Nur Otan партиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен жобасы қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттыруды, оларды әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман етіп дайындауды мақсат тұтады. «Білім-инновация» лицейінде ашылған IT сыныбындағы оқу бағдарламасының бір ерекшелігі – ұстаздар білім беруде халықаралық тәжірибені қолданады. «Шәкірттеріміз теориялық білімнен туындаған идеяларын практика жүзінде іске асырып, түрлі білім сайыстарына қатысады. Сол арқылы жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде лицей оқушылары аймақтық дәрежеде үздік көрініп, республикалық додаларда білімдерін сынауда», – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Аймұқатов.
Информатика пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Нұрзат Таңат: «IT сынып заманауи компьютерлермен, 3D принтер, жоғары жылдамдықты интернет, қажетті веб бағдарламалармен қамтылған. Оқушылар әртүрлі бағдарлама арқылы білім көкжиегін кеңейтеді, түрлі компьютерлік ойын, сабаққа қажетті бағдарлама құрастырады. ІТ сыныптың ашылуы, лицейден алған ілімді ұштастырып, оқушылардың ойлау жүйесін шынықтыруға ықпал етеді», – дейді.
Өңірде сапалы білім берумен танылған білім ошағында ашылған ІТ сыныптың мақсаты – оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру; жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет арқылы жастардың цифрлы технология тілін жетік меңгеруіне жағдай туғызып, инженерлік-технологияға баулу. Сондай-ақ олардың ғылыми-зерттеулермен айналысуына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технология бағытындағы білімін арттыруға жол ашады.
Өткен жылы Атырау қаласына жұмыс барысымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Атырау «Білім-инновация» лицейінде болып, оқушыларға бағдарламалау және робототехниканың негіздерін оқытатын IT сыныпты аралап, ондағы жұмыс барысымен танысқан болатын. Мәулен Сағатханұлы алдында лицей оқушылары құрастырған роботтарының қызметі мен smarthouse жобасының маңыздылығын түсіндірді. Бұл салада шәкірттеріміздің ізденісіне риза болған Мәулен Әшімбаев IT сынып жұмысына оң бағасын берді. Айтарлығы, қаланың әр мектебінен жиналған 26 оқушы Атырау «Білім-инновация» лицейінде ашылған IT сыныбына келіп, аптасына екі рет тегін білім алуда. 11 сынып оқушысы Санжар Сәдуақас: «Nur Otan партиясының идеясымен ашылған IT сыныпта, оқушыларға көптеген мүмкіндік жасалған. Бұл жерде IT мамандар оқушыларға еуропалық стандарттарға сай программалау тілін, алгоритмді, роботехниканы үйретеді. Мен «Ақылды үйдің» моделін құрастырып, көптеген сайыстардан жүлделі орын алып келдім. IT-сынып жас оқушыларға бағдарламауға, компьютерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді және болашақта жақсы маман болып шығуына ықпал етеді» деп ойымен бөлісті.
Сайып келгенде, инновациялық жобалардың бастауы осындай мектептерден көрініс табуы қуантарлық жағдай. Бұған қоса заманауи дамудың негізгі тетігі технология саласында екенін, алдағы уақытта IT саласындағы білікті мамандарға деген сұраныстың артатынын ескерсек, лицей ұстаздары шәкірттерін технология тілің терең меңгеруге үйретіп, бәсекеге қабілетті маман болуға осы бастан шындап отыр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы