«Мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес-жоба» деп атап өткен-ді министр Үкіметте өткен жиында.
Яғни, Үкімет нарықтың бұл сегментін бизнес деп таниды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы кейбір мектептердегі жылдық оқу құны 3-5 млн теңге болатынын ескерсек, бұл – бизнес. Қазақ қоғамы бүгінде экономикалық табысы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленді. Сол себепті жекеменшік мектептер туралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей береді» деген пікірдің бәсі басым болып келген еді.
Естеріңізде болса, 2017 жылы қолданыстағы «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, ауқатты отбасынан шыққан балаларға білім беретін жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыспен талантты оқушыларды оқыту туралы бастама көтерілді.
Сол кезде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мемлекеттің қарамағындағы мектептерде оқып жатқан әрбір балаға жыл сайын бюджеттен 200 мың теңге бөлінетінін, алдағы уақытта осы ақша субсидия ретінде жекеменшік мектептерге берілуі мүмкіндігін айтқан болатын. «Ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы мектептерде оқытқысы келеді. Алайда, бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Үкімет ата-аналар төлейтін қаржының бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе», деген-ді Бибігүл Асылова.
Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ақылы білім беретін 54 мектепте небәрі 150 мың бала оқиды. Сонда әр мектепте орта есеппен 2777 бала оқиды. Бұл – орта есеппен алғандағы көрсеткіш.
Қазақстандағы үздік жекеменшік мектептердің рейтингі мынадай: Бірінші орын – Haileybury Almaty.
Жылдық табысы – шамамен 2,7 миллиард теңге. Бұл 15 миллион долларға жуық сома. Оқу үшін айлық төлемақы – 516 мың теңге. Оқушылар саны – 575.
Екінші орын – HaileyburyAstana.
Жылдық табысы – шамамен 1,5 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 381 мың теңге. Оқушылар саны – 430.
Үшінші орын – «Мирас» халықаралық мектебі. Астана қаласында. Жылдық табысы – шамамен 1,4 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 417 мың теңге. Оқушылар саны – 370.
Төртінші орын – «TAMOS Education» физика-математика мектебі. Алматы қаласында. Жылдық табысы – шамамен 1,25 миллиард теңге. Оқу үшін айлық төлемақы – 117 мың теңге. Оқушылар саны – 1185.
Кейбір сарапшылардың «ЖОО-ға бөлініп жатқан білім гранттарының 10 пайызы премиум санаттағы мектептерге бөлінуі тиіс. ҚБТУ, «Назарбаев Университетте» білім грантымен оқып жатқан түлектер көп» деген пікірін қаперге алатын кез келді. Яғни Haileybury Almaty немесе «TAMOS Education» мектептеріне мемлекеттік бюджет есебінен грант бөлу керек. Бұл Қазақстандағы ұлттың сапасына да әсер ететін фактор.
Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Әнуар Жанғозин осы жылдың шілде айында елорда мектептерінде үш ауысыммен білім беру мәселесі әлі шешімін таппай жатқанын, 2018-2019 оқу жылында қаладағы 5 мектеп 3 ауысымды режімде білім беретінін айтқан болатын. Демек бұл факторды парадокс деп қабылдаудан өзге амал жоқ. Ресми статистика Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде 11 мың балаға орын жетпейтінін, 2023 жылға дейін оған тағы да 124 мың бала қосылатынын айтады. Бұл мәселенің бір қыры. Екінші қыры бұдан да салмақты. Ашып айтсақ, вице-министр Б.Асылова тілге тиек еткен 200 мың теңгені жекеменшік мектептерге бағыттау оқушының бір жылдық оқу ақысының жыртығын жамай алмайды. Үкіметтің 15-20 пайыздық субсидиясының өзі аспандап тұрған бағаның салмағын жеңілдете алмайды. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі ата-ана ақшаны қайдан табады? Демек, бұл тұста Үкімет жекеменшік мектептердің қолжетімділігін 15-20 пайыздық субсидия емес, бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің жаңа формасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдету туралы бастама көптің ойынан шықты. «Білімге құштар бала қалай болғанда да бір жерді тесіп шығады» деген ХХ ғасырдың ұстанымы қазір ескірді. «Баланың білімін жетілдіру үшін оған қолдан келгенше жағдай жасау керек. Жыл басында дайындалатын оқу бағдарламаларымен шектеліп қалмай, оны толықтырып тұру керек» дейді сарапшылар.
Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметовтің түсіндіруінше, жекеменшік мектеп ашуды қолға алған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығы болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жекеменшік мектептер қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын, қоғамдық негіздегі мектептерді ширықтырып тұратын күш болуы тиіс. «Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пайда болады, ал бәсеке болған жерде баға төмендейді және жекеменшік мектептің мемлекетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқуға қол жеткізеді», дейді ол.
