– Мұндай xалықаралық шара осымен жетінші рет өтуде, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, ғылыми зерттеу жұмыстары бөлімінің басшысы Жанат Ибрагимова. – Осы жылы конференция жинақтары үш том болып басылды. Жыл сайын қатысушылар саны артуда. Қазақстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа елдерден 400-ден аса жұмыс келіп түсті. Шет елді айтпағанның өзінде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Түркістан, Павлодар өңірлері бақ сынады.
Аталмыш жиында Павлодар облысының намысын қорғаған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының 8 сынып оқушысы Рамазан Дәуренбекұлы бүкіл әлемге ортақ сөздер арқылы бір тілде сөйлейтінін дәлелдеуге тырысты.
– Бұл жұмысты өткен жылдан бері жазып келемін, – дейді 8 сынып оқушысы. – Қазіргі таңда әлемге ортақ 100 сөз таптық. Мақсатым – қазақ тілі білімінің ғылымына жаңа көзқарас алып келу. Шын мәнінде әлем xалықтарының сөздерін қазақ тіліндегі сөздермен салыстыра қарағанда қызық жәйтке тап боласыз. Ағылшындарда hot деген сөз бар. Ол «ыстық» деген мағына береді. Ал бізде осымен дыбыстас «от» деген сөз бар. Міне, біз осыдан кейін бір лексика-семантикалық топтағы түрлі тілдерде фонетикалық үндес сөздерді жинақтай бастадық.
Жас ғалымға жетекшілік жасап жүрген ұстазы Бақдәулет Нұрматтың айтуынша, бұл тақырып көпшіліктің қызығушылығын тудырып, конференция барысында қызу талқыға түскен.
– Биылғы жылдың көктемінде осы тақырыппен Мәскеуде өтетін конференцияға қатысуға шақырту алдық, – дейді ұстазы. – Студент кезден осы жобаға деген қызығушылық болатын. Ресей мен Сауд Арабиясы елдерінде осы жұмыс туралы баяндамалар жарияланды. Бүгінде шәкіртім әлемге ортақ сөздерді іздестіру арқылы дүние жүзіндегі әртүрлі елдерді өзара жақындастыра түседі деген ойдамын.