«Ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген тәрбие адамзаттың қас жауы«. Сондықтан алғаш рет мемлекеттік бағдарламада тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселесі бөлек бағыт ретінде қарастырылып отыр. Мектеп пен ата-ана қатынасының жаңа форматын қалыптастырамыз. Құндылықтарға негізделген білім беруді іске асыру, дебаттық қозғалыстарды дамыту, театрға баулу, Жас қыран, Жас ұлан қозғалыстарын ары қарай дамыту барлық білім беру деңгейлерінде жүргізіледі деп ойлаймыз», – деді 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырған министр.
Оның атап өтуінше, оқушылар мен студенттердің спорттық лигаларын құру жоспарланған. Бүгінде бұл көрсеткіш небәрі 30 пайызды ғана құрайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс одан ары белсенді жүргізілмек.
«Ал орта білім бойынша Жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес оқулықтарды әзірлеу, сараптау, басып шығарудың жаңа жүйесін енгіземіз. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуді аяқтаймыз. Кезеңдеп 12-жылдық білімге ауысу, критериалды бағалау және оқу бағдарламаларын жетілдіруді қарастырып отырмыз. Инклюзивті білім беру 55 пайыздан артық өсіп, балалардың сапалы білім алуына барлық деңгейде жағдай жасалатын болады», – деді Асхат Аймағамбетов.