Ел тарихында алғаш рет Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ІT командасы жеті дүркін әлем чемпиондарын артқа тастап, халықаралық дәрежеде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлайды.
2 желтоқсанда Санкт-Петербург, Барнаул, Алматы, Тбилиси қалаларында бір уақытта Northern Eurasia (Солтүстік Евразия) өңіріндегі студенттік командалар арасында бағдарламалау бойынша халықаралық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Финалға ТМД елдерінен 318 команда қатысты. Құрамына Темірлан Сатылханов, Абай Баймұқанова, Айбар Қуанышбай кірген Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командасы 13 есептің 8-ін шығарып, ТМД елдері арасында жүлделі 4 орынды, Қазақстан бойынша 1 орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткізді. Ендігі кезекте қазақстандық команда 2019 жылғы сәуір айында өтетін әлемдік финалға қатысады.
«Бұл – университетіміздің биылғы ең үлкен жеңісі. Біз мұндай көрсеткішке 6 жыл көлемінде қол жеткізе алмап едік. Ендігі кезекте ел тарихында алғаш рет әлемдік чемпионатта үздіктер қатарынан көрінеміз деген үміт бар бізде. Бұл жолы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттік IT командасы жеті дүркін Әлем Чемпионы Санкт-Петербург қаласындағы ұлттық зерттеу ақпараттық технологиялар, механика және оптика университетінен (ИТМО) озып, халықаралық дәрежеде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш» – дейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков.
Қорытынды жекпе-жекте 7 есепті шығарған ҚБТУ командасы да жақсы өнер көрсетіп, ТМД елдері бойынша 14-орынды иеленді. Олар Қазақстан бойынша 2-орында тұрақтады. Ал, 4 есепті шешкен Назарбаев Университетінің командасы ТМД елдері бойынша 81-орынды, Қазақстан бойынша 3-орынды иеленді.
Жеңімпаз команданың көрсеткіштері ТМД өңірінде соңғы 5 жылдағы ең үздік деп танылып отыр. ЖОО жеңісі – Қазақстан үшін үлкен жетістік, өйткені ел тарихында бір де бір команда Солтүстік Еуразия өңірінде мұндай көрсеткішке қол жеткізбеген. Айта кетейік, олимпиадалық қозғалыс Қазақстанда 2000 жылдары басталған.