Home Ұстаз үні Қазақ мектебі қандай болуы керек?

Қазақ мектебі қандай болуы керек?

0

Білім саласынан алыстап кетсемде осы салаға жаным ауыра береді. Өйткені елдің ертеңі тек білім беру саласына байланысты. Білім беру ісінің дұрыс жолға қойылған елдің болашағы жарқын боларын бізден бұрын елім деген ерлердің айтып кеткені белгілі.
Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Бас мұғалімнің орнына білімді, білікті жас, бас мұғалімдіке лайықты адам келді деп мұғалімдеріміз қолдарын соғып, бармақтарын көрсетіп қуанышты екендерін білдіруде. Иә, бұл қуаныштың сыры – жақсылықтан үмітті ұстаздардың көңіл күйі екені белгілі. Бас мұғалім білімді, білікті болған соң ұстаздар, бізден ақыл сұрай қоймас. Бірақта республика бойынша бетке ұстар ұстаздарды қабылдап ой-пікірлерін тыңдап жатқанын естіп жатырмыз. Біз сондықтан әлеуметтік желі арқылы өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Мүмкін бас мұғалімнің назарына жетіп қалар.
Білім саласына келіп –кеткен министрлерді санап, олардың істеген ісін жіпке тізіп айтушылар осы саланың бүгінгі күні тығырыққа тіреліп құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрғанын жеткізуде. Рас, мұны мен де қолдаймын. Осы тығырықтан шығар жол ды іздесек, сөзімізді «Болашақта қазақ мектебі қалай болу керек? дегеннен бастаған жөн болар. Ел болашағын ойласақ, ең алдымен қазақ мектептерінің болашағын ойлауымыз керек. Мұнда негізінен “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙ” –лерін негізге ала отырып қазақ мектептерін қайта құруды қолға алған жөн.
1. Ұл, қыздарды бөліп оқыту. Ұлдар оқитын мектептерде ер мұғалімдердің саны басым болу керек. Нақты айтсақ 75-80 пайыздан жоғары болу керек. Ал қыздар оқитын мектепте әйелдердің саны басым болу керек.
2. 6-кластан бастап жыныстық қатынас туралы пән емес «Ислам дінінің негіздері» деген пән енгізу.
3. Бастауыш сыныпта тек ана тілінде сабақ беру. Шетел тілдерін 5-кластан бастап енгізу.
4. Бастауышта баға қоймай оқытуға болады. Ал 5-кластан бастап бағалау жүйесін енгізу керек. Оқушы білімін күнделікті бағалау өте қажет. Қазіргі жиынтық баға дегенге көшкеннен бері оқу сапасы төмендеп кетті. Оқушылардың білімі өте төмен деңгейге түсті. 100 балдық жүйемен бағалау дұрыс.
Бұл жүйеге көшу үшін әрине дайындық керек. Бұдан бұрынғы білім саласына жасалған реформалардың бәрі ешбір дайындықсыз, ғылыми негізсіз жүрілгендіктен бәрі де нәтижесін бермеді.
Ең бірінші ұстаздарды дайындау керек. Білімді, білікті кадрсыз қандай да реформа нәтижеге жетпейді. Ол үшін тек мұғалім дайындайтын жеке жоғарғы мемлекеттік оқу орындарын ашу керек. Жеке меншік оқу орындарында мұғалім дайындауға рұқсат бермеу. Мұғалімді сапаландыру үшін мектеп қабырғасында үздік оқыған оқушыларды осы мамандыққа тарту. Қалай тартамыз? Мұғалім беделін көтеру керек. Қалай көтереміз?
1. Мұғалімнің жалақысын көтеру.
2. Мұғалімді әлеуметтік жағынан қорғауға баса назар аудару. Әсіресе ауылдық жерге барып жұмыс жасайтын жас маманды баспанамен қамту. Отын-су, газ, электр энергиясын пайдалануға 50 пайызға дейін жеңілдіктер беру.
3. Білім саласы мен денсаулық сақтау саласынан басқа салаларда бөлінетін мемлекеттік грантты қысқарту.
4. Мұғалімнің денсаулығына ерекше көңіл бөлу.
5. Мұғалімнің жергілікті әкімшіліктің қолжаулығынан азат ету
6. Мұғалімді 30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығу
Мұғалім дайындау жұмысын биылғы оқу жылынан бастасақ 4-8 жыл кетеді. Маман дайындау мен қатар оқулық дайындау, ауылдық жерлердегі мектептердің материал-техникалық базасын қамтамасыз ету жұмыстарын қатар алып жүру керек. Соңғы реформалар кезінде жазылған оқулықтардың сапасы сын көтермейтінін министр өзі де айтты. Оны қалыпқа келтіру үшін жүйелі жұмыс керек. Қазақстан көлемінде тек мемлекеттік тілде оқытуды осы жоба барысында іске асыру .
Бұл жұмыстарды ғылыми негізде ұйымдастыру үшін тек осымен айналысатын Білім және ғылым министрлігінің жанында ғылыми-бақылау орталығы құрылып басшылық жасау керек деп ойлаймын. Бақылау деген сөзді жай енгізіп тұрған жоқпын. Өздері ұйымдастырған жұмыстың нәтижесін басқа біреулер емес өздері тікелей бақылауға алу. Білім беру жүйесі дұрыс бағдарланған мемлекет бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Әйтпесе, басқаның бәрі бос сөз.
Бұл жобаны іске асырса қала және ауыл мектептерінің айырмашылығын азайта аламыз.
Құрметті мұғалімдер! Өз пікірлеріңізді білдіре жатарсыздар.

Нұр-Сұлтан қаласы
Ануарбек Талғат

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version