«Біз 2020-2025 жылдарға арналған білім саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Оның негізгі міндеті – білім сапасын арттыру. Осы уақытта біз 3 жас пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықты азайтамыз. Апаттық жағдайдағы 121 мектеп пен үш ауысымдағы 37 мектептің бәрін жоямыз. Оған қосымша елдімекендерге интернаттар саламыз. 200-ден астам мектепте спорзалдар пайда болады», – деді Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, жоғарғы білім саласына бөлінетін қаржы 2 есе, ғылымға берілетін қаржы 7 есе өседі.
«Кейінгі кезде Үкіметке ЖОО-лардың сапасының нашарлығы бойынша сын айтылып жүр. Білім орындарының көбі жекеменшік. Былтыр жыл соңында Үкіметтің комиссиясы құрылды. Жақында ғана отырысын өткіздік. Қазір 7 жоғары оқу орнын біріктіру жөнінде тапсырма берілді. Әрине, сонымен бірге біз үшін ең үлкен сұрақ – балалардың, мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соған жағдай жасау. Ол үшін біз бірінші қыркүйекке дейін барлық мектептерді бейнебақылаумен қамтамасыз етеміз», – деді Бердібек Сапарбаев.