Биыл – Жастар жылы. Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің жас буыны өздерінің жүзеге асырған табысты жобаларын таныстырған болатын. Осы шарада елімізде білім мен ғылымға көңіл бөлініп, гранттар санының артатыны айтылды. Сонымен қатар Тұңғыш Президент жастардың барлық санатын қолдауға арналған жобалар мен әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру қажет екенін тілге тиек етті. Бұл – студент жастар үшін қуанышты дүние.
Білім саласында қызмет ететін мамандарға да жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Nur Otan партиясының XVIII съезінде Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 пайызға көтеруді тапсырды. Осыған орай Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Президент тапсырмасы аясында қай қызметкерлердің жалақысы көтерілетінін айтқан болатын.
«Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 процентке дейін жүзеге асатын болады. Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақша мен колледж псиxологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапxанашылар, вожатыйлар, буxгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантеxниктер мен электриктер сияқты басқа да теxникалық қызметкерлер бар. Қазіргі кезде Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстары жүргізілуде», – деді К.Шәмшидинова.
Білім беру сапасын арттыру мақсатында 2019-2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшісі мен психологтар, 15,5 колледж мамандары мен 2,4 мың ЖОО оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтеді. Қазіргі таңда тілдік курстардан өткен 11 423 жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері 764 мектепте сабақ беріп жүр. Мұнымен қоса, мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі енгізіледі. Қаржыландыру көлемі оқушылар контингентіне байланысты анықталады. Қай жерде мектеп салу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады. Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламалары заман талабына сай өзектендіріліп отырады.
«Жұртшылықпен және жұмыс берушілермен ынтымақтаса отырып, университеттер мен колледждер тізімі анықталып, олардың білім бағдарламалары экономиканың талаптарына сай өзектендіріледі. Сондай-ақ колледждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру қарастырылады. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады», – деп мәлімдеген болатын К.Шәмшидинова.
Гүлбану АЙДАРОВА,
№159 Еңбекші қазақ орта мектебінің мұғалімі