Home Білім жарысы Аятжан Ахметжанұлы. Жетістікке жету формуласы-2

Аятжан Ахметжанұлы. Жетістікке жету формуласы-2

0

Басы: Аятжан Ахметжанұлы. Жетістікке жету формуласы-1

(VI)

Алдыңғы бөлімде, жетістікке жетудің алғы шарты сәтсіздікті пайдаға жаратып, әр іске тәуекел турасында ой қозғап едiк. Бл жолы жұрт айтатын арман һәм мақсат турасында ой қозғап көрейік.

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға, — дейді, ақын Мұхтар Шаханов. Дүниеде армандамайтын адам бар ма? Бәрі де жетістікке жеткісі келеді, бәрі де әлемді көргісі келеді. Бірақ, арманның бәрі іске аса ма? Кімнің өзгеден кем болғысы келеді, кімнің өз саласында оза шапқысы келмейді? Әрине, бәрінің! Бәрінде бір арман, бірақ… Ойшылдың белгілі бір мақсаты болады, ал арманшылдың еш мақсаты болмайды, — дейді Виктор Гюго. Иә, армандап қою жеткіліксіз, егер оған жетер жолды болжай алмасаң, немесе жетер жолдағы әр бөгетке сына берсең. Арман тау секілді, бірінен ассаң алдынан екінші шоқы көрінеді. Мақсат таудың басына шығу, бірақ, бір таудың басына шыққан адам келесі таудың басына шығуды армандайды. Дәл солай, жетістікке жету де бір мақсатың орындалғанда келесі бір мақсат туады. Ал, сізде оған да жетер құлшыныс пен мотивация бар ма?

Шабыт жетістіктен, мотивация жеңістен келеді. Жеңіске жеткен адам әр сәт алға ұмтылғыш келеді. Біздің қазақтың «армансыз адам — дәрменсіз» дейтіні де сол үшін болса керек, армандағы белесіңнің бірін бағындырсаң, жеңіске деген құлшынысыңыз артады. Жеңісте тасымау, жеңілісте жасымау басты шарт болмақ.

Арыстан айға шауып мерт болғанмен,

артында жортқан баласы арыстандық етпей қоймас.

Ақсұңқар ауға шырмалғанмен,

ұясынан ұшқан балапан сұңқарлық етпей қоймас, — дейді, тағы сол қазақтың кешегі сөзмерлері. Иә, адам да дәл солай, арманы биік, сол арманға жеткісі келеді. Бірақ, жетер мақсаты мен жолы дұрыс па?

Оның таразысы — ойда!

Енді сұрақ, сіз арманшылсыз ба? Сіздің арманыңыз не? Ойшылмын деп ойлайсыз ба? Өмірде ойға алған мақсатыңыздың қаншасы орындалды?

 (VII)

Жетістікке жету, табысты (рухани һәм экономикалық) болу әркімнің арманы. Тым құрығанда бір салада көш бастап, өз саласының үздігі атану — әркімнің мақсаты. Оған сонау сөз басында Абай атамның сөзімен дәлел айтқанбыз.

Иә, бүгін сол жетістікке жету жолындағы достар мен дұшпандар туралы аз-кем ой өрбітелік. Дос пен дұшпанның екі түрі болады, бірі — сіздің жетістікке жетер жолындағы адами достар мен дұшпандар, екіншісі — жетістік жолындағы дерексіз зат есімдер… (Ұйқы, күлкі, ақыл, мінез дегендей)
Менің осыншама жетістікке жетуіме достарымнан гөрі дұшпандарымның көбірек пайдасы тиді, — депті бірде әлемдік миллиардер. Мен де дәл сол сөзді қайталағым келеді, бүгінде кезінде кейбір сүріндірген дұшпандарымның басын қосып дастархан жайып, рахмет айтқым келеді, себебі, менің сергек жүруіме, менің тәжірибе жинауыма, менің жаңа жобаларды бастауыма, менің күш жинауыма үлкен септігін тигізген сол дұшпандарым.

Иә, жекпе-жекке шыққан батырдың күші маңызды емес, оның жекпе-жекке шығып бара жатқандағы жеңемін, немесе жеңілемін деген ойы маңызды, — дейді психологтар. Өмір — ең үлкен жекпе-жек, дос өмірді жеңілдетуші, дұшпан өмірді ауырлатушы боп сезіледі. Бірақ, оны қалай пайдаға асыру өзіңе ғана байланысты.

Сондықтан да қазақ «адамның ең үлкен досы — өзге, дұшпаны — өз санасы» дейді. Сіз өз санаңызды қаншалық азат ұстай аласыз?

Өмірде көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра дейді, — тағы да сол атам қазақ. Көпті көруге себепкер болған кім? Әрине, адасулар, сүрінулер мен жараланулар.

Ал, дерексіз достар мен дұшпандар — дәл адами достар мен дұшпандар секілді көбін өзіміз ойдан шығарып алған сылтаулар.

Бірде, бір кездесуде оқушылар: — Ағай, сіз қарбалас кезде неше сағат ұйықтайсыз? — деді. Мен: — 3-4 сағат, — десем әлгі оқушы:

— Ағай, денсаулыққа зиян емес пе? — дейді. Мен оқушыға дәл сол кезде қайтарма сұрақ қойдым.

