Алла Тағала сүйген пендесіне ерекше түйсік беріп, мойнына ерекше жүк артып дүниеге әкеледі екен. Онысы: «Пенде болма, адамдық ісін істе, адамзат бауырыңа медет бол!» – деген міндетті білдіреді. Қазақ даласында алғаш қоңырау үнін соққан Ыбырай да өз жолын берік ұстанып, жаратушы өсиетінен танбаған. Ұлы Ахмет айтқандай:
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам? – деген ойды қатар алып жүрген Ыбырай үні бүгінде даламызда жаңғырып тұр. Ал енді, мен – Ыбырай салған сара жолдың жолаушысы, ұстаз ретіндегі міндетімді адамгершіліктің ең жоғарғы сатысы деп тани отыра, ыстық ықылас, абыроймен өтеп шықпақпын.
Баба өсиетінің даусы күшті болғанынан ба, әлде жаратушының маңдайыма жазған міндеті ме, мен мұғалімдік жолға түсіп, нық тұруды бала күнімнен армандадым. Бала көңілге саялаған арман өмірлік соқпағыма айналды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- дегендей, жүректегі сәл ұшқынды маздатып жандырған бала күнімдегі ұстаздарым бар. Жоғарғы сыныптарда, бүгінгі кәсібім – химия пәнінен мұғалімдікке ден қойдыртқан ұлағатты ұстаздарыма шексіз алғысымды айтамын. Мені сол Ыбырай үнінің жаңғырығымен ілестіріп әкеткендей…
Бала – өмірдің қызығы. Кейіннен есейіп, сіз бен біздің жолымызды жалғастырар жан. Қалай исең,солай қарай иіледі.Қалай өсірсең,сол қалыпта өсіп шығатын ағаш секілді. Іргетасын нық қаласаң, ондаған жылдарға пана болар баспанадай, ол да ең бірінші – ата-анасы, елі мен халқына еңбек етер азамат болар. Осындай ойларды ала жүре, жас буынды біліммен сусындатып, балаға дұрыс тәрбие беруді мақсат еттім. Бұл – менің жүрек қалауым. Ал жүректің қалауымен болған зат әрқашан сәтті жемісін береді.
Алғашында ұстаздық жолым үзіліске тап болды. Қанша жүрек қаласа да, әйел заты ретіндегі міндетімді де шетке ысыра алмадым. Отбасын құру, ұрпақ өрбіту – барша адамзатқа бірдей шарт. Сонымен қатар, мамандығым бойынша жұмыс таба алмау сияқты себептерден, кәсібімді басқа салаға бұруға мәжбүр болдым. Еш келеңсіздік болмады. Кәсібім сәтті жүріп, пайда тауып, өмірімді жалғастыра бердім. Материалдық жағынан еш қиындық көрмей, алдағы күніме сенімділік туса да, мұғалімдікке деген махаббатым күн санап арта берді. Жаныңа қалаған нәрін құймасаң, іштей тырналап, алай-дүлей етіп, маза бермесі хақ. Әсіресе, оқу жылының алғашқы күнінде гүл ұстап, мектепке қарай басып бара жатқан оқушы, бүлдүршіндерді көргенде маған ерекше қиын болатын. «Мен де дәл қазір оқушыларымды қарсы алып, жадырап тұрар ма едім?» – деген ой жабырқау күйге салды. Осылай көп уақыт өтті. Алайда, ұстаздыққа деген махаббатым, жүрегімнің үні қайтара осы сара жолға алып келді. Мен өзімді жүрегі мен қайраты сонша күшті жанмын деп ойлаған емеспін. Дегенмен, адам шын жүрегімен бір затты қаласа, ол үшін бәрі де мүмкін.
Ендігіде бар қалауын тапқан жан болып, бар күшіммен еңбек етуге кірістім. Еңбегіме сай бір марапат алсам деген емес, пайда тапсам деген де ой емес, бар болғаны жаныма жақын тартқан кәсіппен айналысу. Бірте-бірте таудың шыңына жаймен басып, өрмелеп шыққанындай, жетістіктерге де оқушыларыммен жете бастадым. Ұстаз ретінде оқушыңның өзгеден басып оза, сенің берген тәліміңді дұрыс пайдаланып, нәтиже көрсеткені қуантпай қоймасын айта аламын. Алғашында пәндік олимпиадаларға оқушы дайындаудың қыр-сырын да, амал-тәсілін де білмеген мен, оқушыммен қатар үйрендім. Химия – жекелей әлем. Оны білімің толыспай бағындыра алмассың. Әрі бәсекелестік те, әркез кезекті бір білім додасын өткеру де оңайға соқпайды. Ғұмырлық еңбек сені ғұмыр бойына ізденіске әкелерін сол уақытта түйсіндім. Бұл ерекше әсер қалдыратын кезең. Асқан махаббатпен істеген ісім еш сәтте мені шаршатқан емес. Бәлкім, сол ақыл, жүрек, қайратымның толысып, кемелденгені шығар, жаратушы да маған марапатын аяған емес. Дұрысырақ айтқанда, оқушыларыма төккен шарапатына мың алғысым. Ұстаз еңбегі, ұстаздың жетелеуі, ұстаздың дем берер сөзі ғана оқушыны биік мақсаттарға апарады. «Ұстаздан шәкірт озар», – дегендей, кейіннен бір ұрпақ екінші ұрпақтан әлдеқайда алшақ кетіп, білімі асқан шәкірт дайындайды. Егер де оқушыларымның арасынан бір де болсын, менен озар шәкіртім табылса, мен үшін қандай бақыт еді!
