Home Ұстаз үні БІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

БІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

0

Ұлтының ертеңін ойлаған жан ұрпағының бүгініне қам жасары хақ. Ұлы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін –білім» десе, атам қазақ «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демеп пе еді. Біз бүгін өзгеден оқ бойы озбасақ та, артта қалмастай теңестік пе? Білегімізбен емес білімімен қаншалықты белдесе алар бүгінгі ұрпақ? Талайымыздың басымызды шайқап, талайымыздың бармақ шайнап төмен қарарымыз хақ. Себебін айт десек, өзімізше Абайда халқын сынаған деп халықты сынай жөнелеміз, (Бірақ, өзіміздің Абай еместігімізді, ол тұрғыдан сынауға әліміз жетпейтінін, сол халықтың өкілі өзіміз екенімізді ұмыт қалдырамыз) тек жамырай сын айту бәрімізге борыш секілді, түзету жағын қарастырмаймыз кейде. Өзіміз де сол қатарға түсіп кетпей тұрғанда Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзіне оралайын: «Халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс!». Сол жастардың бүгінгі тәрбиеленуі мен білім алуына өзіндік ой толғамымызды ортаға салып, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі келешегі үшін алаңдайтын жақтарымызды алға салып сынымызды түзетсек, мініміз түзелер.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби ескерткен «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген түйінді ескеріп, тәрбиемен тәлімді ұштастырсақ, біздің ұрпақтың алымы мен дарыны талай елді таңдай қақтырары сөзсіз еді. Әлемнің екінші ұстазы туылған халықтың ұрпағы ұсақ болмасы анық еді. Ұрпақ үшін толғанып, ұлт үшін ойлану ұлы мұратымыз болғандықтан да бүгінгі күнде Ахмет айтқан жолмен жүріп ұрпақ тәрбиесіне аз да болса септігімізді тигізбек ниетте талай мәрте ойымызды ортаға салдық. Мұның бәрі көз қарақты оқырманның ойында болар. Және мұның бәрі кезек күттірмей қолға алуға тиісті мәселелер, бүгін соның бір парасы оқыту жүйемізде қалыптасқан үлкен бір қателікті сарапқа салғым келді. Адамның адал еңбегін істеген тірлігіне қарап емес тапқан ақшасына қарап бағалайтын, саралайтын бүгінгі қоғам білім қуған балаларды да өз әлінше саралайтын болды. Саралағанда салмағына да саңлағына да емес, өзінің іріктеу «ережесіне» сай. Ережесі қандай көрелік:

Алғашқы сүзгі

Алғашқы қадамдық іріктеу әр деңгейлі мектептерге, бұл баланың бағытымен емес бағымен. Оқушыларды ең алдымен үздік деңгейлі мектептерге іріктейді, ат-атағы жоғары мектептерге «алдыңғы қатардағылар», қалғаны тіркеуі бойынша кетеді. Алдыңғы қатардағылар дарынды бала, тума талант иесі болса – бұл құптарлық жайт. Бірақ соның бәріне шын дарынды кетіп жатыр дегенге біздің қоғамда ешкім де сенбес. Кейбір мектептердің түлектері ұлттық бірыңғай тесттен босатылатыны жөнінде шешім шыққаннан бері сенбейтін жайт тіптен көбейді. Бірақ, сол былықтар мен шылықтар ертеңгі күні сол мектептердің шынайы білімін түсірмесе игі делік. Бұлардың бәрі дерлік біздің бағдарламамен немесе біздің оқулықтармен оқымайды. Министрліктен не істесе де өз алдыларына істеуге болатын заңдары бар. Көп сандысының білімі де сапалы әрі жүйелі де (тәрбиесі басқаша болғаны болмаса). Бірақ, бұл еліміздегі оқушылардың аз бөлігі ғана. Қош, дарынды балаларды, тума таланттарды бөліп алып жеке мектепте оқыту әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Дұрыстығы дәлелденген құбылыс. (әрине, егер іріктеу әділ өтсе).