— Сіз қолыңыз бос, сабаққа бармайтын кезде неше сағат ұйықтайсыз? — десем. Әлгі оқушы бірден ойланбастан:

— 10-11 сағат, — дейді. Мен күліп:

— Ол денсаулыққа зиян емес пе? — деймін. Оқушылар ду күлді. Иә, қалыпты ұйқы 7-8 сағат, одан аз да, көп те ұйқы зиян. Яғни дұшпан. Бірақ, бізге аз ұйықтасақ қиналамыз, сол үшін ол денсаулыққа зиян болып сезіледі. Ал, көп ұйықтау рахат, оның зиян екенін ойламаймыз.

Дерексіз зат есімдегі достар мен дұшпандар да дәл осындай біз таразының басын өз пайдамызға бұрып алған достар мен дұшпандар. Шын мәнінде… Шын мәнінде, өмір басқаша. Өмір мектебінің ең басты ерекшелігі де сол, сен бірінші басыңнан өткізіп, сосын сабақ аласың. Ал, мектеп — алдымен сабақ алып, сосын оны іске асырасың. Біздің дос дегеніміз дұшпан, дұшпан дегеніміз дос болуы мүмкін. Бірақ, менің айтатыным, тағы сол бұрынғылардың сөзі. «Адам — адамға қасқыр, адамның ең үлкен досы да, жауы да — өзі».

Сіз өзіңіз туралы ойланасыз ба, әлде, табысқа жетпеуіңізді өзгелерден көресіз бе? Әлқисса сөзіміздің басында Сұлтанмахмұттың сөзін қайыра бір есіңізге аларсыз.

Менің ең үлкен досым да, дұшпаным да бойымда, ал, оны қалай пайдалану және өзімнің ойымда. Сондықтан, адамның ойы азат, санасы озат болмақ керек.

Келесі бөлімде тағы бір қызық, айтармыз, қазірше осымен тоқтайық.
Сіз не дейсіз?

VIII

Ұлы дала мотивациясы

Жеті бөлімі аяқталған бұл мақаланың сегізінші бөлімін осылай алдым, Неге?

Тарих мақтану үшін керек емес, мен үшін тарих — мотивация. Жұрт айдаһар елі, жолбарыc елі, аю елі болса біз «Ұлы дала, мәңгілік елміз». Иә, бұлай айтсам мақтаныш секілді болар, онда былай:

Ұлы даланың жеті қыры:

— бабам жабайы жылқыны қолға үйреткен, бүгінгі тұлпарды тақымдап жүрген жұрт бізден үйренген!

Онда соның ұрпағы біз ше? Біз не істедік? — бабам алтыннан киім тігіп киіп, алтын күмістен ер-тұрман жасаған!

Ал, ұрпағы біз ше?

— бабам арбаны ойлап тауып, арбадан шабыт алғандар трактор, машина жасаған!

Баласы біз ше? Әлемге біз не жасадық?

— бабам Ұлы Жібек Жолы бойында керуен айдап, саудагерлік пен қолөнердің көркін қыздырған!

Ал, бүгінгі біздің базарды неге өзгелер иемденді? — бабасы даласын күллі түркінің бесігі етсе, баласы күллі түркі болмаса да, ең құрығанда Орта Азияның тізгінін ұстауға әлі бар ма? Күпиюге емес, күжіреюге емес, ойлану мен еңбекке жүк болар жай ғой.

Арыстан айға шауып мерт болғанмен, баласы арыстандық етпей қоймас, — дейді біздің қазақ. Ал, қазақтың өзі ше?

Бабасы даласына жеті қыр тастаса, баласы жетпіс қырын сәулелендіре ала ма? Мәселе сонда. Тарих мақтан үшін емес, мотивация (біздің ұлттық рух) үшін керек дегеніміз де сонда.

Әйтпесе, бабасы алтын сауыт киіп, баласы алтын қасық жасауды арман етсе, не қайыр?

Өсетін ел, бабаң кім демейді, балаң кім дейді! Кеше кім болғаның емес, бүгінгі тарихи орныңның кім болғаны маңызды!

Абай айтпай ма «есті кісілердің қатарында болсаң, өзіңнен есеп ал» деп, тарихыңнан емес.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Қайратың мен ақылың екі жақтап, — дейтін де Абай. Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық болады, — дейтін еді бұрынғы жұрт. Бүгін ұлы бабасы жеті ұрпағын асырап жүр. Бірақ ұлы бабамдай болайын дейтін ұл бар ма?

Кеуде соғып отырған шығарсыз, кеуде соғу тым оңай, бірақ бүгінге дейін не жасадық? Ертеңгі ұрпақ үшін сабырға келіп, сәл ойланайық.

Біздікі айту емес, істеу! Сол үшін де бүгінде сөйлегенді жек көретін әдет таптым, бірақ, шабыт құрғыр қысқанда, сөйле деп мінбер беріп шақырғанда осылай көсілетініміз бар. Жә, өзіме де сабыр.

Бабасы химик алтыннан сауыт киген, баласы химик тек сабақ берген демесін жұрт.

Сіз не дейсіз, қадірменді оқырман?

жалғасы бар…

Аятжан Ахметжанұлы. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. Химия ғылымдарының PhD докторанты. Ақын. журналист. 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version