Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік кезеңін зерделеген көрнекті ғалым Ш.Елеукенов көркем әдебиеттің бүгінгі таңдағы таралымының азайып кеткенін айта келе: «Әдебиеттің арғы-бергі қозғаған әңгімесін бүгінгі ұрпақ білмей өссе, «адамның адамшылығын түзеу», «дүние сырына қанығу» /М.Әуезов/ мектебінен өтпесе, ана тілінің мәйегінен татпаса, құлағыңның бітелгені, рухыңның суалғаны, кеудеңнің кереңденгені, әнеки сол емес пе? Осыны әбден біле, сезе тұра, әдебиеттің оқушысын құртып жатқанымыз қалай? Көркем дүниедей сұлулық күнін өшіргенде табатынымыз не? Қай мұратқа жетпекпіз?» деп қынжылады.
Иә, бұның бәрін өткен шақта айтуымыздың мәнісі бар. Себебі жаңартылған бағдарлама ұлтымыздың тарихы мен тәжірибесінде қалыптасқан үрдісті негізге алуды мақсат етпейтіні байқалады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің жобасын алып отырған жаңартылған мазмұнның олқы тұстары көп. Енді «жаңартылған мазмұнды бағдарлама» делінген әдебиет бағдарламасынның қай қырынан «жаңартылғанын» зерделеу керек-ақ. «Негізгі орта білім беру деңгейіне арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасына» қатысты туындайтын сұрақтар көп. Ең алдымен әдебиетті пән ретінде оқытудың осыған дейінгі жалғасты тәжірибесі ескерілмей, өткеннен қол үзіп, жаңа «жоба» нобайын селкемдегені көрінеді. Әйтсе де тақыр жерден жаңа тумайтыны белгілі. «Жаңартылған мазмұндағы» функцияналдық сауаттылық деген қалай түсіндірілетіні күмәнді. Әр пән белгілі саланың ғылыми негізіне сүйенуі заңлыдық. Әдебиет пәні әдебиеттану ғылымдарына сүйенеді десек, әдеби мәтінді талдап, таразылау, мәтінмен жұмыс формалары жаңартылған мазмұнға дейін болмады ма екен?!
Жарты ғасыр уақыт жүзгізілген бұрынғы бағдарламаларда әдебиеттік оқу 5-8 сыныптарды қамтитын 12-15 жас аралығындағы оқушыларға лайықталатын. Оның да берік педагогикалық, психологиялық негіздері бар. Себебі осы жас аралығындағы оқушылар әдебиетті өнердің бір саласы ретінде танып, алғашқы әдеби білім қалыптастыратын. Бастауыштан енді орта буынға өткен оқушылардың әдеби материалдарды оқуында бастауыш сыныптардағыдай өміртанымдық мақсаттан өзге көркем сөзге эстетикалық талғамы қалыптасып, әдеби білімі: шындық болмыстан көркем болмыстың ерекшелігі, көркем сөз образы, кейіпкер ұғымы т.б. көркем әдеби білімі қалыптастырылатын. Бұл сыныптарда берілген оқу материалы сыныпта оқылып талқыланады. Ауыз әдебиеті үлгілерінен ертегілер, көрнекті қаламгерлердің өлеңдері мен шағын әңгімелерін сыныпта оқу бірқатар білім, білік, машықтарын қалыртастыратын, оқушыларды мәнерлі оқуға, ауызша, жазба тілін дамытуға, көркем шығарманы талдауға, сөз мәнін зерделеп, сөздік қорын қалыптастыруға ықпал ететін. Әдеби білім алумен қатар эстетикалық талғам қалыптастыруға, образды ойлауға, өзіндік ой-пікірге баулып, шығармашылық жағынан шыңдайтын. Ал жоғары сыныптарда әдебиеттің қысқаша тарихи курсы өтілетін болғандықтан ақын-жазушыларымыздың тұтас шығармашылығы арқылы тұлға келбеті қалыптастырылып, көлемді шығармаларды өздігінен оқу, сыныпта талдаудың түрлі әдістері арқылы интелектуалдық-танымдық, рухани-адамгершілік, көркемдік мәдени таным-түсінік, дағды-машық қалыптастыру көзделетін. Төл әдебиеттің ұлттық сипатын таныту арқылы жеткіншектің ұлттық рухын шыңдап, азаматтық ұстанымын бекітуге, әдебиетті құндылық ретінде қабылдап, бағалауға үйрететін едік. Осының бәрі – функцияналдық сауаттылық.
