“Республика бойынша наурыз айында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 154 ҰБТ өткізу пунктерінде жүргізілді. Өтініш қабылдау осы жылдың 1-15 ақпан аралығында жүргізілген еді”, – деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға 80042 оқушы өтініш білдірген. Оның ішінде 62678-і қазақ, 17086-ы орыс, 278-і ағылшын тілінде тапсырады. “ҰБТ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес ағымдағы жылы 24-29 наурыз аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға осы жылы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері қатысады”, – делінген хабарламада.
18-20 қаңтар күндері өткен алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілген болатын. Алғашқы білім сынағына еліміз бойынша 34 687 талапкер қатысты.