Осы бағытта 2018 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тілтанушы мамандары «Қазақ тілінің жаңа емле ережелерінің жобасын» әзірледі. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жаңа емленің түзілуіне қатысты жоспарлар құрып, ауқымды іс-шараларды өткізді. Міне, бүгінде жаңа әліпбиге негізделген емле ережелері мақұлданды.
Ендігі кезекте жалпы халықты жаңа әліпби негізіндегі емле ережерелерін меңгертетін тренерлерді дайындау, оқу-әдістемелік кешендерін құрастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл бағытта еліміздегі отандық әдіскер-ғалымдарымыз жаңа графиканы меңгертудің теориялық және практикалық ой-пікірлерін білдіріп, тұжырымдарымен бөлісуде. Ұлттық комиссия жанынан құрылған Әдістемелік жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Т. Аяпова жаңа емлені оқытуда басты мынадай мәселелерді назарға алуды ұсынады: «Латын графикасын білім берудің төменгі және жоғарғы табалдырықтарына сәйкес орфографиялық топтың дайындаған бірнеше талқылаудан және сынамадан (апробациядан) өткен қазақ тілі емле ережелерін адаптацияға түсіріп 4 түрлі вариантын жасау керек». Белгілі әдіскер ғалым Ф. Оразбаева: «Латын əліпбиін игерудің əдістемесін екі бағытта іске асырған тиімді: жаңа əліпбиді үйренуге талаптанған адамдарға жəне оқушыларға арналған əдістеме; балалар мен ересектердің қаріпті тез, жеңіл, түсінікті меңгеруін қамтамасыз ететін оқытушы мамандарға арналған əдістеме. Осы бағыттардың əрқайсысының өзіне тəн мақсат-міндеттері, ерекшеліктері, басты нысандары, негізгі ұстанымдары, арнаулы амал-тəсілдері бар», – деп көрсетеді. Сондықтан әдістемешілердің басты міндеті – жаңа емлені білім алушылардың жас ерекшеліктері мен психофизилогиялық ерекшеліктерін, деңгейін ескере отырып, жаңа емлені меңгертудің әдістемесін жасақтап алған жөн.
Бұл бағытта мемлекеттік қызметтегі ғалым-әдіскерлерден бұрын, жекеменшік тіл үйрету орталықтарының түрлі саладағы мамандары (биология, бағдарламашы, экономист, т.б.) жаңа әліпбиді білім берудің төменгі табалдырығына арналған оқу құралдарын әзірлеуді қолға ала бастаған. Соңғы бекітілген әліпби негізінде, қазақ тілінің жаңа емле ережелерінің бекітілуін күтпей, балабақша және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған түрлі көмекші оқу құралдарын жариялап жатыр. Бұдан жаңарған қоғамның қазіргі нарық заманындағы жаңашылдыққа, жылдамдыққа, талапшыл заманның сұраныстарына сәйкес болуға, өнімді еңбек етуге бетбұрыс жасап жатқандарын байқауға болады. Дегенмен оқу құралдарын құрастыруда ескертетін бірқатар мәселелерді назарға алуды қажет деп санаймын. Себебі біздің қолымызға тиген бірқатар балабақша және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған оқу құралдарының өн бойында латын графикасына негізделген әріптердің реттілігі мен буын санының жиіліктері ескерілмей құрастырылуы – орфограф, фонетист, тілтанушы мамандардың қатысуынсыз жазылғаны анық көрініп тұрады. Сондықтан оқулық құрастыруда міндетті түрде сөз құрауға байланысты әріптердің реттілігі мен буын жиілігі ескерілуі қажет. Осы ретте 2016 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары құрастырған «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігін» пайдаланған жөн. Себебі бұл cөздік – мемлекеттік тіліміздің оқу-əдістемелік жүйесінің тілтанымдық базасын жаңғыртуға, тілді оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, оқулық, оқу кешендері мен құралдарының тілдік материалын жүйелеуге, оларды заманауи талапқа сай құрастыруға септігін тигізетін бірегей басылым (Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінен. Алғы сөз). Ғалым А.Жаңабекова әріп тіркестерінің жиілігін былайша талдап көрсетеді: «Қазақ тілінде АР әріп тіркесінің жиілігі басқа әріп тіркестеріне қарағанда өте жоғары, жалғыз өзі 600 000-нан асады. Ал АН, АЛ, ЫН, ДА, ТА, ЕН тіркестері – 500 000 шамада, ЕР, ҚА, ДЕ, ІН, ЛА, ДЫ, ТЫ тіркестері – 400 000 шамада, НТ, ҒА, КЕ, АЙ, ЛЫ, ТІ, ДІ, АС, СЫ, МЕ тіркестері – 300 000 шамада, ал қалған әріп тіркестері одан төмен». Осындай реттілікпен ғылыми-практикалық тұрғыдан сараланған әріп, әріп тіркестеріне, буын жиіліктеріне қатысты статистикалық мәліметтер оқу-əдістемелік мәселелерді жүйелеуге септігін тигізетін сөзсіз.
Сондай-ақ, оқулық авторлары бұл сөздік арқылы белгілі бір жарыспалы лексикалық бірліктердің де тілдің жүйесінде жиілігі тұрғысынан алатын орнын анықтай отырып, оқулыққа енгізуге мүмкіндік ала алады.
Екіншіден, қазіргі оқыту әдістемесінде қазақтың төл сөздерін қазақ тілінің орфоэпиялық нормасына сәйкес меңгерту әдістемелері кемшін түсіп жататыны байқалады. Жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына орфоэпия мәселесіне басымдылық беріп, бүгінгі оқушыға ауызша кодтағы орфоэпиялық заңдылықтарды меңгертудің әдістемесін жетілдіру қажет.
Үшіншіден, жаңа оқу құралдары ұлттық мазмұнға негізделуін басты назарда ұстау керек. Яғни өзге мәдениеттен гөрі өз еліміздің ұлттық құндылықтарын көбірек дәріптегеніміз абзал. Елбасымыздың мақаласындағы ұлттық код жаңа оқу құралдарында ерекше көрініс тауып жатса, бұл бүгінгі өсіп келе жатқан баланың ұлттық таным көкжиегін кеңейте түсетіні анық.
Қорыта келгенде, жаңа емлеге негізделген жаңа оқулықтар білікті тілтанушылар мен әдіскерлердің бірлесуімен әзірлеп, егжей-тегжей тексеру мен сараптаудан өткізіп, бұрынғы кемшіліктерімізді қайталамауымыз қажет. Сонда ғана жаңа емле ережеге негізделген оқулықтар мен оқу құралдары өскелең ұрпақтың зерек санасына тез қабылданып, сауаттылығын арттыра түсетін жүйелі, сапалы болады деген сенімдемін.
Айнұр Сейітбекова, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz