Home Керекті кеңес Халықаралық үлкен мақалаларды қалай жазады?

Халықаралық үлкен мақалаларды қалай жазады?

0

Маған көптеген жас ғалымдардан “мақаламды көріп берсеңіз, тексеріп берсеңіз немесе аударып берсеңіз. Халықаралық журналға (импак факторға) жазатын едім”. Деген мақалаларды көп жібереді. Қарасам негізінен бірдей қателіктер.
Сондықтан халықаралық журналдарға мақала жазуда өз тәжірибем мен бөліссем деймін.

Егер осы салада менден де көп тәжірибелі ұстаздарымыз бен басқада ғалымдардың қате жерін толықтап, ұсыныс-пікір айтса тіптен жақсы. Маған да, елге де пайдалы болар еді.

Сонымен кеттік. Дұрыс мақала төмендегідей бөліктерден құралуы керек:

1. Мақала тақырыбы. (Title of the paper)
2. Авторлар және авторлардың жұмыс орыны, мекен-жайы. Негізгі автордың електронды поштасы. (Authors, affiliations, email of corresponding author)
3. Кіріспе (Abstract)
4. Кілт сөздер (Key words)
5. Әдеби шолу (Introduction)
6. Тәжірибелік бөлім (Experimental part)
7. Алынған нәтижелер және оларды талдау (Results and discussion)
8. Қорытынды (Conclusion)
9. Алғыснама (Acknowledgement)
10. Қолданылған әдебиеттер (References)

Енді аталған тақырыптарға кішкене тоқтала кетейін.

1. Мақала тақырыбы – зерттеу жұмысына сай, анық, ықшам болу керек.
Тақырыпта қысқарған сөз қолдануға болмайды, және әлемде бірінші рет немесе су жаңа әдіс деген сияқты жарнамалық тақырыптар қоюға болмайды.

2. Авторларды журналдың сұрауы бойынша қысқартып немесе толық аты-жөнін жазасыз. Сосын барлық авторларды жазып болған соң реті бойынша әр автордың жұмыс орыны, қала, (кей жағыдайда көше) пошта, мемлекеті жазылуы керек.

3. Кіріспе (Abstract) – бұл бөлім кез-келген мақаланың жарнамасы деп айтуға болады. Себебі сіздің мақаланы тексерген адам іздің барлық жұмысыңызды оқып шықпайды. Тек осы бөлігін ғана оқып егер ұнатқан жағыдайда мақалаңызға қарайды. Мақаланы тексерушіге жібергенде де алдымен тек осы бөлігін ғана жібереді. Сондықтан осы бөлігі өте жақсы, толық жазылуы керек. Бұл бөлімде сіздің мақалаңызда не бар, не зерттелген, қандай нәтиже алынған соны қыса да нұсқа қылып жеткізе білуіңіз керек. Әдетте 150-200 сөз арасында болады. Айтпақшы бұл жерге ешқандай сілтеме (citation) жасап әдебиет көрсетудің қажет жоқ.

4. Кілт сөздер (Key words) – жұмысқа сай шамамен журналдың сұранысы бойынша әдетте 5-8 сөзден тұрады. Бұл егер біреу мақала жазған кезде өзіне ұқсас жұмыстарды осы кілт сөздер арқылы іздейді. Бұл сол үшін керек.

5. Әдеби шолу (Introduction) – бұл бөлікте сіз осы зерттеу жұмысын не үшін жасағаныңызды, қандай маңызы бар екенін немесе не үшін керек екенін дәлелдеуіңіз керек. Яғни осы бөлімге ең көп әдебиет қолдану керек. Маған келген көп жұмыстарда осы бөлімде 2-3 кейде тіпті тек бір әдебиет қолданғандар да кездеседі. Кейде мысалы 4 әдебиет қолданса оның 3-еуі өзінің кітабы немесе мақаласы. Ондай мүлде болмайды. Сіз қанша көп әдебиет қолдансаңыз сонша көп ізденіс жасадыңыз деген сөз. Қолданған әдебиетіңіз қанша көп болса сонша жақсы. Бірақ бір әдебиетке бірнеше сілтеме беруден және бір абзац жазып бір неше әдебиетке қатар сілтеме (balk reference) беруден сақтану керек. Сосын кітап ол зерттеліп болған заттардың жиынтығы. Кітапқа сілтеме жасауға болады әрине, бірақ өте көп болмау керек. Яғни сілтеме жасаған ғылыми мақаланың саны кітаптан әлде қайда көп болу керек.
Сосын көп адамда жаңа әдебиетке сілтеме жасау керек деген теріс ұғым бар екен. Ол былай – егер сіздің зерттеуіңізді басқа авторлармен салыстырсаңыз онда міндетті түрде жаңа жұмыс болғаны жақсы. Ал сіздің қолданған теорияға, формулаға сілтеме жасағанда міндетті түрде бірінші авторға бересіз, мейлі ол еңбек 1800 жылы шыққан болса да. Бұл біреудің еңбегін дұрыс бағалай білу немесе ғылыми етика деген сөз.

