Соңғы жылдары мектеп бітірушілер арасында «Алтын белгі» алушылар саны күрт өсті. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл 6780 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болды. Ал 2012 жылы – 1824, 2015 жылы – 2205, 2016 жылы – 4458 оқушы «Алтын белгі» алған екен. Биыл олардың саны жеті мыңға жуықтады. Мұндай «оң өзгерістің» себебі не?
«Алтын белгінің» қадірі қалмады
Бірден айтайық, біз «Алтын белгіні» лайықтылар алса дейтін тараптанбыз. Мәселен, әлемнің
7 университетінен оқуға шақырту алған Нұрәли Сарбақыш, математикадан барлық халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Әлихан Құдайбергенов пен Шаяхметов Ерарслан, физикадан барлық халықаралық олимпиадаларда алтын медаль жеңіп алған Кемел Нұрдәулет сынды дарынды балалар «Алтын белгі» алса, бек жарасымды. Мұндай ақылды, мықты оқушылардың саны жыл өткен сайын көбейгенін қалаймыз. Тек соңғы уақытта «Алтын белгінің» саудаға түсетіні жайлы қауесеттің айтылып қалатыны алаңдатады. Ал мұны «Алтын белгіні» тағайындау құқының мектептерге берілуімен байланыстыратындар бар.
Осы тұста түсінікті болу үшін айта кетейік, соңғы екі жылда «Алтын белгі» мектептегі қорытынды емтихан нәтижесі бойынша беріле бастады. Ал оған дейін «Алтын белгіге» үміткер оқушы өзінің осы белгіге лайық екенін ҰБТ кезінде тиісті балл жинау арқылы дәлелдейтін. Сондықтан да гранттарды тағайындау кезінде «Алтын белгі» иегері қанша балл жинаса да, бірден басым құқыққа ие болатын. Биылдан бастап, «Алтын белгіге» лайықты екеніңді мектептегі қорытынды емтиханда дәлелдесең жетіп жатыр. Ал грант тағайындау кезінде бір орынға екі абитуриент таласса, басымдық «Алтын белгі» иегеріне беріледі.
Республикалық QAZBILIM орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, «Алтын белгіні» мектептің тағайындауы – белгінің қадірін кетіреді, мектепті үздік бітіруге деген стимулды жояды.
«Алтын белгіні» мектепте тағайындау құқын беру – Білім және ғылым министрлігінің ең үлкен кемшілігі деп санаймын. Осы реформадан кейін «Алтын белгіден» үміткерлер алтынға «лайық екенін дәлелдеуде» алдына қара салмайтын болды. Әйтпесе, 2004 пен 2016 жылға дейін «Алтын белгінің» ең жоғары дәлелдеу көрсеткіші 48,3 пайыз болатын. 2017 жылы бұл көрсеткіш бірден 96 пайызға, биыл 98,7 пайызға жетті. Бұл – бұдан кейін де «Алтын белгіге» ұсынылған оқушының бәрі төсбелгіні алады деген сөз. Өйткені мектептердің рейтингін көтеруде түрлі қулыққа баратындар «Алтын белгіні» қолдан жасау үшін қулыққа бармайды дегенге өз басым сенбеймін» дейді ол.
«Былтыр «Алтын белгі» иегерлері грантсыз қалып, шу шыққанын білесіздер. Сол кезде министрлік аяқ астынан 5 мың грант таба қойды. Тағы да шуды басу үшін. Ал биыл 20 мың грант қосылды. 2 мың немесе 3 мың емес, бірден 20 мың грант. Біздің бюджет үш жыл бұрын қарастырылады. Сонда бұл гранттарға қаржы қайдан табыла қалды? Өзім жақсы білетін Қытай елін мысалға айтайын, ол елде жылына 1 млн 800 мың бала мектеп бітіреді. Бірақ мемлекет 6 мың ғана грант бөледі. Енді өзіңіз салыстыра беріңіз. Гранттың шектеулі болуы білім бәсекесін арттырады, ал бізде жыл сайын грант санын көбейтумен әуреміз» деген орталық жетекшісі «Алтын белгіні» ҰБТ-ға қайтару мәселесін қайта қарастыруды ұсынады.
