Аралас мектептер
қазақ мектептері дәрежесін алуы керек
Алматы қаласының Білім басқармасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірлесіп ұйымдастырған «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда институт директоры Кенжехан Матыжанов «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында білім мен оқулық сапасын арттыруға айрықша назар аударды. Таяуда Білім және ғылым министрі оқулық сапасын арттыруға байланысты 10 ұсынысты ортаға салды. Қазір бұл мәселе қоғамда кеңінен талқылануда. Бүгінгі мектеп бағдарламасына енгізіліп отырған білім мазмұнына да, оқулық сапасына да, мұғалімдерді қайта даярлау ісіне де, оқушының да, мұғалімнің де еңбегін жеңілдетуге қажетті оқу құралдары мен жаңа технологияларға да жанашырлықпен қарайтын кез келді» деп атап өтті.
Іскерлік шараның өзегіне айналған көкейкесті мәселеге орай баяндама жасаған профессор, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов ұстаздар қауымының назарын қазақ тілін оқыту мен алғашқы қазақ мектептерінің тарихына қарай бұрып, төмендегі деректермен бөлісті: 2019 жылғы мәліметтер бойынша қазақтың саны 18,5 миллионнан асты. Сәйкесінше, қазақ тілінде білім алатын балалардың да саны артқан. 2008 жылы олардың саны 1 546 мың (60,3%) болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2 515,9 мың оқушыны құрап отыр (65,5%). Ғалымның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ мектептері қарқынды дамып келеді. 2008 жылы қазақша оқитын балалар саны 38,2 мың (54,7%) болса, 2018 жылы 166,2 мыңға (57,3%) жеткен. Жалпы еліміздегі мектептердің де саны ұлғайып, он жылда сегіз өңірде 181-ге өскен.
Ал аралас мектептерде 2018 жылы республика бойынша 1380 мың оқушы білім алса, оның ішінде 691,7-сі қазақша оқитындар. Сол балалардың жалпы саны бір қазақ мектебін құрайды екен. Р.Алшановтың айтуынша, түрлі себептермен аралас мектептер саны өсіп келеді. Бірақ алдағы уақытта жергілікті басқару органдары бұл мектептерді бірыңғай қазақ мектептері дәрежесіне ауыстыруы қажеттігін айтқан ғалым соңғы жылдары қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқытатын аралас мектептердің де көбейгендігін мысалға келтірді.
Ауылдағы үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайда тұрған білім мекемелерінің жайын қозғаған Р.Алшанов «Дипломмен – ауылға», «Серпін» сынды бағдарламалардың пәрмені әлсіз екенін атап өтті. Сондай-ақ таяу жылдарда жеке меншік мектептер саны қарқынды түрде өсетіндігіне тоқталған ғалым ұстаздардың білім саласынан кету үрдісін де қозғады.
Деректер бойынша он жылдың ішінде орта есеппен 100 мыңнан астам ұстаз жұмыстан кеткен. «Қазіргі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан түрлі іс-шаралар әлі де қауқарсыз. Жыл сайын педагогика саласының маманын даярлап шығару үшін 12 мың грант беріледі. Он жылда 120 мың грант бөлінсе, оның 61 мыңы артық. Сонда жыл сайын 17,5 млрд теңгені қосымша грантқа жұмсамасақ, әр ұстаздың жалақысына 51,5 мың теңгеден келеді. Бюджетте мұғалімдердің төлемақысының деңгейін нақты белгілеп, инфляциядан қорғайтын амалдарды ескеріп, заңды түрде бекітетін уақыт келді. Осы уақытқа дейін өндірушілерді қолдап келсек, енді тұтынушыларды қолдайтын кез жетті. Яғни, экономиканың екі жағын теңестіретін уақыт жетті», деді экономист ғалым.
Осы жиында білім стандарттары мәселесін қозғаған филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары, олардың негізінде жазылған оқулықтар «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына қайшы келетіндігін назарға алды. Ғалымның айтуынша, стандарттарда, олардың негізінде жасалған үлгілік оқу бағдарламаларында білім беру ісі аяқталғанда күтілетін нәтижелерді анықтау мен дамытуды ақпараттандыру үшін қолданылатын негізгі бағыт – Блум таксономиясы. 2001 жылы Блум таксономиясының жаңартылған нұсқасы өндіріске енді. Алайда Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында, олардың негізінде жасалған оқу пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында, оқулықтарында Блум таксономиясының 1956 жылғы жүйесі қолданылып, 1995-2000 жылдары айналымға түскен жаңартылған жүйесіне білім басшылары мән бермеген.
