Қазіргі кезеңде мектеп мұғалімінің алдында тұрған маңызды, жауапты міндеттердің бірі – оқушыға тиянақты білім беру. Бұл үшін мектеп мұғалімдері оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін өз тәжірибесінде таңдап алады.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және әлемдік кеңістік тілі – ағылшын тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Үш тілді оқыту және барлық пәндерді оқыту барысында үштілділік саясатты ұстану оқушылардың «ғылыми тілін», коммуникативтік дағдыларын дамытады.
Сондай-ақ қазіргі балалар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жастайынан қолданады, бірақ ақпаратты сыни қабылдауға үйрету өте маңызды. Заман талабына сай оқушы бойында сындарлы ойлау және АКТ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әртүрлі зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін АКТ пәні енгізіледі. Критериалды бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады, жан-жақты ізденуіне ынталандырады.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында тіл пәндерінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық саласында табысты болуы, қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Жаңа технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану, оқыту мақсатына жетудің тиімді жолдарын көрсетеді. Қазіргі оқыту барысында қолданылып жүрген көптеген технологиялар жеке тұлғаның жетілуіне, оқудың тиімділігінің негізін құруға бағытталған.
Қазақ тілін оқытуда ең бірінші эстетикалық талғамға сай безендірілген кабинет, оқудың әртүрлі құралдары, кестелері, оқулықтары, техникалық құрал-жабдықтары, информациялық құралдары болуы қажет. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі өз сабақтарын жаңа сатыға көтеру үшін шәкірттерінің білімқұмарлық қасиеттерін дамытып, дәріс алуға қызығушылығын арттыруды көздейді. Мұғалім сабақ түсіндірген кезде оқушыға күш түсірмей жеңілден ауырға қарай, жалықтырмай, оқушының тиянақты білім алуына мүмкіндік туғызуы қажет.
Әр сабақтың мазмұнына сай әдістер мен тәсілдер дұрыс таңдалып, сараланып оқытылуы керек. Мемлекеттік тілдің жоғары деңгейде оқытылуы оқушы санасына сіңірілетін білімнің сапасымен өлшенеді. Сондықтан да ұстаздың үнемі шығармашылық ізденісте болуы маңызды. Компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға қолдану білім мазмұнын анықтауда, оқыту формалары мен әдістерін жетілдіруде жақсы әсерін тигізеді. Компьютерлік техниканы, интернет, телекоммуникациялық желі, электронды және телекоммуникациялық құралдарды, мультимедиялық электронды оқулықтарды оқу үрдісіне тиімді пайдалану арқылы білім сапасын көрсетуге болады. Бірақ жаңа ақпараттық технологияны қолданып оқытуды ұйымдастыруда кедергі келтіретін басқа да негізгі факторларды ескеру керек. Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дүниежүзілік озық тәжірибелерге сүйеніп жаңа типті оқыту, әр оқушының қабілетін жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді. Әлем бойынша ақпараттық технология саласындағы жетістіктерді пайдаланып, білімнің жаңа деңгейі мен сапасына қол жеткізуге ұмтылатын педагогтік және ғылыми қауымдастықтар түрлі елдерде қарқынды даму үстінде.
Сонымен қатар еліміздің болашағы – жарқын, білімді, парасатты, ана тілінде еркін сөйлеп, елін, халқын, мәдениетін шетелге таныстыра алатын үш тілде еркін сөйлейтін азамат болып шығуы керек. Компьютерлік телекоммуникациялар бүгінгі қоғамда үлкен қолданысқа ие. Қазіргі заман мұғалімі тек өз пәнінің терең білгірі болу ғана емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауатты, саяси-экономикалық және ақпараттық-коммуникациялық білімді ақпараттық құзырлы маман болу керек.
Ербол ХАРЫГАШ,
Тілеубай негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Павлодар облысы, Качир ауданы
“Егемен Қазақстан” газеті