Әрине, бұл пікір, әсіресе «Алтын белгі» иегерлеріне ұнай қоймасы анық. Енді ше, «Алтын белгі» мектеп бітірушінің көңіл күйіне оң ықпал еткеннен бөлек, туыс-туған мен дос-жаранның ортасында беделін көтереді, салтанатты шарада әкім қолынан марапат алады, вальс билейді. Сосын грант тағайындау кезінде бір орынға таласқан қарсыласынан мысы басым түседі.
Алтынсыз «Алтын белгі»
Айтқандай, біздің «Алтын белгі» иегерлерінің кеудесіндегі төсбелгіде де алтын жоқ десек, сенесіз бе? Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 532 бұйрығымен бекітілген «Алтын белгі» белгісі туралы Ережеде «Алтын белгінің» Л-80 мыс және мырыш металдарының арнайы қорытпасынан дайындалатыны айтылған. «Алтын белгіге» алтын жалату туралы талап жоқ. Алайда Қазақстан теңге сарайында жасалатын «Алтын белгі» төсбелгісіне алтын жалатылады екен. Теңге сарайы осы мүмкіндік арқылы «Алтын белгі» төсбелгісін жасаушылар нарығында үстемдік жүргізгісі келетін сыңайлы. Әйтпесе, бұл нарықта оған бәсекелес фирма көп-ақ. Олар жоғарыдағы ереже талабына сәйкес, төсбелгіге алтын жалатпауға құқылы. «Алтын белгіні» жасауға мектептер де, облыстық, қалалық білім басқармалары да мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жариялау арқылы тапсырыс береді.
«Алтын белгі» иегерлері қауымдастығы қайда?
Мақала жазу барысында қызық материалға тап болдық. 2010 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Алтын белгі» иегерлерінің қауымдастығы құрылған екен. Интеллектуалды жастардың басын біріктіруді мақсат еткен қауымдастық «Алтын белгі» иегерлеріне стипендияға қосымша 7000 теңге ақы төлеуге қол жеткізгенін білдік. Осы қауымдастық атқарды деген шаруалар тізімінде «Алтын белгі» иегерлеріне арнап студенттер үйі салынғаны жазылған. Астанадағы 15 орта оқу орнында қауымдастық клубтары жұмыс істепті. Республикамыздың 4 облысында құрылымдық бөлімшесін ашуды, www.altynbelgi.kz порталын іске қосуды да жоспарлаған екен. Бірақ бұл портал сол күйі ашылмаған сияқты, интернеттен іздеп таппадық. Жойқын жоспарлары болған қауымдастықты іздеп Еуразия ұлттық университетіне хабарласып ек, дәл қазір мұндай қауымдастықтың жұмыс істемейтінін айтты. Әлеуметтік желілерден қауымдастықтың 2016 жылғы жазбаларына жолықтық. Одан кейінгі тағдыры беймәлім. Шамасы, «Алтын белгіден» бедел кеткен соң, жұмысын тоқтатты ма, білмедік…
Біздің байлам:
ҰБТ басталғалы үшінші күн өтті. Мемлекеттік гранттан үміткерлер қатарында «Алтын белгі»иегерлері де ҰБТ-да бақ сынап жатыр. Енді олардың ҰБТ-дан жинаған ұпайын жариялайтын мүмкіндік болса, нағыз алтынбастардың кім екенін білсек деген ниет бар. Ал егер ешбір грантқа іліге алмай қалғандар болса ше? Бұл – онда сол оқушы оқыған мектепте жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың барын білдіреді деп отырудан басқа амал қалмайды. Осы тұста шет мемлекеттер тәжірибесіне мойын бұрамыз. Әсіресе, дамыған елдерде үздік оқушыларға аты алтын, заты мырыш сөлкебай емес, сол елдегі жоғары оқу орындарынан грант жеңіп алатын мүмкіндіктер қарастырылатынын естиміз. Мәселен, Австрияда мектептер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары дарынды балаларды жоғары оқу орындары жанындағы арнайы курстарға қатыстырады екен. Тіпті дарынды баланы мемлекеттің қатаң қадағалауымен үйде де оқытуға мүмкіндік беріледі дейді. Бәлкім, бізге де дарынды балаларға сөлкебайды тықпалай бергенше осындай тиімді жолдарды қарастырған жөн шығар…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана