориялық білімімен қатар, педагогика және психология ғылымдарын зерделеп дайындалуына уақыт берілуі қажет еді.
Бір айта кететіні – қазір мұғалімдердің жұмысына қатысты реформалар жетерлік. Мұның барлығы өз деңгейінде мұғалімге жүк артады. Электронды күнделік енген мектептер бар. Әкімшілік күнделікті толтыруды талап етсе, мұғалімнің ата-анамен хабарласып отыруы, әр оқушыға мінездеме жазуы керек. Осының барлығын да ескерген жөн. Мұғалім мәртебесі олардың көтерген жүгіне қарай бағаланып отырған жоқ.
Мектептегі ұстаздардың 90-95 пайызы әйел мұғалімдер екені жасырын емес. Әйел азаматының қоғамдағы, отбасындағы алатын рөлі зор. Қоғамда ұстаздың мәртебесі төмендеген шақта тестілеу арқылы оны көтерудің, мұғалімді қолдаудың бірден-бір жолы іспеттес.
P.S Біліктілік тесті – мұғалімнің мәртебесін анықтайтын дүние емес. Дегенмен, білімді жетілдіре түсу үшін мұндай формалар қажет-ақ. Білікті ұстаз, өз ісінің маманы біліктілік тест тапсыруда да қиналмасы анық. Қиналатын кім? Мамандығын дұрыс таңдай алмаған, педагогтық қызметке орта жолдан қосылған «жолбикелер» ғана. Мұғалімнің білімі қандай деңгейде көрінеді? Ол – шәкірт тәрбиелеу ісінде. Жақсы ұстаздан білімді, білікті оқушы шығады. Сол себепті де, аттестациядан өту – бос әурешілік емес пе деп қаламыз. Педагог мамандығынан қашатындар көбейді. Келешекте жөні түзу маман таба алмаймыз ба деген қауіп бар. Реформа көбейген сайын мұғалімнің де «бас ауруы» ұлғайды. Қалай десек те, біліктілік тестін өткізудің форматын өзгерткен дұрыс секілді.
Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК
“Айқын” газеті
Саламатсыздар ма.Ақпан аиында мұғалімдер тест тапсырып өте алмай қалса келесі кезекте кай уакытта екінші рет тапсыруға болады