Таңырқататыны әдебиет пәні бағдарламасына қазақ әдебиетінің ірге тасын қалаған таңдаулы тұлғалар, қазақ әдебиетінің классиктері енетін еді. Ендігі жерде бағдарламаға енген кейбір аворлар туралы пікірлер сан қилы. Ең бастысы әдебиет пәні бойынша ұсынылған базалық білім мазмұны тым қысқарып кеткен. Әдебиетті оқыту тарихында дәл осылай оқу материалының шектеліп берілуі алғашқы 1932 жылғы үш жылдық мектепке арналған бағдарламаға да жетпей қалған.
Жоғарыда атап өткеніміздей мектеп бағдарламасындағы әдебиеттің тарихи кезеңі жүйелеп ұсынылатын. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен басталып, ақын-жазушыларымыздың таңдаулы шығармалары сыныптан сыныпқа жүйелілік, бірізділік ұстанымдарына қарай негізделіп хронологиялық ретпен берілетін. Абай, Мағжан, М.Әуезов т.б. классиктердің шығармалары сыныптың өсуіне қарай бірте-бірте күрделендіріліп спиральді түрде ұсынылатын. Әдебиеттің тектері мен түрлері, әр түрлі жанрдағы шығармалар беріліп, әдеби білім мазмұнын құрайтын әрі оқушыға функционалдық сауатталық қалыптастыру көзделетін. Иә, функционалдық сауаттылық дегенді өткен бағдарламаларда да атқарып келген едік. Себебі әдебиет пәні әдебиеттану ғылымына сүйенеді, сол ғылым саласының теориялық негіздерін басшылыққа алады. Сондықтан әдебиеттің теориясы, тарихы, сыны деген басты салалары қамти отырып, әдеби білім мазмұнын қалыптастыру көзделуі заңды. Қазақ әдебиетін оқыту тарихында мектеп бағдарламасына қазақ әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерін ұсыну үрдісі қалыптасқан еді.
Ендігі жерде әдеби білім беру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға күш салу деген ұстанымдар екінші орынға ығыстырылған. Түсіндіріп айтсақ: жаңа бағдарламаларда әдеби білім мен түсінік қалыптастыратын кіріспе тақырыптар түсіп қалған. Әдебиетіміздің әліппесі саналатын ауыз әдебиеті үлгілері жүйелі ұсынылмаған. Тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтел, жаңылтпаш, айтыс, тарихы жырлар қамтылмаған. Ұлттық танымдық, тағылымдық материалдардың көбі бағдарламадан қысқарып кеткен. Қазақ әдебиетінің классиктері саналатын М.Жұмабаевтың көркем де рухты өлеңдері, С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік», көркем эстетикалық бағасы жоғары «Көкшетау» сияқты шығармалары, М.Мақатев лирикасы, С.Мұқановтың ұлттық саятшылық өнерді дәріптейтін «Өмір мектебі» романынан «Лашын», «Саятшы Ораз» әңгімелері, балалар жазушысы С.Бегалиннің тұлғаның қалыптасуын танытарлық «Бала Шоқан» әңгімесі, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан алынған «Тұтқын бала» сияқты қазақтың ардақты ұлдарының өмір жолын танырлық тағылымдық шығармалары, Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» романынан алынған «Қозыкүрең» әңгімесі, М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты тарихи-танымдық шығармалары, адамгершілік тәрбиенің терең тамырлы дүниелерінен сыр шертетін Д.Исабековтің «Ата үміті» әңгімелері т.т. шығармалар қандай себептермен алынып тасталған деген заңды сұрақ туындайды. Әңгіме жанрының шебері Б.Майлиннің шығармалары, ана тақырыбындағы Г.Мүсіреповтің бағалы әңгімелері, І.Жансүгіровтің эстетикалық бағасы биік «Күйші» поэмасы, кезінде тоталитарлық жүйенің ықпалымен оқытылмай келген М.Ж.Көпеев шығармалары, сал-серілер поэзиясы т.т. көп шығармалар қысқартылып, не әдеби кезеңді, не әдеби-теориялық мазмұнды есепке алмай, әр тұстан бір шалған мәтіндер топтамасы жасалған. Жаңартылған мазмұнды бағдарламада халқымыздың білім беру тәжірибесі(тым болмағанда ғасырға жуық халыққа қызмет еткен кеңес мектебінің тәжірибесі) мүлде ескерілмеген. Жоқтайтын дүниелер өте көп.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 1999 жылғы Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған Қазақ әдебиеті пәні бағдарламасында оқу материалдары қазақ әдебиетін түгел қамтимыз деп шектен тыс оқу материалдарын енгізіп, әдебиет шолу түрінде ғана оқытылып, әдеби мәтіннен оқушыларды алшақтатып алсақ, жаңартылған бағдарламада керісінше 600 дей сағатқа 100 ден сәл асатын шығарма енгізіп, оның өзін әдеби білім беруге жұмсамай, кіріктірілген басқа мәселелерге бұруы, дүниенің екі шегіне құлаш ұру деп түсінуге болады.
