Байқоңыр қаласы прокуратурасы өз қадағалау аумағындағы білім ұйымдарының қауіпті қалдықтарды жою заңдылығының жай-күйіне талдау жүргізген болатын. Талдау барысында бірқатар білім мекемелерінде құрамында сынабы бар 2530 дана люминесцентті шамның біршама уақыттан бері жойылмай, заңсыз сақталғаны анықталды. Олардың пайдалану мерзімі өткен, барлығы жойылуға тиіс.
«Сынап пен оның қоспаларында адам ағзасында жиналуға және ағзасына зиян келтіруге қабілетті аса қауіпті уыты жоғары заттар бар. Созылмалы уланудың өрбуінде сынаптың кез келген нысандарынан құралған әртүрлі бұйымдардан, оның ішінде құрамында сынабы бар шамдардан бөлініп шығатын сынап буы аса қауіпті. ҚР Экологиялық кодексінің 293-бабы 2-1 бөлігіне сәйкес, құрамында сынабы бар қалдықтар бөлек жиналып, мамандандырылған кәсіпорындарға кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге тапсырылуға тиіс», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.
Білім беру ұйымдары аталған заң талаптарын басшылыққа алмай, қауіпті қалдықтарды мектеп ғимаратында заңсыз сақтаған. Соның салдарынан 8 049 оқушы мен 1307 қызметкердің конституциямен кепілдік берілген құқықтары бұзылған.
Прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, нәтижесінде білім бөлімі мен арнайы мекеме арасында келісімшарт жасалды. Қауіпті қалдықтар жойылды.