«Мемлекеттік стандарттарда бекітілген осы жүйенің негізінде пәннің үлгілік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ оларда (5-9, 10-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларында) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілген танымдық дағдыларды қалыптастыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттарының таксономиясы бұрмаланды. Стандарттарда анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында қолданылмай, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру қосылды. Осылайша Блум таксономиясы дұрыс қолданылмады.
Әдебиеттің тарихын дәуірлеп оқытудан айырылып қалдық
Ғалымның пікірін қостаған К.Матыжанов бағдарлама тілінің түсініксіздігін айтып, бірқатар кемшін тұстарына тоқталды. Бағдарлама ішінде әдебиетті оқыту курсының көптеген мәселелері толық қамтылмаған. Бұрынғы дәстүрлі түрде оқытылып келген қазақ әдебиетінің әдістемесі назарға алынбағандықтан, мұғалімдер көптеген қиыншылықтарға тап болып отыр. Бағдарлама дұрыс болмаса, сәйкесінше оқулық та дұрыс болмайды. Оқулықпен бірге оқулыққа қосымша мектеп кітапханасы да жасақталмаған. Кітапханаларда сол шығармаларды оқытудың толық материалдары жоқтың қасы. Қазіргі кезде 9-10-сыныптар жаңа бағдарламамен оқытылуда. Тәжірибеде көрсеткеніндей, соңғы екі-үш жылдың ішінде бағдарламаның қазақ әдебиетінің мазмұнына сай еместігі айқын көрініп отыр. Әрине әдістеменің жақсы жақтары да бар. Артқа шегінер жол жоқ, бірақ бағдарлама қазақ әдебиетінің мазмұнына сай икемдеуді қажет етеді. Құжатты қазақ әдебиетінің тарихын, теориясын білетін мамандар жасау керек. Мазмұны тұрғысынан да, тарихы мен табиғаты жағынан да бөлек болғандықтан, ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстыруға келмейді.
Осы орайда филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда талай жылдан бері күрмеуі шешілмеген мәселеде сыналатындар оқулық авторлары болып келгенін атап өтті. Ғалымның айтуынша, авторлар – бағдарламаны орындаушылар ғана. Блум таксономиясына жоғары оқу орындары әлдеқашан өтіп кеткен болса, жалпы білім беретін мектептер әлі игере алмай отыр. «Ал жаңартылған білім мазмұнының бағдарламасын қаншалықты игере алдық?» деген сауалға жауап іздей келе Г.Орда оқулықтарда қарапайымнан күрделіге емес, күрделіден қарапайымға өту тәсілінің кең қолданыста екендігін, мысалы, 5-сыныпта Қобыландыны, 7-сыныпта Орхон ескерткіштерін оқытуда балалардың жас ерекшелігі ескерілмегенін айтады. Сол сияқты орта сыныпта поэма, роман оқыған оқушылар жоғары сыныпта шағын әңгімелер оқумен шектеліп жүр. Сондай-ақ 7-сыныпта М.Жұмабаевтың «Батыр Баян», 9-сыныпта І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыған бала 10-сыныпта Ұ.Есдәулеттің «Біз түркілерміз», 11-сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сандық», Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы», Т.Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңін оқиды. 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», ал 10-сыныпта Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқытылды. Ал жоғары сыныптың «Пайым мен парасат» атты ІІ тоқсанында С.Елубайдың «Жалған дүние» романы мен Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы өлеңі» берілген. Бағдарламаны жасаушылар бір тоқсан бойы жоғары сынып оқушысына бір роман мен бір өлең оқу аздық ететінін ескермеген. «Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесін» неге оқытпаймыз, бір ғана «Сыр сандығымен» Сәкен бейнесі ашыла ма? Жаңашылдыққа ден қоямыз деп әдебиеттің аясын тарылтып алдық. Қаламгерлерді іріктеу барысында әдебиетіміздің бірқатар көрнекті өкілдері бағдарламадан тыс қалды», деп дабыл қаққан ғалым ұлттық әдебиеттің негізгі ерекшелігі болып табылатын сал-серілер мен халық ақындары оқулықта айтылмағандығына тоқталды. Сонымен қатар 11-сынып бойы әдебиетімізде С.Мұқановтың, сондай-ақ Ғ.Мұстафин, С.Көбеев, Н.Байғанин, И.Байзақов, Ғ.Орманов, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілов, Қ.Бекхожин, Ғ.Қайырбеков, Т.Жароков, М.Әлімбаев, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, Ж.Нәжімеденов сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің есімі мүлде аталмай қалған. Ал 11-сыныптың ІІ тоқсанында Қ.Аманжолов С.Елубайдан кейін оқытылатындығы сияқты жүйесіздіктер де кездеседі. Ал Блум таксономиясы осындай құндылықтарды насихаттауға үндесе, біз одан қашқақтап келеміз, дейді ғалым. Қазіргі әдебиет өкілдерін оқытқан кезде шығарманың көркемдігі ескерілуі қажеттігін алға тарта отырып әдебиеттің тарихын дәуірлеп оқытудан айырылып қалдық деген дәлелдерді келтірді. Сондай-ақ майдангер-қаламгерлермен қатар, қоғам өмірін сын тезіне алатын бірде-бір сатириктің еңбегі оқулықта жоқ. Келелі жайттарды ортаға сала отырып Г.Орда түн ортасы ауғанда электронды журнал толтырып отыратын мұғалімдер көп, ал қағазбастылықтан құтыла алмай жүрген ұстаздардың қосымша материалдарды игеруге уақыты жоқ екенін айтты.
