– Ассалаумағалейкум, рахмет!
– Осыған дейін қанша мәрте пән олимпиадаларына қатыстың? Қандай жетістіктерге жеттің?
– Осыған дейін көптеген олимпиадаларға қатыстым. Оның ішінде республикалық пән олимпиадасына екі мәрте қатысып екі рет қола медал жеңіп алдым. Ал, өткен жазда Ресейің Тумен қаласында өткен халықаралық пән олимпиадасына қатысып, сертификат алдым. Алда мектеп бітіруге таяу тұрмыз, болашақ мамандықтарға дайындалып жатырмын. Олимпиаданың маған жетістігінен гөрі сол жетістікке жету үшін жинаған тәжірибелерім мен білімім болашағыма үлкен пайда әкеледі деп үміттенем. Себебі, олимпиада арқасында тек мектеп деңгейіндегі емес, университет деңгейіндегі біраз мазмұнды қарастырдым. Бұл, алдағы болашағыма үлкен азық деп есептеймін.
– Ресейдегі халықаралық олимпиада мен біздің республикалық олимпиадалардағы сен байқаған айырмашылық не болды?
– Жалпы олимпиадалық сарын, жүйе бірдей, бірақ, Ресейдің олимпиадасында авторлық есептер мен сұрақтар өте көп кездесті. Ал, бізде көбінде стандартты олимпиада есептері. Ал, авторлық есептер мен қарапайым олимпиадалық есептердің айырмашылығы авторлық есептердің деңгейі ауыр, әрі баланың қарым-қабілетін жан-жақты тексеруге бағытталады. Ал, стандартты есептер бұрыннан жүйесі қалыптасқан, ол біз дайындық барысында шығаратын есептермен жүйелес.
– Олимпиадаға қандай материалдармен дайындалдың? Дайындықта көңіл бөлетін басты мәселе не?
– Мен көбінде Ресей, Польша секілді мемлекеттердің олимпиадалық есептері және сол мемлекеттердің жоғары оқу орындарына дайындық материалдарымен дайындалдым. Бұл жерде жетекшім Нұрбай Нұрсапаұлының еңбегі өте зор, мені осы бағытқа жетектеген, әр қадамыма бағыт-бағдар беріп келген ағайымның арқасында осы аз да болса ғылым бағытына қадам басып келем.
– Сіз қазір мектептің соңғы жылындасыз, алдыңызда Ұлттық бірыңғай тест күтіп тұр дайындығыңыз қалай? Болашаққа не жоспар?
– Иә, дайындық жаман емес, олимпиаданың арқасында логикамды жақсы дамыттым, жақсы базалық білім мен ізденіс жолым қалыптасты. Жақында Назарбаев Университетіне химия пәнінен тест тапсырдым, ол ешқандай қиындық тудырмады. Себебі, олимпиадалық дайындық кезінде ондағы тақырыптардың барлығы өтілген, үйренген мазмұндар. Ал, Ұлттық бірыңғай тестті мен тапсырмаймын, себебі, халықаралық олимпиадаға қатысуыма байланысты босатылғанмын. Ал, қатыссам тек алтын белгі қорғау үшін қатысатын шығармын. Бірақ, менің арманым Назарбаев университеті, оған Ұлттық бірыңғай тесттің нәтижесі әсер етпейтіндіктен одан алаңдап тұрғамын жоқ.
– Болашақта алға қандай мақсат тұтып отырсыз? Алдағы оқу жоспарыңыз қандай университетпен байланысты болмақ?
– Алдағы мақсатым – Назарбаев университетіне түсіп «химиялық инженерия» мамандығы бойынша білім алу. Ал, бұл мамандықты таңдаудағы себебім, Қазақстандағы болашақта қазақстандық өнімдерді шығаруға өз үлесімді қосқым келеді. Егер Назарбаев университетіне түсе алмасам, онда Ресейдегі немесе басқа да алыс-жақын шетелдегі университеттерге бағымды сынап көремін.
