Партияның орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының Білім беру бағыты бойынша партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов төрағалық ететін комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Педагог мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімге оқу жүктемесін төмендету мәселелері бойынша» заңдар жобалары талқыланды.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келесі жылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Содан бері бұл мәселе халық арасында қызу талқыланып жатыр. Қазіргі кезде елімізде оқушылардың оқу жүктемесі мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Президент атап өткендей, Қазақстандағы оқушылардың оқу жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары, ал ЭЫДҰ мемлекеттерінен 30 пайыз жоғары екен.
Басқосу барысында мұғалімдерге өз міндеттерінен басқа да функцияларды жүктеу мәселесі де өзекті болып отырғаны айтылды. Аталған заң жобалары қоғамда кеңінен талқыланып, осы мәселелерді шешуге, барлық мүдделі тараптардың құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс екендігі сөз болды.
Президенттің Жолдауда берген білім саласына қатысты басқа да тапсырмаларына сәйкес, алдағы 5 жыл ішінде білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына шығындарды жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту, біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігі жиын кезінде айтылды.
Кездесу барысында осы мәселелерді талқылау үшін Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева заң жобаларын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ж.Нұрманбетова, Н.Жұмаділдаева, Б.Хаменова аталған заң жобаларына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қазақстандық кәсіптік білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы атынан төраға орынбасары А.Мұқашева, мұғалімдер қауымының атынан Қызылорда қаласының №235 мектеп директоры Г.Әбдазиева сөз сөйлейді.
– Бұл – ұстаздардың көптен күткен жобасы. Ақпан айына дейін осы жобаны талқылауға көп уақытымыз бар. Әр нәрсені келісе отырып, түйінін шығарамыз деп ойлаймын. Аталмыш заң жобасы әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланып жатыр. Халық арасында жергілікті атқарушы орган мұғалімдерге сыйақыны және ауылдық жерде жұмыс істегені үшін отын алуға қаражаттың сомасын белгілейді дегенге келіскісі келмейтіндер де бар. Қорыта айтқанда, әкімдер өз өңіріндегі ұстаздар мен дәрігерлерге ерекше көңіл бөлгені жөн, – деді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.
Талқылауға бейнеконференц байланыс арқылы еліміздің барлық аймақтары қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар әзірледі.
Әбілмансұр ЖАСАН
“Айқын” газеті