Кәне біздің нәпсіні тиғанымыз, – деп данышпан Абай бекер айтпаған. Алдағы жылды Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толу мерейтойына арнап жылдың басынан- ақ кірісеміз деп жатқан жоғарыдағылардың жобасында Қазақстан бойынша барлық мектептер мен оқу ордаларына Абайға арналған арнайы кабинат немесе бір атаулы бөлме болу керек екен. Осыған орай әркім өз мекемесінде «Абайтану» орталығын немесе институтын ашпақшы болып жатқандар Абайдың бір портретін іліп, өмірбаяны мен бірнеше кітіптардың тізімін қойып, астан-кестенін шығарып арнайы бір кабинеттерін жөндеуге кірісіп-ақ жатыр. Әрине қуанатын жағдай. Әйтеуір басы басталса, көш жүре түзеледі ғой. Дегенмен, «сабақты ине сәтімен» келіп тұрған тұста Абай шығармашылығы тақырыбына салалы тақырыптар бойынша әр оқу орны арнайы кабинет ашса, Абайтану ғылымының ілгері басуына септігін тигізер еді. Мәселен Ресейдің бір Мәскеуінің өзінде ғана Пушкинге арналған 100-ге тарта орталық бар екен. Әрқайсысы бірін-бірі қайталамайды. Тақырыптары мүлде бөлек, тың. Ал, біз болсақ, Ұлы ақынымызға арнап елордадан еңселі бір орталық ашуды көпсініп отырмыз. Абайдың жалпы шығармашылығы мен өмірі болмаса, тақырыпқа бөліп, талдап жұмыс жасап жатқандар жоқтың қасы. Абайтануда әлі тың жатқан «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай жазған заң», «Абай және қазақ мәдениеті», «Абайдың балалық шағы», «Абай өлеңдерінің текстологиясы», «Хакім Абай» т.б. сияқты тың тақырыптар жетерлік.
Астанада 90-ға тарта орта мектеп бар екен. Солардың бірқатарынан «Абайтану тарихы», «Абайдың қайраткерлік қызметі, «Абайдың ақын шәкірттері», «Абайдың ән мұрасы», «Абайдың заманы», «Абай әлемі», «Абайдың әдеби ортасы», «Абай аудармалары», т.б. деп тақырып бойынша әр оқу орнынан орталықтар, немесе кабинеттер ашсақ, Абайтану ғылымының әр саласын жеке дара зерттеуге де мол мүмкіндік, айқын жол ашылар еді.
Егер Нұр-Сұлтан мекептері Абайтануға арнап кабинет ашу, жеке орталықтар ашу жұмыстарына ниет қоятын болса мүмкіндігінше кеңес, көмек беруге келісер едім. Астанадағы бірнеше оқу ордаларына кеңес ретінде Абай шығармашылығына байланысты тың тақырып, идея беріп жүрмін. Жүзеге асып жатса, ертеңі зор тың жұмыстар жүргізілетініне сенімім мол. Абай шығармашылығына жалпы бір бөлме ашып, жаппай жауыр болған тақырыпта бір бағытта шалағай жұмыс жүргізгенше бірін-бірі қайталамайтын әр бағытты таңдаған өзекті емес пе?!
Бүгінгі сөз ертеңге жарамайтын, адамды ақша билеп тұрған заманда, ауыздағы сөздің өзі сатылатын тұста, Абай айтқандай «Баста миға, қолда еңбекке таласқан» уақытта елге айтқан талай жобам мен идея «қолды болып» жатса да, халық құдайдан бір елі ғана төмен. Ел бағалап жатса жеміс сол. Оқу орындары мен орта мектептерде Абайға байланысты кабинеттер мен орталықтар ашуға көмек, тың тақырыптар қажет болса құзыретім жеткенше көмектесуге әзірмін. Егер бұл айтқандарым «көңілсіз құлақ, ойға олақ» болып жатса:
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл, – дейміз енді.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Нұр-Сұлтан