Лицейлік (гиминазиялық) сүзгі

Бірақ, ол аз болғандай, мектеп ішінде әр деңгейлі сыныпқа және іріктейді, лицей (гимназиялық) сынып, ауызекі тілде математикалық сынып. Сонымен дәрежесіне қарай төмендей береді, төмендей береді. Ең соңы жай сынып атты «нашарлар» сыныбы деп аталатын сыныпқа іріктеліп тоқтайды. Ең соңғы «нашарлар» атты сыныпқа сабақ беру мұң. себебі олар өзгелердің есебі бойынша да, өз ойлары бойынша да тек 3-ке немесе 2-ге оқитындар, қарабайырлау айтсақ иіс алмастар. Сол үшін де олар үшін еш мұғалім терлемейді, тепшімейді, мектептің де, басқаның да бар ойы тек аман-есен мектеп бітірту. Атам қазақ ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады демеуші ма еді, ал бұл іріктеудегі ұрпақтың үздіктері үшін, тәлім алары мол, ал “нашарлары” үшін олардың қарайтын, алдында талпынатын сыныптасы жоқ, бәрі өзі секілді. Бұл оларды тәрбиелеу емес, мәңгілік орға жығу! (Кім білсін сол үшін де бүгін қоғамда қылмыскерлер саны асып кеткен шығар!)

Сыныптан сыныптың несі артық?

Аттан аттың несі артық, адымдап басқан ізі артық, деп салыстырмаушы ма еді атам қазақ, бізде салыстыралық сыныптан сыныптың несі артық? Артықтарды тізгілеп көрелік:

Бірінші: оқитын сағат саны артық Іріктелген лицей (гимназиялық) сынып оқушылары аптасына 42 міндетті сағат, одан сырт бағдарлы курстардың барлық сағаттары дерлік сол сыныптың үлесінде. Ал, жай сыныпта аптасына 30-33 сағат. Бірақ, оларда ешқандай бағдарлы курс болмайды. Үйренерін осы 30 сағатта үйреніп қалуы керек.

Екінші: сабақ беретін мұғалім артық. Мектептің маңдай алды мұғалімдерін, тәжірибелі, нәтижелі мұғалімдері лицей сыныптарға, ал, жас маман немесе мектеп мұғалімдерінің санын ғана толтырып жүрген мұғалім немесе көп уақыты жоқ мұғалім жай сыныптарға сабақ береді.

Үшінші: бөлінген көңіл артық. Мектептің атын да, атағын да шығаратын сол лицей (гиминазиялық) сыныптар болған соң да оларға деген көңіл басқаша, жай сыныпқа жасалмаған жағдайдың бәрі дерлік лицей сыныптарға жасалады. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ал, жәйдің үні жәй ғана естіледі. Кейде қазақи салтпен лицей сыныптарын «бәйбішенің балалары», жәй сыныптың балаларын «тоқалдың балалары» деп атайтын да болып жүр.

Пайдасы һәм зияны

Әрине, кез-келген істің екі жағы болады, пайдасы һәм зияны. Таразының қай басы басса, сол жағына ойысары хақ, таразылап көрелік.

Пайдасы: Пайда тек лицей сыныптары үшін, олар тек үздіктер жиналып оқиды, аптасына өзгелерден сабақ алатын сағаттары мол, жақсы мұғалім жақсы шарт-жағдай. Оқимын деген оқушыға жол ашылған, тосқындық жоқ. Болашағы жақсы.

