Home Керекті кеңес Депутаттар “ағарту министрлігін” құруды ұсынды

Депутаттар “ағарту министрлігін” құруды ұсынды

0

Реформадан көз ашпайтын білім және ғылым министрлігінде тағы да өзгерістер болуы мүмкін. Кеше ведомства басшысы Асхат Аймағамбетовты қабылдаған сенат депутаттары су жаңа министрлік құруды ұсынды.

Сенаторлардың сөзінше, бала бақша, мектеп және колледждерді жаңа “ағарту министрлігінің” басқаруына беру керек.

«Ағарту министрлігін қайта құру мәселесін қарауды ұсынамын. Бұл министрлік мектепке дейінгі, орта білім және арнайы орта білім беру жұмыстарымен айналысатын болады», – деді депутат Еділ Мамытбеков.

Неге екені белгісіз соңғы уақыттары «Нұр Отан» партиясынан бастап, депуттатарға дейін білім, ғылым, ұстаздар жағдайы, оқушылар қауіпсіздігі сияқты мәселелерді жиі айтуда. Бұл бір есептен дұрыс та шығар. Бірақ ел арасында «осыншама жанашырлықтың барлығы алда келе жатқан парламент сайлауына дайындық» деген де қаңқу сөз бар. Бірақ біздің айтайын дегеніміз ол емес, біздікі «су жаңа ағарту министрлігін құру қаншалықты тиімді?» деген сұраққа жауап іздеу.

«QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, Қазақстанның жағдайында жаңа министрлік құрудың қажеті шамалы. Себебі бұл онсызда проблемасы шаш етектен асатын білім саласын одан ары тығырыққа тірейді.

«Соңғы 10 жылда министрлік құру мен жабудың әлемдік рекордын біз бұзып тастаған шығармыз. Менің ойымша, (жаңа министрлік құрудың – ред) түкке қажеті жоқ. Бізде 7 мың емес, 70 мың мектеп болса мәселе бөлек. Біз сияқты шағын мемлекеттерге бір министрлік болғаны тиімдірек. Шынын айту керек, бізде бір мәселені бітіру үшін бір министрліктің ішіндегі 4-5 департаментті аралап жүріп, мәселеңді айлап, жылдап әрең бітіресің. Екі министрлік болатын болса, құжат мәселесі тіптен қиындап кетуі мүмкін. Министрлік құру мен қосудан бір нәрсе өзгеретін болса, осы уақытқа дейін өзгеретін еді. Оның үстіне, білім саласында министрлік құрудан да маңызды мәселелер шаш етектен. Бірінші кезекте соларды шешу керек деп ойлаймын», – деді Ахметжанұлы.

Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері реформадан көз ашпай келе жатқан салалардың бірі осы білім саласы. Соңғы 28 жылда ғылым және білім министрінің креслосын 13 шенді тоздырды. Әр қайсысы өз жаңалығын алып келді. Барлығы реформатор. Бұл реформалардың қаншалықты тиімді болғанын дөп басып айту қиын. Бірақ жақында PISA халықаралық ұйымы орта білім саласының әлемдік рейтингін жариялады. Онда 15 жасқа дейінгі қазақстандық оқушылар 77 мемлекеттің ішінде 69 орын алды. Қазақстаннан Коста-Рика, Уругвай, Албания  сияқты мемлекеттер озып кеткен…

Есдәулет Қызырбекұлы
“Жас алаш” газетінен

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version