Ауыл мұғалімдерімен сұхбат кезінде министр мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарына тоқталып, білім саласындағы реформаның негізгі тұстарына назар аударды. Сондай-ақ бүгінде қызу талқыланып, қабылдануы күтіліп отырған «Педагогтың мәртебесі туралы» Заңына қатысты мұғалімдердің сұрағына жауап берді.
«Бүгінде басты капитал – адам. Бұл капиталдың құндылығы оның білімділігімен, интеллектуалдық дамуымен өлшенеді. Сондықтан оқушыларды алған білімдерін талдап, жинақтауға үйретуіміз қажет. Ғылым мен білімнің заңдары ешқайда кеткен жоқ дегім келеді. Біздің бүгінгі міндетіміз – мектеп оқушыларын білім алуға ұмтылуға баулу», – деді К. Шәмшидинова.