Мектеп мұғалім, дәріс, баға сынды дәстүрлі оқытудан тыс әлемдік деңгейдегі IT-мамандарды тегін даярлайды. Бес жылда alem Қазақстан мен өзге де мемлекеттерде сұранысқа ие болатын 1 000 маман әзірлеуді жоспарлап отыр.
«Alem – Umit Fund білім беру қоры мен еуропалық 01 Edu System білім беру платформасының коммерциялық емес жобасы. Қазіргі уақытта мектепте 4 апталық bootcamp (бассейн) өтіп жатыр, онда студенттер шектеулі уақытта тәжірибелік тапсырмаларды орындап шығуы тиіс. Осы сынақтан өткендер ғана мектептегі оқуды жалғастыра алады», – деп хабарлады AstanaHub технопаркінің баспасөз қызметі.
Alem мектебіндегі оқу тегін және Peer learning (желілік, топтық оқыту) қағидатына негізделген. Мұнда студенттер стандартты техникалық қабілеттерден бөлек, сындарлы ойлау, жауапкершілік, шешім қабылдау мен топ ішінде жұмыс істеуді үйренеді.
alem бағдарламасында геймификация тәсілі де қолданылады, яғни студент келесі тақырыптарды үйрену үшін бір кезеңнің тапсырмаларын толық орындауы тиіс.
Алғашқы лек үшін alem мектебінде 200 орын қарастырылған. Мектеп 18-35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Әзірге бірінші бассейн қатысушыларының орташа жасы – 23,5. Олардың 20% қыздар. Орташа оқыту мерзімі – екі жыл. Бұл тапсырмаларды студенттер өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады.
Еске сала кетсек, 24-25 қазан күндері Нұр-Сұлтанда жыл сайынғы «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтті. Онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мектептер мен автобустардағы әлеуметтік ID картаны таныстырды.