Home Жаңалық ҰБТ тапсыру процесін арнайы мониторинг тобы қадағалайды

ҰБТ тапсыру процесін арнайы мониторинг тобы қадағалайды

0

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ өткізу кезінде арнайы мониторинг топтарын жұмылдыру туралы бастама жасады.

Ұлттық тестілеу орталығының бастамасымен Ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығы мен объективтілігіне қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалаудың арнайы мониторингтік тобының өкілдері жұмылдырылады.

«13 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Ұлттық тестілеу орталығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және өңірлердегі арнайы мониторингтік топ өкілдерінің қатысуымен жұмыстық мәжіліс өткізілді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, 2020 жылы 16-20 қаңтар аралығында 99 пунктінің базасында ҰБТ өтеді» делінген хабарламада.

Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз). Бұл ретте оқуға түсушілер білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, ҰБТ-ны тапсыру форматы өзгеріссіз. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.

ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2019 жылы 1-15 желтоқсан аралығында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ҰБТ – ға қатысуға 95 мыңнан аса адам өтініш берді.

Осы ҰБТ-ға орта мектептердің 11 (12) сынып оқушылары, бірінші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түрде қабылдау) ЖОО-ға қабылданған тұлғалар, сондай-ақ шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобында оқитын және басқасына ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады.

Өңірлерге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жіберілетін, апелляциялық комиссиялар құрылатын, медициналық көмек көрсету пункттері ұйымдастырылатын және тестілеу барысында қауіпсіздік қамтамасыз етілетін болады. Бұдан басқа қажет болған жағдайда, жеке көмекшілер, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сурдоаудармашылар ұсынылатын болады.

ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 594 адамнан тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссияның құрамына облыстар немесе республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді.

ҰБТ-да 820 аудитория пайдаланылады. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының жұмысын басатын құралдар және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version