📍Мектептегі екінші сортты мемлекеттік тілдің бағы ашыла ма?
📍Үш тұғырлы тіл деген ұғым қазақ тіліне қызмет ете ме?
📍Әліппе орала ма?
📍Тарих сахнасынан ығысып жатқан орыс тілін біз құтқармасымыз ақиқат. Бірақ, оған жалғасты көңіл бөлу кімге керек?
📍Орыс мектептерінің түлектерінің дені шетел асады, бітірушісі мемлекеттік тілде сөйлемейді. Мұндай мектептер бізге керек пе?
📍Қазақ баласы орыс әдебиетін өзгешелемей, аударма негізде әлем әдебиетін оқитын күн туа ма?
📍Мектепке барған, буыны қатып, санасы жалғыз тілде қалыптаспаған балаға үш тілді тықпалаған өрескел педагогикалық қателік күшін жоя ма?
📍Мемлекеттік грант бөлудегі Қазақ тілінде оқуға түсуден орыс тілінде оқуға түсу жеңіл болатын күннен құтылатын, орыс тілділерге мүмкіндік беріп қойған күннен құтыламыз ба?
Бұл – тек білім саласындағы тілдің айналасында туындаған күрделі мәселе.
Өткен айда, қазіргі министр Askhat Aimagambetov Асқар Жұмаділдаев бастаған біраз ағаларымызды жинап, тіл төңірегінде біраз мәселені талқылаған едік. Өте көп мәселе қозғалды. Сол кезде байқағаным – министр көп дүниені шешуге, реттеуге ниетті.
Алдында, білім саласындағы сарапшы мамандарды жинаған кезде де көп дүниенің басын ашып, талқылады. Бұл да көкейге жылылық ұялатады.
Алда, 16 тамыз – тамыз кеңесі. Биылға, тамыз кеңесінің үлкен бір жаңалығы алғаш рет мемлекет басшысы қатысады. Қолыма тиген бағдарламаға қарасам Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз кеңесіне өзі қатысады. Бұл деген – бұл тамыз кеңесінің салмағын асырып тұр.
Президент бұрыннан үш тілділікке, мұғалімдер мәртебесіне, білім саласына байланысты нақты ойлар айтып жүр, бұл жолы тіптен үлкен мәселелер қозғайды деп сенемін.
Жұртты ең көп алаңдататын да мәселе – тіл мәселесі. Себебі, мектебінде екінші сортты болса, ол тіл ешқашан мемлекеттік тіл болмайды. Алаштың Әлиханының тілімен айтсам “Қазақ тілі – ғылым-білім мен экономиканың тіліне айналмай шынайы мемлекеттік тіл болмайды”. Ол үшін әрине мектептегі мемлекеттік тіл мәселесі шынайы шешілу керек.
Жаңа министр, жас министр, ауылдан шыққан қазақшасы таза министр білім саласындағы қазақ тіліне байланысты мәселелерге, әліппе мен гранттың тілдік нормасына, өзге тілді мектептер мен аралас мектептердегі “тілдік басқыншылық” мәселесіне, үш тұғырлы тіл мәселесіне нүкте қояр деп сенемін.
Тамыз кеңесі жыр болған білім саласындағы мәселелерге жаңа серпін әкелсе деген тілегім бар.
Білім-ғылым саласының елдегі шуылы, қатпары қалың, жағдайы ауыр сала екені ақиқат. Орта жолдан, басқа жақтан келіп топ еткен министрлер кесірінен соңғы 6-7 жылда тіптен хәлі нашарлап кетті.
Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, ел президенті алмасты. Соған ілесе аудандық, облыстық білім басқармаларын көрген, басқарған жас министр келді. Сол үшін де тұңғыш рет тамыз кеңесінен үміт күтіп отырмын.
Сіз биылғы тамыз кеңесінен не күтесіз?
Республикалық “QAZBILIM” орталығы
директоры Аятжан Ахметжанұлы