Home Ұстаз үні Айымгүл Тіржанова: “Жекелеген пәндер ағылшын тілінде оқытылуда

Айымгүл Тіржанова: “Жекелеген пәндер ағылшын тілінде оқытылуда

0

Қазіргі жаһандану дəуіріндегі, ақпараттың дамыған ғасырындағы түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. Осы орайда Елбасының 2015 жылғы 23 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында берген тапсырмасын, сонымен бірге «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 89-тармағын іске асыру шеңберінде Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы жасақталды. Қазақстан Республикасында білім берудің барлық деңгейлерінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілде білім беруді мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру салаларында кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту мақсатын көздеген маңызды құжатты ҚР Білім және ғылым министрлігі әзірледі. Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының басшысы Айымгүл Тіржановамен болған сұхбат өзегіне аталған бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы арқау болған еді. 

– Айымгүл Мақсотқызы, облыста неше мектеп бар және онда қанша оқушы білім алуда?

– Өңірдегі білім ошақтары туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 2019-2020 оқу жылында 379 мемлекеттік білім беру ұйымы жұмыс жасайды, онда 106 525 оқушы білім алуда. Соның ішінде  259 мектепте оқу-тәрбие үдерісі қазақ (68,33%), 36 мектепте орыс (9,49%) тілінде жүргізілсе, 84 білім ошағы аралас (22,16%) мектептер санатында.

Көрсетілген мектептердегі 72126 оқушы (67,71%) қазақ тілінде, ал 34399 оқушы (32,29%) орыс тілінде білім алады. Орысша оқитын қазақ балаларының саны 116108 оқушыны құраса, 630 өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде білім алады.

 – Елбасының үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру жолында еліміздің батыс өңірінде қандай жұмыстар атқарылуда?

– Келешекке кемел біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейімделген, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, құзіретті тұлғаны қалыптастыру – білім беру саласының алға қойған басты мақсаттарының бірі.

Елбасының үштұғырлы тіл саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген 2015-2020 жылдарға арналған үш тілде білім беруді дамыту жол картасы және іс-шаралар жоспары негізінде облыс бойынша үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары дайындалып бекітілді.

Осы жоспарға сәйкес, көптілді дамыту аясында ағылшын тілін ерте жастан оқыту жалғастырылуда. Үш тілде білім беруді енгізу бойынша ата-аналар мен қалың жұртшылықтың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі.

Оқыту тіліне қарамастан, барлық орта білім беру ұйымдарында ағылшын тілінде білім алушылардың тақырыптық үйірмелік және жобалау қызметі, білім беру ұйымдарында “Жазғы тіл мектебі” ұйымдастырылуда.

 – Ағылшын тілінде оқытуды енгізу жұмыстары қалай жүргізілуде

– Облыс бойынша 146 мектепте пилоттық режимде жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілді. Онда 359 пән мұғалімі ағылшын тілінде сабақ жүргізуде. Осы пилоттық мектептердің «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерінің мұғалімдерінің Алматы, Астана қалаларында біліктілікті арттырудың тілдік курстарынан өткендігін айтып өткен абзал.

Сонымен қатар тиісті сертификаттары мен дипломдары бар мұғалімдерге екі базалық лауазымдық жалақы көлемінде (35 000 тг) қосымша ақы төленіп келеді.

Қазіргі таңда мұғалімдерді курстан кейінгі сүйемелдеу мақсатында менторлық курстар, терминология бойынша факультативтер ұйымдастырылуда.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Айгүл Ахметова

“Заң газеті”

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version