6. Тәжірибелік бөлім (Experimental part) – бұл бөлім төмендегі бөліктерден тұруы тиіс. Қолданылған материалдар (материалдарды өндірген орын, немесе компания, мемлекет, материалдың тазалық дәрежесі), қолданылған әдістер, зерттеу жұмысының жасалу барысы. Осы аталған тақырыптар толық жазылуы керек. Бұл бөлімге де аса қажет жағыдайда болмаса сілтеме жасау керек емес. Маған келген кей мақалалар қолданылған заттар деп соған сілтеме беріп қояды. Сол үшін ескерткенім.

7. Тәжірибелік бөлім (Experimental part) – осы бөлімді сіздің сызған кесте, график, суреттеріңізді салып, оларды түсіндіресіз. Неге ол график немесе кесте мәндері солай шықты. Теория мен және басқа ұқсас зерттеу жұмыстарына сілтеме жасай отырып дәлелдейсіз.
Маған келген көптеген мақалада кесте мен графиктерін салып шыққан да әдебиетке сілтеме жасамастан осындай мәндер алынды немесе дәлелденді деп жазып қояды. Егер алынған зерттеуіңіздің нәтижесін басқа әдебиеттерге сілтеме жасай отырып зерттеудің шынайы және дұрыс екендігін дәлелдей алмасаңыз онда сіздің жұмысыңызды қанша жақсы болса да жақсы деп дәлелдей алмайсыз. Сондықтан бұл бөлімде де көптеген әдебиетке сілтеме жасау керек.

8. Қорытынды (Conclusion) – мақалада немесе зерттеуде қандай қорытындыға келдіңіз. Соны жазасыз.

9. Алғыснама (Acknowledgement) – бұл бөлімде осы жұмыс жасауда көмектескен адамдарды жазсаңыз болады. Әдетте ғылыми жобаларда қаржылай көмектескені үшін ҚР БжҒМ жазып ғылыми жобаның номері жазылады.

10. Қолданылған әдебиеттер (References) – бұл бөлімде сіз қолданған әдебиеттерді ретімен (кейде алфавит ретімен) журналдың сұрауы бойынша тізіп шығасыз. Қалай сұрайды әр журналға байланысты. Кейбіреуі толық атын кейбіреуі қысқарған атын қажет етеді.

Сосын сілтеме жасағанда кейбіреулер мақаланы оқымай жатып атына қарап ақ қоя салады. Ол дұрыс емес. Сіздің мақалаңыздың әр бір үтір-нүктесі толығымен тексеріледі. Өтірік сілтеме жасау бір жағы ұят, екінші жағы басқа біреудің еңбегін дұрыс бағаламау.

Сосын мақаланың ұзын қысқалығы – негізі ғылыми мақала жазғанда мынадай әдемі сөз бар “егер бір сөйлеммен түсіндіруге болатын нәрсеге екі сөйлем қолданбай ақ қой”- дейді. Демек ғылыми мақала барынша анық, бос сөз жоқ, жинақы болу керек. Маған келген кей мақала 3 график салып, 5 бет жазып қойып тағы импакт факторға беретін едім деп жатады. Сол үшін ескерткенім.

Әдетте зерттеу (research paper) мақаласы 14 бен жазғанда 13-20 беттің арасы болған дұрыс. Ал шолу болса (review paper) көптеу болады. Мен көріп жүрген шолу мақалалары 30 – 60 беттің арасында. Ал графиктер кестелерімен қоса кем дегенде 8 ден асуы керек.
Қолданылған әдебиеттер зерттеу (research paper) мақаласы үшін кем дегенде 20 дан көп болу керек. . Ал шолу болса (review paper) көптеу болады. Мен көріп жүрген шолу мақалалары 60 -600 әдебиеттен аралығында.

Соңында айтарым мен химик болғандықтан тек жаратылыс бағытындағы зерттеу мақаласы тұралы жаздым, ал гуманитарлық саланың мақаласы басқаша болуы да мүмкін.

Жексен Тоқтарбай

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version