Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ашық әңгімемізді өзгелердің ойландыра бастаған оқиғалардан бастайық. Кейбір әріптестеріңіз «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ұлт ұстазы» деп аталатын марапаттарды мақтанышпен алып жатыр. Осы төсбелгілерді таратып жүрген, оны еш қымсынбай алып жүрген кімдер? «Ғасыр ұстазы» болу үшін не істеу керек?
Аятжан Ахметжанұлы: Жалпы, ондай мәртебені тарих беру керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлына «Ұлт ұстазы» медалін ешкім берген жоқ, бірақ оны күллі Алаш «Ұлт ұстазы» деп атайды. Неге? Өйткені Ахаң ұлттық деңгейдегі педагогиканың не екенін, қазақ тіл әдебиетінің оқытылу әдістемесінен бастап, бүкіл қазақ тіл заңдылығын жасап берді. Ұлтқа «былай жазасың, былай сөйлейсің, былай сөз жасайсың» деп үйретіп кетті. Бұл – ұлттың ұстаздығы, оны тарих берді. Қазір сол атақты медаль етіп тағып жатқандар – алаяқ саудагерлер! Біріншіден, мектептегі ұстаздардың ойсыздығы, екіншіден, қалың қағаздан бас алмайтын мамандарға, олардың қағазына көмектесу ниетімен ұстаздық биіктікті аласартып жүрген алаяқ саудагердің тірлігі. Ал арсыз дүниені сатқан да – кінәлі, сатып алған да – кінәлі. Әркім «Ғасыр ұстазы» дегенді кеудеге тағатын кезде «Ахметтен биік болуға лайықпын ба?» деп әр мұғалім ойлануы керек. Ұстазда ұят болмаса, ұлтта ар болмайды.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ұстаз мәртебесі дегеніміз осы ғой…
Аятжан Ахметжанұлы: Ұстаздық мамандыққа жүрегімен емес, амалсыз, күнкөріс қамымен келетіндерді көбейтіп алдық. Өйткені ұстаздық жүрегімен келетіндерді мектепте ұстап қала алмадық. Мектептегі зорлық, әкімшілік жүйе, қағазбастылық, болмашы жалақы мамандардың мазасын қашырды. Салаға үздіктердің келуін мейлінше шектетті. Бұрын «балам, мұғалім бол» деген батаның мықтысы еді. Қазір бұл қарғыстың деңгейінде. Қоғам «Ұстаз мәртебесін көтереміз десең, жалақысын көтер, сонда ұстаз көтеріледі» дейді. Жоқ! Ертең жалақыны 500 мың қылатын болса, ұстаздыққа жұмысқа тұру 600 мың теңге болады, басқа ештеңе өзгермейді!
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Яғни парақорлықты күшейтіп аламыз ба?
Аятжан Ахметжанұлы: Иә, парақорлықты күшейтеміз. Қазір ауылдарда баяғыда мектеп бітіре салып, екі-үш жыл мектепте істеген, бес жыл әкім, жергілікті мәслихаттың депутаты болып, одан жолы болмағандар, басқа қызмет құрыған кезде, зейнетке шығуға 5-6 жыл қалғанда мектепте директор қызметін атқарып жатқан атқамінерлер көп. Тым құрыса, мектепке барып директор болады! Олар білім ордасына XXI ғасырдың, педагогтың көзімен қарай алмайды, қазіргі әдіс-тәсілмен оқып барған жас маманды түсінбейді! Сөйтіп, білім саласының қадірін қашырады. Сондықтан мектепке аутсайдер мұғалімдердің баруының алдын алу үшін мектеп әкімшілігіне жол ортадан қосылған директордан ада болуы керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Негізі, мектепте екі тұлға бар – ұстаз және оқушы. Оқушының құқығы қорғалады да…
Аятжан Ахметжанұлы: Ұстаздың құқығы қорғалмайды. Қазір бала құқығы ең үлкен жұмыс істейтін заң да, содан кейін ата-ана мектептің айқайшысына айналады. «Ата-ана келе жатыр» дегенде, мектепке тексеру келе жатыр дегеннен әрмен қорқады.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Мұғалімдер оқушыларды сабап жатыр, оқушыларға қол көтеріп жатыр деген мәселелер бар. Ал енді әлеуметтік желіде бір топ «ұрғаннан бала өлмейді, балаңды аясаң – аяма» дейді. Екеуінің «алтын ортасы» қай жер?