Зияны(бұны бірмен жаба алмаймыз санау керек):

Бірінші: Табиғат заңдылығына кері ұғымның өзі қате екенін білдіреді. Табиғат заңдылығы бойынша малшылар малдарды семіз арықтығына қарай іріктейді, арық малға жылы қора салып семіздерге қарағанда жылы жұмсақты көбірек соларға береді. Солардың өлмесі, мал артында қалмасы үшін. Көбірек шөп береді, ертерек семіруі үшін. Ал, біз ше адамдарды іріктеп алып керісінше істейміз, өзі алғыр бір айтқанды қағып алатын жақсы оқитындарға асықпай екі-үш рет жақсылап айтатын мүмкіндік береміз. Ал, «тоқалдың балаларына» естісең естіп қал, естімесең екінші қайтара жоқ немесе болмасаң бордай тоз. Ала-құла оқыған оқушының ұлттық бірыңғай тестте бірыңғай тест тапсыратынын ескерсек әділетсіздікті әу бастан жасағанымыз есімізден көтерілмесін. Табиғаттың өзі дәлдеп кеткен ұғымға қарсы шығу ақымақтық десек сол тірлікті жасап отырған біз ше?

Екінші: Кірпі баласын жұмсағым дейді, қарға баласын аппағым дейді. Кім өз баласын нашар ойлайды, әр ата-ана өз баласын жоғары деңгейден көргісі келеді. Сол үшін, әр ата-ана үздік деңгейлі сыныптарға баласын отырғызғысы келеді. Бұдан барып біреу байланысын, біреу айласын салады. Оқушы балалардың алдында теңсіздік пен әділетсіздікті көрсетеміз. Біреу нәтижесі жақсы кіре алмай түңіледі. Болашағына қиянат жасаймыз. Осындайда Рүстем Қайыртайұлының бір айтыстағы: «Бап шаба ма, деуші еді, бақ шаба ма? Бұл күні тек, шауып жүр ақша ғана», – деген сөзін ішіңнен айтып отырасың.

Үшінші: Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен көрші бол. Атам қазақ, батырдың артынан баласы ергенге қуанбаушы ма еді, ал, бүгінгі халық та баласы жақсы сыныпқа отырса қуанады. Бірақ іріктелген сыныптағы нашарлар арасына түскен баланың басқаға қарап талпынары жоқ, тәлім алатыны жоқ. Оларға дүниенің бәрі қараңғы. Осыған дейінгі ұстаздық тәжірибемен айтсам осындай сыныптарға түскен аз жақсы оқитын балалар мүлде оқымайтын болып, тәртіпті балалар тәрбиесіз болып өзгергенін көз көрді. Яғни, сыныптастарына қарап бой түзейтін оқушы жасындағы жеткіншектің әдеті – һәм заңдылық.

Төртінші: психологиялық соққы. Сендер нашар сыныпсыңдар деп бөлінген соң қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан дегендей, олар оқыса да, оқымаса да нашарлар болып санай беретін теңсіздіктен кейін, бәрібір біздің қолдан ештеңе келмейді, біз топаспыз, біздің басымыз істемейді деген қалың тұйықталумен бала мүлдем өзін жоғалтады. Бұл өмірде балаларды шабыттандырып отыру керек дейтін өмірдің өз заңдылығының кері мәні.

Бесінші: мектептің міндеті тәрбиелеу емес, ептеп құтылу. Мектеп мұндай сыныптан 9-сыныпты бітірер-бітірместен құтылуға тырысады, шамасы жеткендерінше қуады, қуа алмағандарын 10-сыныпта және бөле қарап, ала қырқады. Оқимын деген оқушыда да, ондай сыныпқа жетекші болған мұғалімнің де сүйкімі жоқ. Аман-есен мектеп бітірсе болғаны одан кейін, не болса сол болсын. Кім жауапты бұл балалардың тағдырына?

Ойланайық…

Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, іріктеуден ұтарымыздан ұтыларымыз көп. Осындайда бір мұғалімнің сөзімен соңын қойғым келеді. Мен бүгін білмеген баладан емес, білгісі келмеген баладан қорқамын,- дейді. Біз іріктеп алып білмейтіннің бәрін білгісі келмейтін, өмірге керенау қарайтындар қатарына апарып мейірімсіздердің қатарынан етпесек екен! Біздің тілек ұрпақты білімді һам тәрбиелі болуы. Ұрпаққа оң көзбен қарайық, өйткені, ол – біздің болашағымыз, біздің ұлттың – болашағы.

Аятжан Ахметжан

www.kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version