Келесіде сөз алған Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов елімізде оқулықтану ғылымының кенже қалғанына қынжылды. «Оқулықтану – үлкен ғылым. Жақсы оқулық жазуды кезінде академик Калмагоров реактивті ұшақ жасаумен бірдей деген еді. Ал сол оқулықты бүгінде бәріміз жарыса жазамыз. Кеңестік дәуірде аударма оқулық болды. Ол кезеңде біз қазақ әдебиеті мен тілінің төңірегінде жүрдік. Қазақ тарихының өзі мандып жазылмады. Ал тәуелсіздік жылдарында егемендіктің оқулығы керек болды. Сонымен біздің тәжірибеміз ғылымның алдына шығып кетті де, сол жүйемен оқыта бастадық. Міне, әлі күнге жартымыңжылдық тарихы бар ғылымды дамыта алмай келеміз», деді А.Құсайынов.
Қазақ оқулығының тарихы Ы.Алтынсариннен басталады десек, білім беру жүйесіндегі озық келетін Жапония, Корея, Сингапур елдерінде негізгі орта білімнің адам тәрбиесі екендігі назар аударуды қажет етеді. Ұлттық қасиетін дәріптеп отырған елдердің білім жүйесі де озық екені белгілі жайт. Ал осы міндетті тікелей атқаратын қазақ әдебиеті пәнін дұрыстап оқыта алмауымызға не себеп? Ол үшін оқулық сапасын арттыруда авторлардың құзыретін көтеріп, оқулық сапасына мониторинг жүргізу керектігін алға тартқан ғалым оқулықтанумен айналысатын мамандар зерттеулерінің нәтижесінде оқулыққа бағыт беретін 148 өлшемнің дайындалғанын жеткізді. Сол өлшемдер негізінде Республикалық ғылыми-тәжірибелік «Оқулық» орталығымен үлкен жұмыс жүріп, оқулық сапасына 19 бағытта баға берілетін 128 өлшем дайындалып, бекітілген. Қазіргі кезде академияда сарапшылар мен авторлар оқытылуда», деген А.Құсайынов оқулық бағдараламасын қозғап, әрбір тақырыпқа сай кемінде 12-16 тапсырма берілгендігін жеткізді. Соған сәйкес оқушы күнделікті эссе, кесте, т.б. жазба жұмыстарын орындауы керек. «Мұндай тапсырманы орындауға ғалым ретінде менің мұршам келмейді. Ал жоғары оқу орындарының оқулықтары монографиядан кем түспейді» деген оқулық жанашыры сапа өлшемдерінің қажеттілігін алға тартты.