– Қазақстандағы басқа университеттерге бару ниетің жоқ па?
– Жоқ, көңілімнен шыға бермейді. Болашақ армандарым орындалмай қалатын секілді көрінеді маған. Себебі, ондағы жұрт уақытын бос өткізетін секілді көрінеді маған.
– Неге?
– Себебі, халықаралық олимпиаданың жүлдесін алған бірде-бір оқушы Қазақстандық университеттен оқымайды, тек Назарбаев университетінен басқа. Оның үстіне Қазақстандағы университеттердің зертханалық базасы өте әлсіз жабдықталған, жоқтың қасы. Ал, химия практиканы негіз еткен ғылым, зертханасыз елестете алмаймын.
– Мамандық таңдауды, университет таңдауды кімдермен баса ақылдасасыз?
– Бірінші ата-анаммен әрине, бірақ, көбінде Қазақстанның дүниежүзілік олимпиадасынан екі мәрте алтын алған Әшім Қайрат және Аманжолов Әзіммен көп әңгімелесіп кеңесін тыңдап тұрамын. Ол екеуі де шетелде оқиды. Көп мәліметті солардан аламын. Ұстазым Нұрбаймен де кеңесемін. Ал, елімізде қаншалықты химия өнеркәсібінің заводтары ашылып жатқанымен, жетістіктерін ести бермейміз, сондықтан да, болашақта осы кемшіліктерге әсер еткім келеді.
– Шетелдік оқу орындарын армандауыңа қарап, мен мынадан алаңдап отырмын: біздің мемлекет қазір шетелдегі біраз қазақ ғалымдарын Отанымызға әкеле алмай жатыр. Болашақта сендер де шетел асып кетпейсіңдер ме?
– Мен бір Америкадағы Қазақстандық ғалыммен сөйлескенімде, ол мен Қазақстанға келсем, профессор болудан ары бармаймын, яғни, ұстаздықтан басқаға жарамаймын, онда менің шарт-жағдайым жасалмаған деген еді. Сол секілді, ең алдымен, ғылыми база құрылып шынайы жұмыс істейтін завод құрылса өзімізде істегенге не жетсін. Бірақ, «ит тойған жеріне, жігіт туған жеріне» дегенді естен шығармаймын.
– Бастапқы сөзімізге қайта оралсақ, он бір жыл оқып осыншалық жетістікке жеттіңіз, өкінішіңіз бар ма?
– Өмір өкінішсіз болмайды ғой, біріншіден, олимпиадаға кеш кірісіп қалдым. Екіншіден, дарынды балаларға арналған Қазақ-түрік лицейлері немесе Зерде секілді мектептерге түссем, бұдан да жоғары биіктерді бағындырар ма едім…
– Олимпиада барысында неден қиналдыңыз?
– Мен көбінесе өз химия мұғаліміммен ғана дайындалдым, ал қосымша бұрынғы олимпиада жүлдегерлерімен дайындалуға қаражат жағынан қиналдым. Екіншіден, мектептегі зертхана олимпиадалық талапты мүлде қанағаттандырмайды. Сол жағы қатты қиын болды, сол үшін университетте дайындалу керек болды, әрі ондағылар қымбат сұрайды да, ол да мен үшін ауыр экономикалық қол байлау болды. Сол үшін пән олимпиадасынан республикалық деңгейге өткен оқушыларды университеттерде дайындық базасы құрылып, тегін дайындаса деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілеймін армандарыңызға жетіңіз. Сізді Қазақстанның мықты азаматтарының қатарынан көрейік!
Сейфуллин Бақдәулет. Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, химия пәнінен респубикалық, халықаралық олимпиадалар жеңімпазы.
Әңгімелескен Аятжан Ахметжан.
Kazbilim.kz
Кейін де халықаралық олимпиадаларда еліміздің туын асқақтуға сенемін, табыс пен сәттілік тілеймін!