– Оқушыларымыз сабақтан тыс уақытта әдеби кітап, оның ішінде қазақ жазушыларының шығармаларын оқуды күнделікті әдетке айналдырса дейміз. Ертеңнен кешке дейін ұялы телефонға телміретіндердің сабақ қарауға, сабақ оқуға ынтасы азаятынын байқап жүрміз. Сондықтан осындай игі шараны бастап кеттік, – дейді Анар Жетібаева.
Сөйтіп мектеп басшылығы қойған талаптар биігінен табылған 8-сынып оқушылары Аида Ахметжан, Ризагүл Жақыпова, Ерсайын Баянбек сыйлыққа велосипед алған алғашқы жеңімпаздар атаныпты. Ал жүлделерге берілетін 10 велосипедті мектеп түлегі кәсіпкер басшы Серік Шахажанов сыйға тартқан екен. Енді 7 велосипед өз иелерін күтіп тұр.
Ал мектеп директоры Анар Жетібаеваның айтуынша, велосипедтерді ұтып алу үшін арнайы талаптар бар. Яғни, мектеп оқушыларының оқыған әдеби кітаптарды оқу жылдамдығы, мазмұнын айтып беруі, кейіпкерлерге талдау жасауы ескеріледі.
Бір қуанарлығы, басқа да мектеп түлектері, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бекен Жұмабековтің басшылығымен шахмат, тоғызқұмалақ ойындары, информатика кабинеттерін жабдықтап беріпті.
– Ауылдың «Арман», «Мәди», «Қазанғап» шаруа қожалықтары және Темірболат Галиев, Мұрат Шайхымулда, Қуаныш Нұрғожин, Қанат Серғазиндер секілді жеке кәсіпкерлері 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуде. Кәсіпкер Бекболат Қасенұлы үздік оқушыларға ақшалай стипендия беруде, – дейді мектеп директоры.
Оқушылар енді алдағы айларда өтетін Абай, Оралхан, Махамбет, Мұқағали, Мағжан, Малайсары батыр оқуларына дайындықты бастап кетіпті.
Фарида БЫҚАЙ
Павлодар облысы,
Май ауданы