Оның айтуынша, биылдан бастап жоғары оқу орнына грантпен түсетін жастар нақты оқу бағдарламасын таңдайды. Магистратураға түсу шарттары да сондай болады. Осылайша, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шаралары нақты оқу бағдарламалары аясында жүргізіледі. Осыған орай, 176 мамандық 97 оқу бағдарламасы бойынша топтастырылды. “Мәселен, мектеп түлегі жоғары оқу орнына түскенде нақты бір оқу бағдарламасын таңдайды. Бұдан бөлек, абитуриент ондай бағдарламаларды іске асыратын жоғары оқу орындарының тізімімен таныса алады. Ал ҰБТ куәлігімен бірге әрбір мектеп түлегіне арнайы ақпараттық парақша беріледі. Онда оқу бағдарламаларының тізімі, соған бөлінген грантардың саны және өткен жылғы конкурстың нәтижелері көрсетіледі. Осының негізінде абитуриент өзінің болашақ мамандығын таңдай алады”, – деді Т.Ешенқұлов.
Айта кетейік, биыл білім гранттарын тағайындау жүйесінде өзгерістер болады. Жоғары оқу орындарын жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне басымдық беріледі. Мәселен, ҰБТ-да жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі. “Өткен жылы аталған бастама магистратуда 21 мамандық бойынша сынақтан өткізілген болатын. Биыл заң нормалары бойынша магистратура бөлімі грант тағайындаудың жаңа моделіне толығымен көшеді. Осының арқасында магистратуға түскен адам грантты алады да, жоғары оқу орнын өзі таңдайды. Соған қарай мемлекеттік тапсырыс та жасалады, жоғары оқы орындары грантқа түскен магистрлердің таңдауына қарай қаржыландырылады”, – дейді Т.Ешенқұлов.