– Академик Асқар Жұмаділдаевтың сұхбатын оқып шықтық. Осыған орай туындаған әлеуметтік желідегі пікірлермен де таныспын. Өздеріңнің газеттеріңе шыққан ой-пікірлер топтамасы мен мақаланы да оқыдым. Асекеңнің «технократ ұлт болуымыз керек» деуі мұң екен, бір топ ақындар өре түрегелді. Мұндай жағдайлар іргеміздегі орыс ақындары мен физиктері арасында осыдан 70 жыл бұрын болған еді. Біз оны енді қайталап отырмыз. Яғни, бұл – біздің уақыт талабы, заман лебінен кеш қалып жүргендігіміздің белгісі. Сол кезде ғылыми-техникалық прогресс, кибернетика дамып жатқан кез болатын.
Міне, дәл сол уақытта, яғни 1959 жылы Борис Слуцкийдің «Физики и лирики» атты өлеңі «Литературная газета» басылымында жарық көреді. Содан кейін-ақ, «физиктер мен ақындардың» арасында қызу пікірталас басталды. Тіпті атақты Эренбург «Комсомолская правда» газетіне «Ответ на одно письмо» деген жауап та жазды. Сонымен, физиктер мен ақындардың арасында дау неге шықты? Бұған Слуцкийдің өлеңіндегі: «Что-то физики в почете, что-то лирики в загоне» деген сөзі себеп болды. Бұл өлеңнің жазылуына себеп, бір отырыста Борис ақын Слуцкийге сөз берілмей, белгілі бір физикке бірінші сөз беріліп кетеді. Ол ақынның шамына тиіп, аталған өлең жазылады. Бұл дау «Литературная газета» басылымында да, «Комсомольская правда» газетінде де жалғасын табады. Аталған тақырыптағы пікір алмасу мен ой бөлісу қайшылығы біраз уақытқа дейін созылып, ақырында қалың көпшілік «бізге екеуі де керек» деген тоқтамға келеді. Соған қарамастан, оның артын ала Хрущев «жылымығы» басталып, 1960 жылдың басында Евтушенко, Рождественский, Вознесенский, Ахмадулина бастаған бір топ ақындар «лирикалық өлең қадір-қасиетін арттыратын» өмірге «эстрадная поэзия» деген ұғым-түсінік келді. Бұл ағым оқырман санын арттырғанмен, оның сапасын кемітті. Сөйтіп, «лириктер» «физиктерден» артық саналғанмен, оқырман сапасының кемуі, дәп сол кезде пайда болған «тихая-поэзия» өкілдерінің мерейін арттырады. «Тихая-поэзия» өкілдері Владимир Соколов, Анатолий Жигулин, Станислав Куняев, Николай Рубцов, Анатолий Передреев сияқты ақындар келе-келе поэзияны эстрадалық шудан арылтып, лирикалық өлең қадір-қасиетін арттырады. Бұл дау тағы да оқырманның да сапасына әсер етті. Яғни, жеме-жемге келгенде, мұндай көзқарас алшақтығы тумауы керек еді.
Сол секілді, академик Асқар Жұмаділдаевтың да пікіріне ақындар өре түрегеліп жатса, оның да бір себебі болар. Дегенмен, Асекеңнің пікірінің жаны бар. Лирика – жеке адамның «шаруасы». Ал технократтық ұлт болу – жалпыхалықтық ұғым-түсінік. Мына келе жатқан ғаламдастыру кез келген ұлттан соны талап етеді. Сондықтан да, біз ел-жұртымыздың әлемнен өз орнын табатын технократтық ұлт болуын көздеуіміз керек. Бұл мәселеде Асекең «жалқыдан жалпыға көшу» деген ұғым-түсінікті меңзейді. Ал ақындардың бұған шамданып, ішкәмшіл де кірпияздық танытуы – провинциалдық түсінік. Басқа тілмен айтқанда, «комплекс неполноценности». «Біздің ұлтқа қазір кім керек» дегенде, көштен қалмайтын, заманауи технологияға ілесе алатын, ғаламдастырудың талап-тілегінен табылатын ұрпақ қажет.
Қайталап айтамыз, өлең болса әркімнің жеке «шаруасы». Оған жалпыұлттық көзқараспен қарауға болмайды. Тіпті Асқар Жұмаділдаевтың өзі де ақын. Ендеше, Асекеңнің бұл ойы: «Ақындық қажет, бірақ бізге технократтық ұлт одан да керек» дегенді меңзесе керек. Бұл «ақын керек емес» деген сөз емес. Ол, жалпы ұлттың қалыптасуын, дамуын айтқысы келіп отыр. Соған қарамай, иә, бізге екеуі де қажет. Ақындық та, технократтық та керек. Жалпы алғанда, қайсысы көбірек басымдыққа ие болуы қажет дегенде, технократтық жолды көбірек таңдаған абзал. Осы тұрғыдан келгенде, Асекеңнің ойы дұрыс. Бізде жақсы ақындар бар. «Нашар» ақындар да жетерлік. Сондықтан Асекеңе сонша шүйлігудің қажеті шамалы. Ол жеке адамның пікірі. Мұндай мәселеде жалған намыстың, кірпияздықтың, шікәмшілдіктің керегі шамалы. Ендеше, лирик Аманханға қарағанда, аталған жағдайда әрі іс-әрекетте Асқар Жұмаділдаевтың сөзі өтімді. Яғни, «уақыттың талап-тілегінен қалмай, сол заманды бірге қарсы алайық» деген ойдың несі айып?!
Сол себепті де, академик жағындамын. «Оған намыстанудың да, одан кінәрат іздеудің де қажеті жоқ» дер едім.
Гүлзина БЕКТАС
“Айқын” газеті