Қазақ әдебиеті пәні әдебиеттану ғылымына негізделетін болғандықтан, әдебиеттің тарихи кезеңдерін ескеру, мектеп оқулығына әдебиетіміздегі ең таңдаулы шығармаларды сұрыптай енгізу талабы орындаруы шарт еді. Қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының мол мұрасы қамтылмай отырғанда, шетел әдебиетінен Кнут Гамсун «Аштық» романы, Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесі, Д. Лондон «Мексика ұлы» әңгімесі, Р.Ғамзатовтың екі шығармасы, А.С.Пушкин өлеңі ұсынылуы нені түсіндіреді?! Орыс әдебиетінен оқытылатын материалдарды қазақ әдебиетінде де қосақтаудың қаншалықты қажеттілігі бар?! Қазақ әдебиетінің классиктері қатарында Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжмеденов, Т.Айбергенов сынды ақындардың шығармалары бағдарламаға ілікпегенде, кейбір көпшілікке енді танылып жүрген ақындардың өлеңдерін енгізу, қаламы еркін төселмеген жас қаламгерлерді қандай ұстанымдарға негіздеп оқулыққа енгізген деген сұрақ туындайды. Тәуелсіздікті дәріптеу ниетімен бағдарлама енгізілген бірер өлең үшін десе, еліміздің әнұранын жазған Ж.Нәжмеденовтей патриот ақын неге шеттеп қалған деген ой тағы санаға сығалайды. Мәселен, Л.Қоныстың әңгіме жанрындағы ізденістерін қуаттасақ та, әдеби тілді қолдануында кейбір олқылықтардың барын жоққа шығара алмаймыз. Мектеп бағдарламасына енетін шығамалар екшеліп, әдеби тілі жағынан шыңдалған дүниелер ғана сұрыпталғаны орынды емес пе? Дәл сол «Тиын» әңгімесін тілін қай ғалым оқып саралап, қай әдіскер лайық көріп енгізді екен деген ойға келесің.
Instagram
– парақшамызға жазылыңыз!
Қазақ әдебиетінің маңдай алды тұлғаларынан М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, шығармаларының өзі бұрынғыдай сыныптар өскен сайын шеңбер түрде дамытылып берілмей, бірер сыныппен шектелген. Жалпы білім беретін мектепте Мағжанның «Батыр Баянынан» басқа шығармасы енбеген, Ғ.Мүсіреповтің көркем әңгімелері жоқ.
Бағдарламаларды сараптай келе байқағанымыз, «Негізгі орта білім беру деңгейіне арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасында» оқушыларға әдеби білім мазмұнын қамтып, әдеби білім қалыптастыру мақсат етілмеген. Әдебиет пәні әдебиеттану ғылымының негіздеріне сүйенетіндігі, әдебиеттанудың тарихы, сыны, теориясы тұтасып келіп әдебиет пәніне негіз болатыны ескерілмей, әдеби материалдар жүйесіз берілген әрі таңдаулы шығармаларға бағдарланбаған. Әдебиет теориясы мен сыны қалыс қалған. Жаңартылған мазмұн «құндылықты-бағдарланған» деп түсіндірілгенімен, әдеби мұра ұлттық құндылық, тұлғаны рухани қуаттандыратын күш, танымдық-тағылымдық, эстетикалық функциалары қарқынды құрал екендігі басты тірек етілмей, өзге тақырыптар мен оқу әрекеттеріне материал ретінде ғана жұмсалатын болып қалған.
НЗМ тәжірибесіне негізделіп жасалып отырған «жаңартылған» мазмұн бойынша бағдарламада пәндерді кіріктіре оқыту үрдісі негізгі талап ретінде ұсынылып отыр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін кіріктіру аталмыш пәндердің табиғатын жете түсінбеуден туындаған деген ойдамыз. Әдебиет – өнер пәні. Егер әдебиетті өзге пәндермен кіріктіру қажет болса осы ерекшелігін ескеріп, өнер пәндерімен кіріктіргені абзал еді. Қазақ тілі мен әдебиетті кіріктіре отырып, лексикалық тақырыпқа үшінші бір мәселені қосақтау қандай мазмұнды білімге жетелейді?! Мәселен, әдебиеттін оқу материалын бере отырып, «Ас ішудің әліппесін» бірнеше сағат бойы оқыту қандай терең білімге апаратыны белгісіз?!
«Әңгіме былай. Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебінде салмақ. Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық. Тарихты аз ғана болса да ақтарған кісі мұны біледі. Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт»,– дейді ұлт жанашыры М.Жұмабаев (Шығармалары, А., Жазушы 1989. -313 бет).
Мектептеріміздегі үш тілді білім беру саясаты, пәндерді өзге тілдерде оқытуға байланысты ұсыныстар, ұлттық негізді қалыптастыратын тарих, география пәндерінің қысқаруы мен әдебиет пәнінің мазмұнының шектеліп берілуі еріксіз ұлттық таным мен тәрбиеге селкем түсіру қаупін туғызады деген ойға тірейді.
«Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Қазақ жанын қайшылап отырып, жат қалыпқа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру яқи жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады» –деген М.Жұмабаев сөзі бүгінгі күнге сай айтылғандай өзекті болып тұр.
Қорытындылай келгенде, жалпы білім беретін мектептерде қазақ әдебиетін оқыту не үшін керек деген сұраққа қайта тірелеміз. Егер 1930 жылдардың өзінде әдебиет пәнінің қажеттілігі айқындалып, негізгі пәндер қатарынан орын алған болса, бүгінде неліктен әдебиет пәніне өгейлік жасап, өзге пәндерге қосақтай оқыту, не әдеби білім мазмұнынан шеттеу бейімдігі туындап отыр?!
Әдебиет – өнер пәні, адамтану пәні, сонымен қатар, әдебиет – жан-жақты да терең ойлантатын пән. Оқушы танымы мен логикасын дамытуда әдебиет пәні жаратылыстану пәндерінен кем түспейді. Жаратылыстану пәндері сияқты тұрақты бір формула мен қағидалар, заңдылықтармен шектелмей, әдебиет пәні еркін ойдың, қиялдың дамуына жолбасшы бола алады. Әдебиет пәнінде дәлелдеуді қажет ететін тұрақты формула, элементтердің бұлжымас ережелері жоқ. Бірақ кейде шығарма өзегіндегі ой қисынын зерделеу, азаматтық ұстаным тұрғысынан келгенде күрделі есепті шығарудан да ауыр болатын тұстары аз емес. Себебі шығарманың терең астары, тағдырлар тартысы, идеялар тартысында оқырманның өзіндік пікірі мен көзқарасына жүгінетін тұстар көп. Белгілі әдіскер Қ.Бітібаева «Әдебиет – адамтану құралы» болса, әдебиет пәні – «адам тәрбиелеу құралы» деген пікір айтады. Ал әдіскер ғалым Е.Н.Ильин «Әдебиет – адам қалыптастырушы құрал» деген әдебиет пәнін оқытудың жаңа жүйесін ұсынған болатын. Әдебиет пәні арқылы оқушы адам болмысын тануды үйренеді, сол арқылы өзін-өзі тануға талпыныс жасайды. Қоршаған орта туралы ұғымдарын кеңейтеді, рухани дүниесі байиды, туған тілі мен еліне деген құрмет сезімі, ұлттық ділі мен рухы қалыптасады. Адам тұлға ретінде рухани қуаттанады. Ашығын айтқанда, білімі бекем, рухы қуатты ұрпақтың өз туған ұлтына, Отанына деген сатқындығы болмайтыны айқын.
«Пайданы көрсе бас ұратын», өзінен бастап, Отанына дейін сататын жеткіншек қайдан қалыптасады деп таңырқаудан бұрын, себебі неден деп зерделеген орынды болмақ. Сондықтан әдебиетті оқыту қажеттігін білу және оны қай мазмұнда оқытуды терең пайымдау бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі.
Береке Жұмақаева п.ғ.к., профессор м.а.
Сүлеймен Демирел университеті