Home Жаңалық Мұғалім мәртебесі қайтсе артады?

Мұғалім мәртебесі қайтсе артады?

0

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында білім саласында жүзеге асыратын нақты тапсыр­маларды көрсетіп қана қоймай, мұғалім беделін көтеру жолдарын да сөз етті.

Бүгінде республикада 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 95 пайыз балабақшамен қам­тылған. Бұл көрсеткіш бас қалада 80 пайызды көрсетеді. Бұл жерде мемлекеттік пен жекеменшік әріптестіктің жақсы дамып келе жатқандығын айту қажет. Өйткені еліміздегі жекеменшік балабақшалардың үлесі 30 пайызға жеткен.
Қазір балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда біліммен қамту маңызды мәселеге айналып отыр. Олар бірінші сыныпқа келгенде оқу бағдарламасын алып кетуге дайын болу керек. Дамыған елдерде солай. Мұны бір жағынан уақыт талабы деп те айтуға болады. Осы бағытта Білім және ғылым министрлігі балаларды 1 мен 3 жастан бастап дамыту бағдарламасын қолға алып жатқан көрінеді.
«Балабақшада балаларды жас ерекшелігіне қарай бір үлгідегі бағдарлама бойынша оқытамыз. Биыл бізде даярлық тобы ашылды. Оған 5-6 жастағы балалар кіреді. Бұған дейін ол «ерекше топ» деп аталған. Қазір даярлық тобындағы балаларға 42 әріпті таныс­тырып жатырмыз. Бірақ оларға әріп жазуды үйретпейміз. Ол типтік бағдарламада жоқ» дейді «Өркен» балабақшасының тәрбиешісі Айнұр Гафарова.
Жалпы, осы жерде мектеп мен балабақша арасындағы оқу бағдарламасында байланыс жоқ секілді. Егер мектепке дейінгі ұйымда әріп пен жазуды үйренбеген бала бірінші сыныпқа қалай дайын болып барады? Бұл жағы түсініксіз.

Бір жағынан, балалармен жұмыс істеу де оңай емес. Тәрбиешіге қажырлы, сабырлы болуды талап етеді. Олардың жалақысы да тым төмен. Біз әңгімелес­кен тәрбиешінің осы саладағы еңбек өтілі 18 жылды қамтиды. Бірақ айы­на алатыны – 55 мың теңге.

Сондықтан министрлік осы мәселені шешу үшін біраз шараны қолға алыпты. Енді балабақша тәрбие­шілері де мұғалімдер секілді біліктілік тест тапсырып, санат бойынша оларға еңбекақы төленеді. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлерінің білім сапасын көтеруге мән беріліп отыр. Бұған дейін жылына 1 мың тәрбиеші біліктілік курсынан өтсе, енді оның санын 15 мыңға жеткізу көзделді.
Бүгінде балалардың қауіпсіздік жағдайы да ата-аналарды қатты алаңдатады. Жолдауда бұл мәселеде назардан тыс қалмаған. Қазіргі күнде республикадағы мектептердің 80 пайызы, балабақшалардың 60 пайызы бейнебақылаумен жабдықталған. Елордадағы жалпы білім беретін орындарға 100 пайыз бейнебақылау орнатылса, балабақшаларға 62 пайыз қойылған.
Сондай-ақ Елбасы еліміздегі үш ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселелерін шешу мақсатында Үкіметке 2019-2020 жылдарға арналған бюджеттен 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Астанада оқушылар үш ауысыммен оқитын бес білім мекемесі бар екенін айта кетейік.
Тағы бір жақсы жаңалықты айт­пай кетуге болмайды. Енді жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім сапасы түлектердің жұмысқа тұруымен бағаланады. Егер де оқу орнын бітірген жас өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаса, ол мамандықтың лицензиясы қайтарылады. Биыл осындай 25 мамандықтың лицензиясы кері қайтарылған.
Қазір қоғамда ұстаздардың беделі төмендеп барады. Оған түрлі келеңсіз жағдайлар әсер етуде. Бұл ретте белгілі ғалым Серік Негимов: «Бір заманда жұрт мұғалімді пір тұтты, ізгі ниетті қариялар «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Кеңестік кезеңде ауыл мұғалімдерінің әлеу­меттік жағдайы ойдағыдай еді. Үй-жайы баршылық, отын-суы, электр қуаты тегін. Бұл күнде сол ұстаздардың күйі, абырой-­беделі, құрметтелуі қандай? Ақпарат құралдарының бірінде: «Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол – қағазда сабақ даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп қағазға түсіруші. Баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы!!!» дейтін пікір қылаң берді» дейді профессор.
Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі орта мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы қажет. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделмек.
Мемлекет басшысы алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігін салмақ салып айтты. Бұл маңызды құжат мұ­ғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Қазір мұғалімдерге мектептен тыс қоғамдық жұмыс­тар көп жүктеледі. Олар түрлі шаралардың бел ортасында жүреді.
Қазір Жолдауға байланысты өткен жиындарда алдымен осы қабылданатын жаңа заң көбірек сөз болады. Жұртшылық тарапынан түрлі ұсыныстар айтылуда. Одан ұстаздар қауымы да шет қалып жатқан жоқ.
«Бүгінгі Білім туралы заңымыз­да мұғалімнің құқығын қорғайтын бап жоқ. Кез келген ата-ана бізге келіп айқайлап, үркітіп кетеді. Ұстаз мектепке оқушыға сабақ беруге ғана келуі қажет. Баласының тәрбиесімен ата-­аналардың өздері айналысқан жөн. Шет мемлекеттерде солай. Ал біз бұзық балалардың тәрбие­сімен айналысып, бар уақытымыз солармен кетеді. Сондықтан жаңа заңда мұғалімдер құқығы барынша анық, ашық жазылса екен» дейді №76 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ернұр Омарханов.
Ернұр бізге «Қазір білім ордасында мұғалімдер қартайып барады. Статистикаға жүгінсек, еліміздегі 5 мұғалімнің біреуі 50 жастан асқан. Әсіресе, мектепте ер адамдардың аздығы ойландырады» деп тағы бір мәселенің шетін шығарды.

«Бізге білімді жастар ақшасы аз болғандықтан, келгісі келмейді. Қазір мектепке кезінде сабақты нашар оқығандар мұғалім болып келіп жатыр. Олар басқа мамандыққа түсе алмағандықтан, педагогикалық жоғары оқу орындарын шала-пұла бітіріп, мектепке орналасады.

Содан кейін білім саласының көсегесі қалай көгереді? Сондықтан жоғары оқу орын­дарындағы мұғалім дайындауды азайту қажет. Мысалы, Германия­да мұғалім маман­ды­ғына гимназияны беске бі­тір­ген адамдар ғана барады. Онда ұстаздар айы­на бір миллион жалақы алады. Ал біздегі жағдай белгілі. Осының бәрі жаңа заңда қамтылса екен» деп түйіндеді өз сөзін №76 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Қалай болғанда да, Елбасының жақында жарияланған Жолдауы мұғалімдер мәртебесін көтеруге пәрмен берді.

 


“Астана ақшамы газетінен”

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version