А.Қожахметовтің пікірінше, жекеменшік мектептердің қаншалықты жақсы білім беретіні құрылтайшыларының оқу орнын қандай мақсатпен ашқанына да байланысті болуы мүмкін. Тіпті мектептің бағыт-бағдары да осыған байланысты, бірі оған сапалы білім беретін оқу орны ретінде қараса, келесісі кіріс келтіретін бизнес ретінде мектеп ашуы ықтимал. «Мен кәсіпкер ретінде мұны бизнес түріне жатқыза алмаймын. Егер бизнес көзі болса, клиенттерінен, кірісінен айырылмау, дәулетті ата-аналардың оқу ақысынан қағылмау үшін оқушылардан да ештеңе талап етпейді. Баланың қаншалықты жақсы оқитыны отбасы мен ата-ананың балаға қоятын талаптарына байланысты», дейді А.Қожахметов.
Естеріңізде болса, 2017 жылы кәсіпкер Еркін Тәтішов Алматыда Сан-Диегоның High Tech High үлгісіндегі жаңа мектепке инвестор болды. Бұл мектептің өзгелерден ерекшелігі, талантты балалар үшін инвестордың жеке есебінен грант бөлінген.
Апта басында Алматыда өткен инвестицялық форум кезінде Е.Тәтішовті кездестіріп, ерекше үлгідегі мектепті ашуға қандай фактор әсер еткенін сұрап білдік. Е.Тәтішовтің пайымдауынша, жекеменшік мектептерге инвестиция салу бизнес емес. «Кезінде Германияның кейбір округтарындағы халық санының өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сезілгенде жеке мектептер пайда болды. Соның өзінде мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан, жекеменшік мектептердің көбі әр отбасы үшін қолжетімді, яғни оқу ақысы арзан болады. Демек, жекеменшік мектептердің қатарының көбеюі бәсекелестікті қалыптастырады. Адал бәсеке бағаға да, соңғы нәтижеге де әсер етеді. Біз де осы бағытқа эволюциялық жолмен жақындап келе жатырмыз», дейді Е.Тәтішов.
Табиғаты жағынан бизнес емес, әлеуметтік жоба
Бизнесте инвестициялардың кірістілігі, шығындар және басқаларға басымдық беріледі. Жеке мектеп құрылтайшыларының оған бизнес көзі ретінде қарауы – заңдылық. Бірақ бұл табиғаты жағынан бизнес емес, әлеуметтік жоба. Оның табыстылығы ақшамен емес, оқушылардың интеллектуалымен, олардың болашақтағы тұлғасына қарап айқындалады. АҚШ-та, Батыс елдерінде мектептер оқушыларының қатарынан Нобель сыйлығының лауреаттары шыққанымен мақтанады. Оларға мектептің имиджі деп қарайды.
«Мен АҚШ-та жүргенде бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар мектептердің 15-17 жастағы түлектерімен сөйлестім. Олар жастығына қарамастан, көзқарасы қалыптасқан, өздеріне не қажет екенін біледі. Олар Абайдың көзқарасымен алып қарағанда толық адамдар. Жекеменшік мектептерге инвестиция салған кәсіпкер қаржысының қайтарымына емес, толық адамды қалыптастырса, оның бизнесінің ғұмыры ұзақ болады. Егер мұны жүйелі жолға қойса, мектептің имиджі бизнесінің басқа түрлеріне жол ашады. Бизнес – философия. Онда үйлесім болған кезде ғана жол ашылады», дейді Е.Тәтішов.
Кәсіпкердің айтуынша, баланың азаматтық ұстанымы қалыптасқанша оны туған ортасынан алыстатуға болмайды. Бала алғашқы қателігі үшін ата-анасының, бауырларының алдында ұялып, табысы мен жетістігі үшін солардың алдында мақтануы тиіс.
Түйін
«Қазақстанда жекеменшік мектеп қажет пе?» деген мәселе қазір тренд емес. Бұл мәселе қазір өзінің екінші кезеңіне өтті. Үкімет Алматы немесе Нұр-Сұлтан тәрізді ірі мегаполистерде жеке сектордың мүмкіндігін мектептер салуға жұмылдырып жатыр. Себебі бұл қалаларда жекеменшік мектептерді мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыратын қажеттілік бар. Үкімет тарапынан жекенің меншігіндегі мектептер мен мемлекеттік меншіктегі мектептердің арасындағы алшақтықты жақындатпаққа талпынған ниеттер бұрын да болған, қазір де жалғасып жатыр. Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жекеменшік мектеп көп болуға тиіс деген саясат ұстанып отыр. Ендігі жерде баға мен сапаға қатысты мәселенің түйінін тек бәсеке шешеді.
АЛМАТЫ