«Көлеңкедегі балабақша» атанып кеткен мектепке дейінгі ұйымдардан ата-аналар қалай сақтана алады? Бұл сұраққа Астана қалалық Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Ләззат Оразбекова жауап берді,
«Кейбір ата-аналар білместіктен өзінің балаларын заңсыз жұмыс істеп жатқан балабақшаларға беріп жатады. Яғни, «көлеңкедегі» балабақша дегеніміз – заңсыз жұмыс жүргізіп жатқан балабақша. Олар көп жағдайда санитарлық нормаларды сақтамай, балалардың қауіпсіздік нормаларын ескермей жұмыс істейді. Яғни, белгілі бір кәсіпкер ешқандай рұқсат құжатынсыз жеке балабақша ашады. Астана қаласында мұндай жағдай тіркелген. «Фантазима» атты балабақшаны бір кәсіпкер ашып, ата-аналардан ақша жинап алған. Кейін із-түзсіз кеткен», – дейді ол Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің кезекті отырысында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Ләззат Оразбекова өз сөзінде Астана қаласында қанша балабақша заңсыз жұмыс істеп жатқаны туралы нақты мәлімет жоқтығын алға тартты.
«Себебі, олардың жұмысын тексеру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кірмейді. Жергілікті атқарушы орган, яғни Астана қаласының әкімдігі заңды түрде жұмыс істеп жатқан балабақшалармен жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда елордада мемлекеттік білім беру тапсырысын алып жатқан 190 жеке балабақша бар. 190 балабақша заңды түрде жұмыс істеп, әрдайым олардың жұмысы бақыланып отырады», – дейді білім басқармасының өкілі.
Оның айтуынша, заңды түрде жұмыс істеп жатқан мектепке дейінгі мекемелердің тізімін Астана қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің сайтынан көруге болады.
«Астана қаласында жылына 20 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Жеті мыңнан астам бала миграцияға байланысты толығады. Сондықтан, қазіргі таңда 3 жастан 6 жасқа дейінгі 18 мың бала кезекте тұр», – дейді Ләззат Оразбекова.
Бөлім басшысы сонымен бірге заңсыз жұмыс істеп жатқан балабақшаларды қалай анықтауға болатынын айтып берді.
«Ата-аналарға осы тұрғыда жиі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ең бастысы, Астана қаласының білім басқармасына хабарласа алады. Білім басқармасының Call-орталығына (50-80-15 нөмірі) хабарласса, жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы кім, меңгерушісі кім, тіркелген бе, жоқ па, мемлекеттік тапсырыс ала ма деген сұрақтарды қойып, толық ақпарат ала алады. Сонымен бірге, Астана қаласының білім саласын бақылау департаментінің сайтына кіріп, сол жерден балабақшалар туралы егжей-тегжейлі білуге болады», – деді Ләззат Оразбекова.