Аятжан Ахметжанұлы: Біріншіден, қазіргі баланың психикасы мен бұрынғы баланың психикасы ұқсамайтындығын сәл ескеруіміз керек. Екіншіден, жалпы қол жұмсау – ақылдылық емес, ол – шарасыздық. Ал шарасыз деңгейде ұстаз болу – ұстаз беделінің төмен болуы.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Соңғы кездері оқушылар мұғалімнен қорықпайтын сияқты, қатыгез болып бара жатқандай. Әлімжеттік өршіді. Ол бұрын да болған, бір сыныпта екі бала шекіссе, әрі кетсе бір қойып қалып, жекпе-жекке шығып жататын. Қазір топтасып алып төбелесу белең алды. Қыз да, ұл да бірін-бірі аямайды. Қолынан түскен затпен ұрады. Бұл тәрбиенің қашқаны ма, әлде ата-ананың, мектептің, мұғалімдердің, қоғамның кінәсі ме?
Аятжан Ахметжанұлы: Бұл толыққанды жүйелі нәрсе. Неге дейсіз ғой? Қазір қоғамда «еркек мінезі, ер мінезі, ер тұлғасы» деген толық жойылды. Өйткені отбасында еркек күнкөрістің қамымен кетеді, бала тәрбиесіне әйел жауапты. Одан кейін отбасынан шыққан бала мектепке барады. Ал еліміз бойынша бастауыш сыныптарда он екі-ақ ер мұғалім бар. Биыл көбейіп кетпесе, күллі Қазақстанда 12 ер мұғалім ғана! Яғни бастауыш сыныпта оқушыны әйелдер тәрбиелейді. Балабақшада – 100 пайыз әйелдер. Үйде, балабақшада, бастауыш сыныпта – әйел тәрбиесі. Орта мектепке шыққан кезде саусақпен санарлық ер мұғалімді көреді. Оның өзінде – қосымша пәндерден. Сонымен, ер мінезділік тәрбиеден қызың да, ұлың да ада болады. Содан ез де көп, бәлеқор да көп. Қыздар түгілі, ұлдардың арасында көкбет көп. Бұл бір ұлттың сапасының толығымен жоғалуына әкеледі. Әкеден шеше басым. Отбасында әйелдің беделі биік.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ері ез дегіңіз келіп тұр ма?
Аятжан Ахметжанұлы: Ерлеріміз ез болып барады. Неге? Отбасын асыраудан гөрі, ошақ басынан шыға алмайтын ер көбейген. Жалпыға топырақ шашпай-ақ қояйын. Енді мына ұрпақ жетілген кезде екі есе кері кете ме деп қорқамын. Өйткені жігіттеріміз қыз мінезді болып кеткен. Қатыгездік, біреуден өш алу, ішіндегі қыжылды шығару әдетке айнала бастады. Ұл балалардың жүйкесі сыр берген. Ананы шексіз құрметтеймін. Бірақ ана тәрбиесі бөлек, әке тәрбиесі бөлек. Сондықтан біз әке тәрбиесін ұлт ретінде қайта қолға алуымыз керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Біз өзімізді тек жамандауға ғана бар емеспіз бе? Жақсы жағымыз жоқ па сонда?
Аятжан Ахметжанұлы: Жақсы жағымыз бар, біз жақсы едік.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: «Едік» деп еске алғанның өзі өте аянышты негізі…
Аятжан Ахметжанұлы: Біз аянышты жағдайға кетіп бара жатырмыз. Неге? Біз бала тәрбиесінде көп нәрсені уыстан шығарып алдық. Нені жіберіп алдық? Біз баланың үшінші жұрты – қоғам деген кезде, қоғамдағы интернет тәрбиесі, ақпараттық тәрбиеде біз ұтылдық. Бала ең көп кіретін әлеуметтік желілердегі өзгелердің топтары баланың психикасын өзгертеді. Мысалы, әлеуметтік желілерде аса қатыгездікке тәрбиелейтін топтар бар. Олар емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Суицидке апаратын топтар бар. Олар да жұмыс істеп тұр. Қаншама жыл сондай топтарды жабуды талап етіп келе жатырмыз. VK әлеуметтік желісін жабайық! Қазақстан бойынша 3-сыныптан бастап 98 пайыз оқушы соған тіркелген. Ол жерден баламыз қандай тәрбие алуда? Онда сауатты адам бар ма? Жоқ. Кілең бала-шаға отыр, оларға өзгелер беретіннің бәрін беріп жатыр.