Ұстаздық жолым үзілмек емес. Өмірімнің соңғы сәттеріне дейін ұстаздық ету енді менің күнделікті өміріме енгендей. Барша білім ордаларында қызмет етіп жүрген педагогтарға менде іштей әрқашан бір сұрақ болды: «Ұстазсыз ба? Мұғалімсіз бе?». Расында, қызық сұрақ. Әркімнің еш ойланбай «екеуі бір зат» деуі әбден мүмкін. Мұғалім – бағыттаушы, оқытушы. Бұл екі шектеуден аспайды. Ал ұстаз – өмірлік дос, жан аямай шәкірті үшін еңбек етіп, қанатын кен жая, аспанға самғатып ұшыртар қозғаушы күш. Менімен бір жолды таңдаған кәсіб иелерінің бәрі «ұстаз» емес. Ал бүгінгі күні ұстаздыққа жеткендер, мұғалімдік сатыдан өткен. Бірақ, менің ойымша,нағыз ұстаз – тек жүрек қалауымен қызмет еткен жан. Еңбек жолымның басында өз-өзіме қойған осы бір сұраққа «мен – ұстазбын» дей мақтанышпен жауап бере алар кезім келгендей.
Келешек менің әріптестеріме айтар жалғыз кеңесім бар. Ол – «Ұстаздыққа ұмтылыңыз». Мысалы, мен кезекті бір сайысқа оқушы дайындағанда жас ерекшелігіне де, қабілетіне де қарамай шәкірттеріме бірге жұмыс жасатамын. Әрқайсысына жеке уақыт бөлуге ерінгенім емес. Былайша айтқанда, ұрпақтар сабақтастығы. Бір-бірінен сөзсіз алып-берері табылады, тәжірибе алмасады, үлкені кішісін жетелейді. Менің қалауым да осы. Ал кейін үлкен өмірге аяқ басқанда, білімін параға алмастырмас, жүрегі «қазақ бауырым» дер азаматты тәрбиелеп шығарасыз. Бұл үдерісте сіз де оқушысыз. Сіз үстемдік ете алмайсыз, сіз бірге жұмыс жасайсыз, бағыт бересіз. Сонда баланың да сізге жүрегі жылып, «сіз сияқты ұстаз боламын» деуі де ғажап емес.
Бүгінгі күні көк жәшіктен естіп-көрерім тек педагог пен оқушының арасындағы араздық, суықтық болғанын жасырмаймын. Бұл адамдыққа да, білім алу үдерісіне де үлкен зиянын тигізер мәселе. «Мұғаліммен төбелесті», «Мұғалімді соққыға жыққан» не болмаса «Мұғалімді кінәлауда» деген сөздерді жаңалықтар төрінен көргенде жүрегім ауырады. Қай уақытта болмасын қасиеті кетпеген мамандықтың да құны кетіп бара жатқаны ма?…Ұлттың қозғаушы күші іспеттес оқытушының да заман теперішіне тап болғаны ма?..Алайда, бүгінгі таңда үкімет басшыларының бұл мәселелер бойынша реформалар жасап, жаңа заң қабылдап, немқұрайлы қарамай, шара қолданып жатқанын көріп қуанамын. Елдігіміз барда, еңсеміз түсе қоймас деп шүкіршілік етемін. Сондықтан, жаңа кезеңге мен де көшпен бірге ілесіп аяқ басамын.
Мен жүрек қалауыма сеніп, ұстаздыққа жете алғаныма еш өкінбеймін. Мен ұстаздарымнан үлгі алдым, келешекте менен де үлгі алған шәкіртімнің де ұстаз бола аларына сенімім мол. Күн сайынғы жаңалықтар, мол мүмкіндіктер бұл күнгі ұрпақтардың қолында тұр. Кейде «неліктен бір ширек ғасыр уақытқа кеш өмірге келмедім?» деп армандаймын. Үлкен мүмкіндіктер заманында жүрегімдегі мың есе еселенген махаббатпен еңбек етер едім.Бүгінгі ұрпақтың менің замандастарымнан басып озары да хақ.Оларға менің артар сенімім де мол. Бар жоғарыдағы сөздерімді саралай келе, Ыбырай бабаның келешек ізбасарларына айтқан мына өсиетімен ойларымды сабақтағым келеді:
Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды.
«Өнер – жігіт көркі» деп,
Ескермедік мақалды.
Үміт еткен достарым.
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Сіздерге бердім батамды!
Қарағанды облысы, Балқаш қаласының Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Ахтанова Бақытгүл Бекболатқызы.