«Ана тілі» оқулығын
«Қазақ тілі» пәні деп қабылдайтындар бар
«Әдебиетті қалыпқа салудың қиын екенін әрі оны балаға өнер ретінде игертудің маңызы зор екенін айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Бидана Қабатай мұның барлығын А.Құсайынов айтқан 128 өлшемге сыйғызу қиын деген пікір білдіріп, жаңартылған оқу бағдарламасының жаңалығы – лексикалық тақырыптарға бағыну екендігіне тоқталды. Б.Қабатайдың айтуынша, жаңартылған бағдарлама жайдан-жай жазылған жоқ. Берілген 14 сағатта оқушы белігілі бір тақырыпта эссе жаза алуымен қатар, өлең де жаттауы керек. Сонда бір тақырып төңірегінде жан-жақты дайындала алады. Нәтижесінде әрі қарай Абайды, Мұхтарды оқитындай құзыреттілік қалыптасады. Өз сөзінде ғалым жаңа бағдарламаны құрастырып отырған жаңашыл жастардың алдында бірінші кезекте әлемдік тестке дайындау тұратындығын ескеруіміз қажет деді. Ал PISA бағдарламасының тест жүйесінде қазақ әдебиетінің өкілдері жоқ. Осылайша классикалық әдебиетімізді жаңартылған білім мазмұнының қалпына салудың арасында қайшылық туындап отыр» деген ғалым оқыту барысындағы мысалдарды назарға алды. Нақты айтқанда, классикалық жазушылардың лексикалық тақырыпқа, яғни қазіргі балалардың іс-әрекеті жазылған шығармалары жоқ болғандықтан, жаңашыл авторлардың еңбектерін пайдалануға тура келеді. Ғалым атап өткендей, білім басшылығында «Ана тілі» пәнінің қазақ әдебиетіне дайындық буыны екенін түсінбей, «Қазақ тілі» деп қабылдайтындар да бар екен.
Оқулық бағдарламасының ашықтығын қамтамасыз ету керектігін ұсынған филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш оқулықты кез келген баспаға беруге болмайды дейді. Әдебиеттің эстетикалық пән екенін ұмытып, оны педагогикамен байланыстырып, тәрбие жұмысына көбірек назар аударып отырмыз. Сондықтан әдебиеттің эстетикалық, көркемдік функциясына бірінші кезекте назар аудару керек. Ал қазақ әдебиеті алыптары оқулыққа кірмей, олардың орнына белгісіздеу авторлар енгені әрі балалардың көркемдігі төмен өлеңдерді жаттап жүргені – масқаралық. Оқулықтың безендірілуі де көңіл көншітпейді. Сондықтан оқулық жасайтын редакторлар да, суретшілер де оқытылуы керек, деді Н.Ақыш.
Жалпы білім беретін мектептерде қазақ әдебиеті пәнінінің жаңартылған мазмұнға көшу барысы туралы сөз еткен Алматы қалалық Әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Кәрима Мадалимова 2013 бекітілген стандарт бойынша оқу жоспарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні 5-сыныпта 6 сағат оқытылса, жаңартылған бағдарламада «Қазақ әдебиеті» 2 сағатқа қысқарған деп атап өтті. Мұның орынсыз екендігін айтқан әдіскер бұл бағдарламаның «Атамұра», «Мектеп», «Арман ПВ», «Жазушы» баспаларынан шыққан оқулықтарға берілген тапсырмалармен сәйкес еместігін де алға тартты. Сонымен бірге бағдарламаға Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Т.Айбергенов, т.б. шығармаларын көбірек енгізіп, балалардың жас ерекшеліктерін ескеруді қатаң ұстану қажеттігіне назар аударды. Ол үшін оқулық жазуға тәжірибелі мамандарды тартып, мәтіндер мазмұнына, тапсырмалардың жүйелілігін басты назарда ұстау керек. Ал жоғары санатты педагог Мейрамгүл Нүсіпбекова 5-10-сыныптарда материалдың күрделі болуы оқушыларды жаттауға ғана итермелейді, ал жеңіл материалды оқушы оңай игергендіктен, жылдам ұмытып қалады деген пікірімен бөлісе келе ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру пəндерінің сағаты көбейтілді. Қосылған сағаттар қазақ тілі мен əдебиетінің бұрынғы 8 сағаттық апталық сағаттарды қысқарту есебінен жүрді. Осы келеңсіздікті жою үшін мектеп бағдарламасын қайта қарап, оқу жоспарына «Көркем əдебиет» пəнін енгізіп, бағдарлама жасау керек-ақ. Біз мектепте көркем əдебиетті емес, əдебиет тарихын, əдебиет теориясын, əдебиет сынын оқытып жүрміз», деп атап өтті.
Әрі қарай А.Байтұрсынұлы білім академиясының басшысы Ұ.Еркінбай, жазушы-баспагер М.Құлкенов, Б.Жұмақаев, Г.Рыскелдиева, Ә.Жексенбі, Б.Құрбанбаев, т.б. сала мамандарының қызу пікірталасына ұласқан алқалы жиында ұстаздардың ұсыныстары ескеріліп, арнайы үндеу қабылданып, тиісті орындарға жолданды.
АЛМАТЫ