Home Ұрпақ тәрбиесі Ұрпақ тәрбиесіне жанымыз ашыса

Ұрпақ тәрбиесіне жанымыз ашыса

0

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы екенін жиі айтамыз. Мен – бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, ертеңгі ұлт болашағын қалыптастырумен балабақшада айналысып отырған маманмын. Жақында жүз жылдық мерейтойын атап өткен бас басылым бетінде былтыр шыққан «Жасына жетпей қартайған балдырғандар» атты мақаладағы мәселе мені соңғы уақытта жиі мазалап жүр. Өйткені дәл осы проблема балалармен жұмыс істеу барысында күн сайын алдымнан шығады.

Музыка адам жанын эстети­калық, рухани жағынан тәрбие­лейді. Осы үшін де біз балалардың балабақшадан бастап музыкалық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін ән-күй сабағын өткіземіз. Қаншама жылғы педагогикалық еңбек өтілімде мектепке дейінгі балалармен көп жұмыс істедім. Сонда қазіргі балдырғандар шынымен де жасына жетпей «қартайғанды» жақсы көреді. Ал оларға өз жасына, болмысына сай әндерді қызықтырып айтқызу – үлкен жұмыс, зор еңбек. Себебі алдымен балаларды оған көндіру керек, қызықпаса көнбейтін кіш­кентайлардың әндерді ұнатуы үшін біраз тер төгуге тура келеді.

Бізде балалар композиторлары аз да болсын бар, олар жақсы жұмыс істеп жүр. Десе де сол майталман мамандардың еңбектерін әрі қарай таратуға, көрерменге, тың­дарманға жетуіне, біз секіл­ді музыка мұғалімдерінің қол­да­нуына жеткілікті жағдай жа­­сал­май тұр. Осы тұста Ком­позиторлар одағы, болмаса ұр­пақ тәрбиесіне жаны ашыған бір ведомство сол әндердің басын біріктіріп, текст, нотасымен бір жерге жинақ­таса жөн еді. Мәсе­лен, отан­дық көп­теген саз­гер­лер­дің шығар­ма­ларын тәжіри­беде қол­данғымыз келеді, алайда басым бөлігі балалар­ды тарт­пайды. Көп өңдеуге тура келеді. Уақыт жо­ғалт­пау үшін әрі бала­лардың да қа­лауын ескеріп ресей­лік сайт­тар­ды ақтарамыз. Шіркін-ай, небір көңілді әндердің сөзі де, но­тасы да, тіпті минусовкасы да да­йын ғой! Аласыз да пайдалана бересіз. Орысша сайт­тардағы сол әдемі әндерді бала­ларға қазақ­ша айтқызу үшін ана тілі­мізге тәржімелейміз. Аударма­шыға айналғанымыздан бұрын бал­дыр­ғандарды аударма тілмен тәр­биелеп жүргеніміз жанға батады.

Жалпы, балалар еліктегіш келеді. Телеарналардағы түрлі музыкалық кештерде ән салатын өнер иелеріне қарап бой түзейді. Ал біздің ересек әншілер түгілі балалар байқауларында жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрген жеңімпаздардың өзі ғашықтық, өмір, сезім туралы ән айтады. Оларға біздің балалар еліктейді. Өзіміздің сазгерлер шығарған әндерді сахнада жүрген үлкен-кіші жұлдыздарымыз айтып, көпшілік­ке жеткізе берсе, құлақта қалып, санаға сіңе­ді ғой. Соның нәтижесін­де балабақ­шадағы, мектептегі балалардың да қызығушылығы оянып, руха­нияттағы отандық өнімдер қолданысқа кеңінен енер еді. Қазақ «Бала тілі – бал» дейді. Бірақ бүгінгідей мән-мағынасыз әндер осы сөздің де қадірін қашы­рып бара жатқандай…

 

Зейнет АБСАТТАРОВА,

музыка пәнінің мұғалім

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version